СҚО-дағы спорт мектебінде болған буллинг: министрлік мәлімдеме жасады
Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Солтүстік Қазақстан облысындағы Олимпиадалық резерв мектебінде болған дауға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Екі күн бұрын астаналық тұрғын Маржан Тәжімұратова әлеуметтік желіде ұлының Петропавл қаласындағы Солтүстік Қазақстан облыстық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледжінде ауыр буллингке ұшырағанын жазған.
Спортты сүйетін, төрт жасынан бері айналысып келе жатқан балам осы оқу орны түсу арқылы үлкен жоспар құрған еді. Бірақ соңғы аптада мінез-құлқындағы өзгерістерді байқадым. Бұрын отбасы мүшелерімен жиі видеоқоңырау арқылы сөйлесетін, кенет тоқтатты. Үйге қайтқысы келетінін жиі айта бастады. Сол кезде біз оның қатты буллингке тап болғанын білдік, – деді ол Threads-тегі жазбасында.
Анасының айтуынша, жоғары сынып оқушылары кішкентац балаларды ұрып-соғып, мазақтап, тамағын тартып алып, азық-түлікке қосымша ақша жинап отырған. Тіпті жазамен қорқытып, қудалаған.
Көп басшы орындарынан кететіні анық! Ең бастысы, кем дегенде бір баланы психологиялық әрі физикалық қысымнан аман алып қалсам деймін! – деп жазды Маржан Тәжімұратова.
19 қыркүйек күні Балалардың құқықтарын қорғау комитеті осы жағдайға ресми түрде жауап берді.
Комитеттің баспасөз қызметінің хабарлауынша:
Оқиға орнына комитет төрағасының тапсырмасымен Психологиялық қолдау орталығының мамандары мен өңірлік балалар құқығы жөніндегі уәкіл жіберілді. Олар жәбір көрген бала мен оның отбасына көмек көрсетіп, жағдайды жан-жақты зерттейді. Сонымен қатар Туризм және спорт министрлігіне өз құзыреті аясында шара қабылдау үшін хат жолданды. Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне бақылау орнату, ал өңірлік уәкілге тұрақты мониторинг жүргізу тапсырылды.
Ведомство балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау – білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басты басымдығы екенін атап өтті.
Бұған дейінгі тексерістерде де спорт мектептерінде қауіпсіздікке қатысты бірқатар заңбұзушылық анықталған. Бұл деректер бойынша жауапты мемлекеттік органдарға шара қолдану үшін материалдар жіберілген.
Комитет мәлімдеуінше, мәселені жүйелі шешу мақсатында биылғы оқу жылынан бастап «ДосболLIKE» атты антибуллинг бағдарламасы енгізілді. Бағдарлама білім беру ұйымдарында, соның ішінде спорт мектептерінде қауіпсіз әрі құрметке негізделген орта қалыптастыруға бағытталған.

