СҚО-да 81 жастағы ата үйленіп, 82 жастағы әже ұзатылды
Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 845 жұп шаңырақ көтерген. Оның ішінде жасы 80-нен асқан қарттардың некесі көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
СҚО әділет департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл некесін тіркеткендердің ең егде жастағысы – 82-дегі әжей. Сондай-ақ үйленгендер арасында 81 жастағы қария да бар.
Сонымен қоса, биыл шаңырақ көтерген сегіз жұптың жасы неке жасынан, яғни, 18-ден төмен болған. Бойжеткеннің жүкті болуына байланысты олардың некесі тіркелген. Бұдан бөлек, биыл 228 жұп ажырасып кеткен.
Биыл ажырасып жатқан ерлердің орташа жасы 41 болса, әйелдерде – 38. Былтыр ажырасқан ер адамдардың орташа жасы 33, келіншектерде 32 болды. Ал үйленгендердің орташа жасына келетін болсақ, ер адамдарда 34, әйелдерде 32 жас. Бүгінде жастар шаңырақ көтеруге асықпайтын болған. Мәселен, осыдан 10 жыл бұрын жігіттер 29-да үйленсе, қыздар 27 жасында тұрмыс құрған", - дейді СҚО әділет департаментінің бас маманы Эмилия Зуевич.
Эмилия Зуевичтің айтуынша, ажырасуға әр түрлі жағдайдар себеп. Негізінен мінездің жараспауы, спирттік ішімдіктерге бейім болу, ерлі-зайыптылардың опасыздығы.
Ал жастар арасында ажырасуға әкелген ерекше себеп – әйелі күйеуін "Альфонс" деп көрсеткен, - дейді ол.