Жаңалықтар

СҚО-да 38 емхана салынып жатыр

СҚО-да 38 емхана салынып жатыр
Фото: ҚР ДСМ 11.08.2024 02:14 456

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі медициналық ұйымдардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ДСМ мәліметінше, ведомство басшысы және облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов  80 төсектік стационарды, 10 дәрігерлік амбулаторияны, 8 фельдшерлік-акушерлік пунктті және 40 медициналық пунктті қамтитын Қызылжар аудандық ауруханасына барды. Аудандық аурухана аумағында  ауысымда 250 келушіге арналған жаңа емхана салу жоспарына ерекше назар аударылды. Ауданда барлығы 48 мың тұрғынға түрлі көмек түрлерін ұсынатын 59 медициналық ұйым жұмыс істейді.

Сапар барысында министр дәрігерлермен медициналық кадрлар, әлеуметтік қолдау және ауылдық денсаулық сақтау нысандарын жарақтандыру мәселелерін талқылады. Ведомство басшысы медициналық көмектің сапасын арттырудың және халықпен профилактикалық жұмыстың маңыздылығын, сондай-ақ ауылдық медициналық ұйымдардың инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық базасын жақсарту қажеттігін атап өтті. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірдің ауылдық елді мекендерінде 38 МСАК нысаны, оның ішінде 22 медициналық және 16 фельдшерлік-акушерлік пункт салынуда, - делінген мәліметте.

Жұмыс сапары барысында министр облыс тұрғындарымен, жергілікті белсенділермен және депутаттармен кездесті. Халық айтқан негізгі мәселелер дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, ауруханаға жатқызуға және медициналық көмек алуға қатысты болды.

Азаматтардың жеке қабылдауында министр әрбір өтініш бойынша түсініктеме берді, жекелеген мәселелерді жеке бақылауға алып, олардың шешімін Министрліктің тиісті бөлімшелеріне тапсырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға