«Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК директорына қатысты тергеу аяқталды
Мемлекет басшысының заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жемқорлықтың жолын кесу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК директоры мен оның орынбасарына қатысты тергеуді аяқтады.
Олар кәсіпкерлік субъектілерімен бірлесіп, спорт жабдықтарын сатып алуға, сондай-ақ туроператорлармен жоғары құны бойынша шарттар жасасу арқылы 584 млн теңге мөлшерінде бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктелуде.
Сонымен қатар, кәсіпорын директоры жеке компанияның директоры бола тұра, 2021 жылы Батыс Қазақстан облысында футбол мен допты хоккейді дамытуға бөлінген 161,9 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын жымқырған.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.