ТЖМ баспасөз қызметі

СҚО-да су ортасында қалған екі жас балықшы құтқарылды

Солтүстік Қазақстан облысында екі жас балықшы құтқарылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Бүгін 12-13 жас аралығындағы үш бала Солтүстік Қазақстан облысы Мамлютский ауданының Покровка ауылынан Ахиповка көліне балық аулауға аттанған. Алайда қатты жел олардың қайығын аударып жібергенде, жағада тұрған балалардың бірі 112 нөмірі арқылы құтқарушыларды шақыртты.

Өтініш беруші қатты қобалжып, ұзақ уақыт бойы өзінің нақты орналасқан жерін атай алмай тұрды. Бұл аймақта көлдер көп болғандықтан, жедел кезекші баланы тыныштандырып, жергілікті құтқарушыларды дұрыс бағыттау үшін баланың не көріп тұрғаны туралы ұқыптап сұрастырған. 

Шақырту орнына келген ТЖМ қызметкерлері полиция қызметкерімен бірге балаларды жағаға аман-есен жеткізіп, жедел медициналық жәрдем бригадасына табыстады, - деп жазылған ТЖМ хабарламасында.

Суда қайықты ұстап тұрған зардап шеккендер қатты тоңып қалғаны белгілі болды.