Жаңалықтар

«STOP трафик»: Адам саудасына байланысты 47 қылмыс анықталды

«STOP трафик»: Адам саудасына байланысты 47 қылмыс анықталды
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 19.06.2023 14:00 909

«STOP трафик» жедел алдын алу іс-шарасы барысында адам саудасына байланысты 47 қылмыс анықталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Адам саудасы және онымен тең келетін еңбекті қанау – адам құқығын бұзатын өзекті проблема. Бұл мәселе әлем елдерінде ғана емес, Қазақстанда да алаңдаушылық тудырады. ІІМ осы бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, мәжбүрлі еңбекті анықтау үшін шаруа, фермер қожалықтары, құрылыс объектілері, жыныстық пайдалану фактілерінің жолын кесу үшін монша кешендері мен қонақ үйлер тексеріліп, интернет желісі де бақыланады, - деді ол министрліктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.

Ресми өкілдің айтуынша, ел аумағында ішкі істер органдарының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшелері өткен аптада «STOP трафик» жедел алдын алу іс-шарасын өткізді.

Операцияның 3 күнінде полицейлер адам саудасына байланысты 47 қылмысты анықтады. Оның ішінде – жұмысқа жегу мақсатында заңсыз бас бостандығынан айырудың 3 фактісі, 10 адам саудасы, оның ішінде 5-уі кәмелетке толмағандар, 7 жезөкшелікпен айналысуға тарту фактісі, оның 3-і кәмелетке толмағандарға қатысты және 27 притон ұстау мен жеңгетайлық фактілері. Жезөкшелікпен айналысуға үй-жайлар бергені және жеңгетайлық үшін 30 әкімшілік құқық бұзушылық және қоғамдық орындарда тиісу фактісі бойынша 453 құқық бұзушылық тіркелді, - деді Шұғыла Тұрлыбек.

Оның дерегінше, Алматы облысында кәмелетке толмағандарды саудалау фактісі анықталды. Облыстың 39 жастағы тұрғыны өзінің жаңа туған ұлын сатып жібергені белгілі болды. Бұл дерек 2021 жылдың желтоқсанында орын алған. Әйел баласын ерлі-зайыпты жұпқа заңсыз асырап алу мақсатында жарты миллион теңгеге сатқан.

Қарағанды облысында еңбекке еріксіз жегу фактісі анықталды. Шаруа қожалығының басшысы бірнеше жыл бойы зорлық-зомбылықпен, сондай-ақ өзіне қарыз екенін пайдаланып, 52 және 30 жастағы екі тұрғынды жұмысқа салған. Ер адамдар үй шаруашылығымен, техниканы жөндеумен және мал күтімімен айналысуға мәжбүр болған. Қашуға тырысқанда олар қожалыққа қайта қайтарылып, жазаланып отырған. Шаруа қожалығына жақын трасса 65 шақырым жерде орналасқан. Қазіргі уақытта еңбекке еріксіз жегу мақсатында заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүргізілуде. Жәбірленушілерге қажетті көмек көрсетілуде. Қостанай облысында 38 жастағы қала тұрғыны ұсталды, ол бір ай бойы алдау және бопсалау жолымен колледжде оқитын қызды жезөкшелікпен айналысуға тартып, оны жалдамалы пәтерлерде клиенттермен жолықтырып отырған. Жәбірленуші туыстарына тапсырылды. Қылмыстық кодекстің 134-ші «Кәмелетке толмағанды жезөкшелікпен айналысуға тарту» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды,- деді ресми өкіл.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға