Астана әкімдігінің баспасөз қызметі

Сталкинг - қылмыс: заңнамадағы жаңа бап нені өзгертеді

28.02.2026 09:05

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында 2025 жылдың 16 шілдеде Мемлекет басшысы Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойғаны белгілі. Соның негізінде Қылмыстық кодекске жаңа 115-1-бап – «Сталкинг» енгізіліп, алғаш рет адамды заңсыз қудалау үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленді. Бұл азаматтардың жеке өмірі мен қауіпсіздігін қорғауды күшейтуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр. 

Астана қалалық полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция полковнигі Марат Өмірбаев пен аталған басқарманың отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Алмагүл Исмағұлова жаңа норманың құқықтық мазмұны мен оны қолдану тәжірибесі жөнінде түсіндіріп берді. 

Қылмыстық кодекстің 115-1-бабына сәйкес, сталкинг – жәбірленушінің еркінен тыс, тікелей зорлық-зомбылықсыз жүзеге асқанымен, елеулі зиян келтіруге әкеп соғатын заңсыз қудалау. Яғни, бұл – байланыс орнатуға бағытталған мазасыз әрекеттер немесе аңду. Мұндай әрекеттерге жүйелі түрде қоңырау шалу мен хабарлама жіберу, аңду, бақылау жасау, жеке мәліметтерді тарату, жәбірленушіде қорқыныш пен мазасыздық тудыратын өзге де қысым түрлері жатады.

Заң шығарушы осылайша физикалық күш қолданылмаса да, адамның психологиялық жай-күйіне және жеке қауіпсіздігіне нақты зиян келтіретін әрекеттерді құқықтық тұрғыда айқындап берді. Енді сталкинг жасаған тұлғаға 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.

Егер қудалау зорлық-зомбылықпен, қорқытумен, бопсалаумен, жеке өмірге қатысты мәліметтерді заңсыз жинаумен немесе таратумен ұштасса, іс-әрекет Қылмыстық кодекстің өзге баптары бойынша қосымша сараланады. Қылмыстық жауаптылық жәбірленушіге нақты зиян келтірілген жағдайда туындайды. Мұндай зиянға жеке өмірге қол сұғу, жүріп-тұру еркіндігін шектеу, психологиялық зардап келтіру немесе жеке қауіпсіздігі үшін негізді қорқыныш тудыру жатады.

Осы жылдың басынан бері сталкинг бойынша 19 дерек тіркелген, оның 6 отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында. Қаралған істердің бірі бойынша сот 80 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындады. Аталған санаттағы істер бойынша құқық қолдану практикасы құқық қорғау органдарының ерекше бақылауында. Түскен материалдарды талдау жанжалдардың ушығу қаупін уақтылы анықтап, ауыр зардаптардың алдын алуға мүмкіндік береді, – дейді елорданың ПД өкілдері.

Профилактикалық бағыттағы жұмыстар да күшейтілген. Прокуратура, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, білім беру мекемелерінде дәрістер, еңбек ұжымдарында кездесулер өткізілуде. Қоғамдық орындар мен сауда-ойын-сауық орталықтарында ақпараттық материалдар таратылып, азаматтарға заңнама нормалары мен қудалау жағдайында әрекет ету алгоритмдері түсіндірілуде.

Мамандар мазасыз қудалауға тап болған азаматтарға ең алдымен қудалаушымен байланысқа түспеуді, барлық дәлелдерді (хабарламалар, скриншоттар, қоңырау жазбалары) сақтауды, әлеуметтік желілердегі жеке ақпараттың қолжетімділігін шектеуді ұсынады. Сондай-ақ жақындары мен әріптестеріне жағдайды хабарлап, қауіп төнген жағдайда дереу ішкі істер органдарына жүгіну қажет.

Құқық қорғау органдарының айтуынша, уақтылы жүгіну құқыққа қарсы әрекеттердің бастапқы кезеңінде жолын кесуге және азаматтарға тиісті құқықтық қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жаңа бап қоғамда қудалау мен психологиялық қысымға мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға бағытталған.