Жаңалықтар

СҚО-да су тасқынынан зардап шеккен 47 отбасына баспана кілті табысталды

СҚО-да су тасқынынан зардап шеккен 47 отбасына баспана кілті табысталды
Фото: t.me/KZgovernment 20.06.2024 22:04 660

ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша вице-премьер Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынынан кейін қалпына келтіру жұмыстарын тексерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қанат Бозымбаев Қызылжар ауданында, сондай-ақ Петропавлдағы Подгора және Кожевный шағын аудандарында болды.

Жергілікті тұрғындармен және кәсіпкерлермен кездесу барысында вице-премьер әкімдікке бірқатар тапсырма берді. Соның ішінде зардап шеккен бизнеске айдың соңына дейін өтемақы төлеу және үй мәселелері бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу. 

Солтүстік Қазақстан облысы әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың айтуынша, Қызылжар ауданында 1099 үй жөнделуде, 53 тұрғын үй сатып алынды. Петропавлда екінші деңгейлі нарықта 302 пәтер сатып алынды, 549 отбасыға тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге өтемақы төленді.

Сондай-ақ Петропавл маңында ауқымды құрылыс салынды. Мұнда бірнеше айдың ішінде жаңа шағын аудан бой көтерді. Оған «Бірлік» атауы берілді. 100 га құрылыс алаңында 1,5 мың адам жұмыс істейді. Шағын ауданда барлығы 700 типтік үй болмақ. Оның 600  Kaspi, Kazakhmys және Kaz Minerals Management компанияларының қаражатына салынуда. 

Берілетін үйлер дайын күйде жергілікті «ЗИКСТО» зауытының демеушілігімен  қажетті  жиһаздар мен техникамен қамтамасыз етілмек. 

«Бірлік» шағын ауданындағы 100 үй пайдалануға берілді. Вице-премьер олардың сапасын тексерді. Екі апта бұрын 53 отбасы қоныстанды. Бүгін шағын ауданда тағы да қоныс тойы атап өтілді. Тағы 47 отбасы жақында шағын ауданның жаңа тұрғындары болмақ.  Қанат Бозымбаев жаңа үй иелерін  құттықтады. Ол бұл 100 үй «Қазақстан халқына» қорына өз қаражатын аударған қазақстандықтардың есебінен салынғанын атап өтті. 

«Бірлік» шағын ауданынан пәтер алуға тағы 500-ге жуық отбасы өтінім берді. Жаңа шағын аудандағы тұрғындардың саны шамамен 3 мың адам болмақ. Бұл ауданда үйлермен бірге қажетті әлеуметтік нысандар, балабақша және мектеп салынуда. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға