Степногорскте 85 млн-ға жуық теңгенің тендері заңсыз өткізілген
Степногорск прокуратурасы 85 млн-ға жуық теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алуды заңсыз өткізу фактісін анықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қалалық мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімі «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның талаптарын бұза отырып, 84,8 млн теңге сомасына жылы аялдамаларды дайындау және орнату жұмыстарына ашық конкурс өткізуді көздегені анықталған. Атап айтқанда, жұмыстарды жасау жерін көрсетпеу, эскизді бекітпеу, сондай-ақ бағаны белгілейтін құжаттамалық негіздемесіз ұсыну (сметалық құжаттаманың болмауы) бұзушылықтары орын алған.
Облыстық прокуратура қадағалау актісі бойынша конкурстың күші жойылғанын атап өтті. Бюджет қаражаты басқа да әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға бағытталған. Сол арқылы бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеген. Аталған заң бұзушылық үшін лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға