Жаңалықтар

Спорттың көлеңкелі тұсы. Келісілген ойындар.

Біздің спорт не дейді?
Спорттың көлеңкелі тұсы. Келісілген ойындар.
26.12.2016 17:35 7104

Спорт – бизнес

Күніне яндекстен шамамен тоқсаннан астам адам келісілген ойындарға іздеу салады екен. Кейде өзіміз де спорттық сайттардан «нәтижесі алдын ала белгілі» матчтарды ұсынатын букмекерлік кеңселердің жарнамаларына куә болып жатамыз. Ал әлеуметтік желілерде ондай кездесулерді үздіксіз жариялап, қаржыңызды ойланбай құюға шақыратын топтар жетерлік. «Маған тіркелсең, түсіңе кіріп шықпаған келісілген ойындардың тізімін таратамыз» дейтін ұрандарын қайтерсіз. Оған қоса mydogovornoimatch.ru, www.dogovornyematchi.com, dogovornoimatch.ru секілді сайттар өз жұмыстарын ап-ашық жүргізіп келеді. Спорт – үлкен бизнес, бизнес жүрген жерде әрқашан ірі сомадағы ақша айналымда болады. Бұл істің басы қасында жүргендердің де айтары – осы. 2009 жылы неміс полициялары 9 мемлекетте 200-ден аса келісілген ойындарды ұйымдастырған 17 адамды құрықтаған болатын. Жалпы, өзара жоспарланған ойындар апта сайын өтіп жатқанына ешкімнің таласы жоқ. Ал, біздің спорттың мұндай көлеңкелі тұстары бар ма?

 «Келісіп пішкен тон келте болмас». Ұпай бөліскен қос ұжым

Естеріңізде болса, 2008 жылы қарағандылық «Шахтер» мен өскемендің «Восток» келісілген ойын өткізгені үшін чемпионаттан алынып тасталған еді. Үстіміздегі жылы жоғарғы лигадан «қуылған» команда тіркелмесе де, ФФК-ның экс-прзиденті Ерлан Қожағапановтың шулы жиындары, «Ақтөбе» мен «Ордабасының» күдік тудырған кездесуі қоғамда үлкен резонанс тудырды.

13 тамыз күні ілгерідегі аталған қос команда премьер-лиганың кезекті ойынын 4-4 есебімен аяқтаған еді. Драмаға толы матчта бірнеше пенальти орын алып, соңғы минуттарда көрермендер 2-3 голдың куәсі болды. Расында да, биылғы жылдың бірден-бір тартысты кездесуі екен деп қаласыз. Екі клубтың фанаттары, оған қоса бүкіл қазақстандық спорт жанкүйерлері бұл ойыннан кейін үлкен пікірталас жүргізді. «Қожағапановпен тікелей байланысатын «Ақтөбе» ФК-ның директоры мен «Ордабасының» бас жаттықтырушысы алдын-ала келісіп, ойын тағдырын шешіп қойған деп жатты. Көп ұзамай ғаламторға ілгеріде аталған екі азаматтың дауыстарына ұқсас аудиожазба жарқ ете қалды. Онда шымкенттік клубтың бас бапкері Д.Васильевтан неге ойын келісілген есеппен аяқталмағанын сұрап, доқ көрсетіп жатыр. Бірақ екеуі де араларында ондай әңгіме болмағанын айтып, өздеріне шаң жуытпады. Кейбір футбол жанкүйерлері аудиожазбаға арнайы сараптама жасатып, ондағы дауыс иелерінің осы функционерлерге тиесілі екенін растапты. Бұл тақырыпқа қатысты нақты шешім әлі шыға қоймады. Десек те, жыл соңында «Ақтөбе» футбол клубының бас директоры бюджеттен 300 млн. теңге жымқырды деген айыппен қамауға алынды. Бірақ оған жоғарыдағы іс бойынша жаза қарастырылған жоқ.

Жағымсыз пайыздық көрсеткіштер

Халықаралық кәсіпқой футболшылар кеңесі (FIFPro) 2016 жылы аяқдопшыларға қаншалықты келісілген ойын өткізуге ұсыныс түскендігін білу мақсатында сауалнама жүргізіпті. Онда ең әділ ойындар Румынияда өтетіндігі айтылады. Ал антирейтингте Қазақстан 25,3%-бен  үшінші орында тұр. Бұл дегеніміз еліміздегі әр төртінші аяқдопшыға кездесуді «сатып» бергенін өтінетін ұсыныс түседі. Бізден кейінгі төмен нәтиже Конго (31,3%) мен Грузияда (34,2%) ғана. Дегенмен де бұл тізімді жасаушылар барлық ойыншыларды қамти алмағандықтан, нақты көрсеткіш еместігін  ескертеді.

70% жуық қазақстандық футболшылар төрешілердің жұмысына разы емес және оларды келісілген ойындарға қатысы бар деп ойлайды. Бұл – кәсіби футболшылар кеңесінің премьер-лиганың бірінші айналымы аяқталған соң жүргізген сауалнама қорытындысы. Ойыншылардың 30%-ы төрешілер жұмысын нашар, 40%-ы өте нашар деп бағалаған.

Биылғы футбол маусымының 8-ші турында «Оқжетпес» өз алаңында «Ақтөбені» қабылдап, 0-1 есебімен ұтылып қалған болатын. Ойын тағдырын 11 метрлікті дәл көздеген Самат Смақовтың жалғыз добы шешкен еді. Осы ойынан кейін көкшетаулық клубтың спорттық директоры Рустам Раджабов бас төреші Виктор Антоновтың жұмысына наразылығын білдіріп, өз Instagram парақшасына «Браво, төреші Антонов! Керемет жұмыс!» деп жазып, сөз соңында бірнеше смайликтердің арасына доллардың белгісін қойып кеткен еді.

Басқа спорт түрлерінде сыбыс бар ма?

Голландық «Show Legend» спорттық интернет басылымы ВВС мен Buzzfeed сайтына жүгіне отырып, теннистегі көлеңкелі ойындарға зертту жүргізіп, «келіскен ойын өткізді» деген күдікпен 16 теннисшінің тізімін жариялапты.

Онда біздің отандасымыз Андрей Голубев те бар. Бірақ олардың нақты «қылмысқа» қатысы бар-жоғы сол күйі нақтыланбады.

(Суреттер ғаламтордан алынды).

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға