Polisia.kz

СҚО-да орманда адасып кеткен зейнеткер табылды

СҚО-да полицейлер орманда жоғалған зейнеткерді іздеп тапты, — деп хабарлайды Polisia.kz-ке сілтеме жасап El.kz интернет порталы.

Жамбыл ауданының учаскелік инспекторы Бекзат Қайсаев профилактикалық іс-шара кезінде Троицкое ауылының зейнеткерінен оның жұбайы саңырауқұлақ теріп жүріп, орманда адасып кеткені туралы қоңырау қабылдаған.

Іздеу жұмыстары шамамен үш сағатқа созылды. Нәтижесінде ауылдан 10 шақырым жерден зейнеткер әйел табылды. Ауыл тұрғыны бала кезінен жер жағдайын жақсы білетінін, алайда бұл жолы бағдарынан жаңылып, кешке дейін орман ішінде жүргенін айтқан. 

Полицейлер азаматтарға табиғат аясына шыққанда барынша сақ болуды, бөлінбей бірге жүруді, алдын ала бағдар белгілеуді және өзімен әрдайым телефон алып жүруді қатаң ұсынады.