Жаңалықтар

Ұстаз болу – жүректің батылдығы

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының білім саласы бойынша жеңімпазы Роза Керімбековамен сұқбат
Ұстаз болу – жүректің батылдығы
Фото: © El.kz 13.05.2021 12:03 8119

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы – Тәуелсіз еліміздің туын асқақтатар елім, жерім дейтін жастарды қолдайтын жоба. Бұл жобаға биылғы жылы еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген 3000-ға жуық үміткер өтініш берді. Олардың ішінен жеңімпаз болуға лайық деп санаған тұлғаларға цифрлану жүйесіне орай халық онлайн дауыс беру арқылы таңдады. Халықтың қолдауына ие болып, көп дауыс жинаған үміткерлер әділ қазылар сараптауынан өтті. Нағыз тың жоба жасаған, көпшілікке себі тиетін, жастарды алға жетелейтін жоба ішінен 30 үміткер суырылып алға шықты.  Солардың бірі ұстаз – Роза Керімбекова.   

 Ұстаз болу – жүректің батылдығы

– Бұл жыл – мен үшін ерекше жыл. Жақында ғана Елбасымыз   Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» ауқымды жобасының ІV маусымы кезеңінде жеңімпаз атандым. Бұл мен үшін үлкен бақыт. Әрбір тұлғаның алдына қойған мақсаты бар. Ал мақсат рухани жаңғырудың есігін ашады, – дейді Роза Керімбекова.

Оған дәлел ретінде кейіпкеріміз  жуық арада өткен еліміздегі ауқымды, тың жоба ретінде  «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасын атап өтті.

– Жобаға қатысу маған бұйырған  екен. Жасыратыны жоқ, жобаға қатысып, жеңімпаз болу маған үлкен рухани байлық, серпіліс берді. Біздің  мемлекет жастарды қалай қолдап жатқанына мен өзім куә болдым. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген талантты жастармен танысу менің бойымда ерекше сезім қалдырды, – деп әңгімесін бастады кейіпкеріміз Роза Керімбекова.

Сонымен қатар кейіпкеріміз жоба талантты жастарға қолдау көрсетіп, қабілетті жастарды елімізге таныстыру және де жақсы, үлгі істерін дәріптеуімен маңызды болғанын айта кетті.

Ұстаз болу – жүректің батылдығы

– Менің бұл жобада алған әсерімді бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Еліміздің әр саласынан түрлі жобаларды ұсынып отырған жастарды,  өзім секілді тұлғаларды көргенімде көкірегімді қуаныш кернеді,–дйді кейіпкеріміз.

Қазақстанның болашағына өз үлесін қосып, жерінің көркейуіне атсалысқан, елді алға қарай жылжытуды мақсат ететін бүгінгінің жастар екенін анық.

– Алдыңғы қатардан орын алуына күш-жігерін аямай, еңбекке кіріскен жастардың түрлі жаңа жобаларын ортаға салып, ойларымен бөлісу керемет бір ұмытылмас сәттердің бірі деп білемін, – дейді Роза Керімбекова.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «...Әр ұлттың бетке ұстар қаймағы болады. Ұлтты елге танытатын, өркендететін де нағыз сіздерсіздер!»  деп жоба жеңімпаздарына жоғары баға беруі жобаға қатысушылардың  бойындағы ұмтылысты, құлшынысты болашаққа деген сенім мен құштарлықты одан әрі қанаттандыра түсті.

– Қазақстанның көк туын желбіретер нағыз азаматтар осы жоба жеңімпаздары десем артық айтқандық емес шығар. Шымкент қаласының білім басқармасының ұсынуымен осы жобаға қатысу маған бұйырғаны үшін қуаныштымын. Мен үшін жобаның жеңімпазы болу – өте үлкен мәртебе. Бұл тек менің емес, мен білім беріп отырған қарашаңырағымның және әріптестерімнің де үлкен жеңісі деп білемін,– дейді жоба жеңімпазы.

Ұстаз болу – жүректің батылдығы

Жобадағы жеңіс Роза Аршабайқызының бәсекеге қабілетті екендігіні, өз іс-тәжірибеммен бөлісе алатындығына көз жеткізіпті. Ол білім саласындағы барлық жаңа бастамалар мен елеулі өзгерістерге құлшына кірісіп, шәкірттерін жігерлендіріп келеді.

– Менің ұстаздық еңбек жолымдағы қызметімді бағалап, маған дауыс беріп, шынайы қолдау көрсеткен  әріптестеріме, халқыма алғысымды білдіремін. Үміт артқан сенімдеріңізді ақтаймын, – деп қуанышын жеткізді жоба жеңімпазы.

Роза Аршабайқызы Түркістан облысы, Төле би ауданы, Көксәйек елді мекенінің тумасы. Отбасындағы бес баланың екіншісі.  Ата-анасы перзенттерінің өмірлерін бала оқытуға арнаған жандар. Әкесі тарих пәнінің, анасы бастауыш сынып мұғалімі. «Тәрбие басы – тал бесіктен» демекші кейіпкеріміз ата-анасын үлгі тұтып, мұғалім мамандығын таңдапты.

– Әрбір тұлғаның өз ерекшелігі мен өмірлік тарихы бар. Мен туылғаннан мүмкіндігі шектеулі балалардың қатарынан болдым. Ақ халатты абзал жандардың маған жасаған көмектері оң нәтиже бере қоймады. Бұндай қиындық тек менің басымда ғана емес. Өмірдің әрбір табалдырығы жаңа орта: мектеп, жоғарғы оқу орны, қызмет орны. Әрбір жаңа орта – мен үшін үлкен күрес. Өмір – өзен. Арнасын тауып ағысын тоқтатпайды. Менің де өзіме жазылған өмір жолым болды, – дейді жоба жеңімпазы.

Ұстаз болу – жүректің батылдығы

Ол өзінің ешкімнің аяп, мүсіркеп қарағанын ұнатпағанын айтты. Көп ізденіп, өз еңбегіммен жеке тұлға екендігін дәлелдегісі келіпті.  Оның талпынысы мен өмірге деген құштарлығы бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие ұстаз етіп шығарды. Үнемі алға жетелеп отырды.

– Өмірімде үлкен қуанышым Еркежан есімді қызым бар. Алла бұйыртса биыл жоғарғы оқу орнын аяқтап, ағылшын тілі пән мұғалімі болады. Ол да біздің ұстаздық жолымызды жалғайды, – дейді ұстаз.

Сонымен қатар Роза Аршабайқызы сұқбат барысында қазіргі таңдағы білім саласында болып жатқан өзгерістер, тұрақты дамудың жаңа стратегиялық бағыттары, қарқындылығы, қоғамның ашықтылығы, жедел ақпараттануы, білім беруге қойылатын талаптарды түбегейлі өзгеріп жатқандығын айтты. Сонымен қатар бүгінде білім беру мекемелері қызметінің деңгейін жаңа сатыға көтеруді, оның тиімді жолдарын қарастыру талап етіліп жатыр.

Ұстаз болу – жүректің батылдығы

Мектеп мәдениеттің, білім мен тәрбиенің ошағы. Ол оқушының жеке тұлға болып функционалды сауатты қалыптасуына, оның сана-сезімін жаңа деңгейге жеткізуіне мүмкіндік жасайтын үздіксіз білім беретін кешенді орта болып табылады. Осы ортаның дұрыс жолын салып беретін ұстаз.

– Мен ұстаздыққа жүктелетін жауапкершілікті шын жүрекпен сезінемін. Өйткені алдымда отырған әрбір бала үшін мен жауаптымын. Ал, шәкірт үшін ұстаздан асқан ақылды, білімді адам болмайды. Кез келген адам мұғалім мамандығын алып шығуы мүмкін, бірақ нағыз ұстаз болу үшін үлкен еңбек пен төзімділік қажет, – дейді Роза Аршабайқызы.

Роза Керімқұлова өзінің педагогикалық өтілін 1992 жылдан бастаған. Оның бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеп жүргеніне 30 жылға жуық уақыт болыпты.  Ұстаз осы жылдар ішінде қаншама балаға әліпбиді үйретіп,  білім нәрімен сусындатты.

– Әр сыныптың, тіпті әр баланың өзіндік ерекшелігі бар. Алдымыздағы әрбір бала қайталанбас бір ғажайып әлем десек болады. Сол зерттелмеген таза құпияға терең үңіліп, баланың басқаға ұқсамайтын ерекше қасиеттерін тану, оның жүрегіне, жан дүниесіне жол таба білу – біздің, ұстаздардың міндеті. Әсіресе мектеп табалдырығын енді аттаған балалар таза ақ парақ секілді. Оған не жазсаң, соны оқисың.  «Не ексең, соны орасың» дейді халық даналығы. Біздің еңбегіміздің айнасы  алдымызда отырған оқушыларымыздың білімділігі мен тәрбиелілігі арқылы байқалады,–дейді ұстаз.

Ұстаз болу – жүректің батылдығы

Ұстаз үшін күнделікті мектепке қуанышпен, шат күлкімен келген бақытты бүлдіршіндердің  жүзін, олардың білуге, жауап беруге құлшыныстарын көру, асығып жарыса қол көтерулеріне куә болу – мен үшін үлкен ғанибет.

– Балаларға сенім артып, әрбір жетістігін бағалап отырсаң өздеріне деген сенімділігі арта түседі. Бала ұстаздың бойындағы сүйіспеншілік пен шынайылықты тез сезеді. Ол өзінің сенімді ақылшысының айтқанын бұлжытпай орындайды. Тіпті сенің айтқандарыңды қайталап, саған ұқсағысы келеді. Мүмкін ұстаз бақыты деген осы болар, – дейді «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы.

Нағыз ұстаз – баланы жеке тұлға етіп қалыптастырушы, тәлім-тәрбие, өнеге үлгісі, бала қиялын самғатып, арманын көкке шарықтатушы тұлға. Ұстаз шәкірттеріне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығатын, яғни бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыруы қажет. Сондықтан да ол шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңа формацияның жаңашыл ұстазы болуы шарт.

