СҚО әкімдігі

СҚО әкімі су тасқынымен күрескен құтқарушыларға алғыс айтты

02.05.2025 21:11

Солтүстік Қазақстан облысында басқа өңірлерден келіп, су тасқынымен күресу шараларына қатысқан ТЖМ бөлімшелерін ерекше алғыспен шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл рәсімге ТЖМ басшысы Шыңғыс Әрінов, СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов,  құқық қорғау органдарының, әскери құрылымдардың басшылары мен жұртшылық қатысты.

Құтқарушылар күрделі су тасқыны кезеңінде көмекке келіп, өңіріміз үшін сенімді тірек болды. Олар тәулік бойы, тізеден мұздай суда тұрып, дауыл мен суыққа қарамастан, бөгеттерді бекітіп, ауылдар мен адамдарды сақтап қалды. Солтүстікқазақстандықтардың атынан әрбір құтқарушыға ризашылығымды білдіремін,- деп атап өтті аймақ басшысы.

Сондай-ақ  өңір басшысы төтеншеліктердің ата-аналары бен отбасыларына шын жүректен алғыс айтты. Олардың тәрбиесі арқасында елімізде осындай батыл, рухы мықты, нағыз қорғаушылар өсіп шықты. Облыс әкімі кәсібилік, төзімділік пен адамгершіліктері үшін рақмет айтып, ақ жол тіледі.