Роза Аршабайқызы білім беретін Шымкент қаласындағы М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназия  –  қаладағы дарынды балаларды үш тілде оқытатын бірден-бір заманауи білім мекемесі болып табылады. «Білім негізі – бастауышта», – демекші, осы қызығы мен өзіндік қиындығы мол жылдардағы ұстаздық жолында аталған гимназияда қаншама баланың сауатын ашты. 2004-2010 жылдар аралығында «Бастауыш сынып әдістемелік бірлестігінің» жетекшісі болған ұстаз бүгінде сол бірлестіктің менторы.

– Әріптестеріме қолымнан келгенше әдістемелік көмегімді  беріп, үйретуден жалықпаймын. Өзім де әрдайым ізденіс үстінде шығармашылығымды дамытып отырамын. Мектебіміз республикаға танымал, алдыңғы қатардағы мектептердің бірі болғандықтан тірек мектеп ретінде жалпы білім беретін оқу ордасының мұғалімдерімен ортақ семинар, жаңашылдық іс-шаралармен әрдайым жетекшілік жұмыстар жүргізіп, әдістемелер алмасып отырамын, – дейді Роза Керімбекова.

Ұстаз болу – жүректің батылдығы

Білікті ұстаз РНПЦ «Дарын» орталығынан  «Оқушыларды ғылыми зерттеу жұмыстарына  дайындағаны үшін», облыстық білім беру басқармасынан «Зерде»  республикалық  ғылыми жобалар конкурсының жеңімпаздарын дайындағаны үшін Алғыс хаттармен марапатталған. Сонымен қатар КИО  республикалық қашықтық олимпиадасынан шәкірттері аудандық, облыстық  республикалық жүлделі орындарға ие болған. Сонымен қатар  қалалық «Алтын қыран» олимпиадасынан, қалалық математикалық «Самұрық» сайысынан алғыс хаттар алған.

Креативті ойларымды дамытып, шығармашылық жұмыстармен айналысу барысында  халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық басылымдарда көптеген мақалалары жарық көрген.

Роза Аршабаева халықаралық «NAUKA I  INNOWACJA»  ғылыми конференциясына қатысқан. Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналған  «Әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидің  ғылыми-әдеби әлемі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда мақаласы жарық көрген. Республикалық ғылыми-әдістемелік  педагогикалық «Қазақ білімі», «Тағылым»  журналдарында мақалалары жарияланып, І дәрежелі дипломмен марапатталған.

– «Ұстаздың еңбегінің жемісі, ол шәкіртінің жеңісі» демекші мұғалімнің бүкіл мақтанышы – шәкірттерінде. Менің шәкірттерім білім деңгейін шыңдау мақсатында қалалық «Алтын ұрпақ», «Алтын қыран», «Зерде» республикалық ғылыми жобалар конкурсының, математикалық  «Самұрық», халықаралық «ПОНИ» интеллектуалдық сайыстарға, тағы басқа түрлі пәндік олимпиадаларға, байқауларға қатысып, бас жүлделерді еншілеп келеді, – дейді ұстаз.

Роза Аршабайқызы әр оқушысына өзі үлгі болып, олардың бойындағы табиғи дарынды ашуға, болашақтарына жол сілтеуге, жеке тұлға болып қалыптасуларына бар күшін салып,  аянбай еңбек етіп келеді. Оның барлығы абырой, қажырлы еңбек пен көп уақыт бөлуді талап ететіні анық.

 – Еңбегім еш кеткен емес. Шәкірттерім әрдайым жүлделі орындарды иеленіп, еңбекке деген құлшынысым арта түсуде. Бұған дәлел – облыстық, қалалық білім басқармасының және мектеп әкімшілігінің марапаттаулары. Ал нағыз марапат мен үшін оқушы-шәкірттерімнің алған білімімен олардың жүзіндегі қуанышы деп білемін, – дейді ұстаз.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы Роза Аршабайқызының білім беру саласындағы одан әрі үздіксіз қарқынды қызмет етуіне жаңаша қанат бітірді. Ол «Жетістікке жеттім» деп өзін тежемей еліміздің білім беру саласындағы әрбір жаңаша бастамалардың жүзеге асырылуына үлес қосатындығын айта кетті.

– Барлық озық технологияның тіліне айналған латын әліпбиіне көшу – еліміз үшін үлкен рухани құбылыс болмақ. Латын әліппесін мектеп табалдырығын аттаған жеткіншектерге үйретіп, осы бағытта тиянақты іс-шаралардың ұйытқысы болуды алдыма мақсат етіп қойып отырмын. Мен шәкірттерімнің болашағына үлкен сеніммен қараймын. Халық даналығында «Бұлағы бар өзен ұзақ ағады...» деген сөздің мәні тереңде жатқанын өмірлік тәжірибеме негіз етіп келемін. Шәкірттерім мені күтіп тұрғанда ағыстың да ешқашан тоқтамасына кәміл сенемін, – деп әңгімесін аяқтады кейіпкеріміз.

Біз де өз кезегімізде алғыс арқалаған  ұлағатты ұстаздың мәртебесінің биік болуын тілейміз. Білім саласын дамытып жүрген барша ұстаздар қауымына мың алғыс.

(Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға