Жаңалықтар

Спорттағы жетістік үшін резерв қаншалықты маңызды

Спорттағы жетістік үшін резерв қаншалықты маңызды
Фото: Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі 06.07.2024 13:13 816

Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов республикалық спорттық мектеп-интернат-колледждердің басшыларымен қызметтік бас қосу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аталмыш мекемелер жоғары спортқа РЕЗЕРВ дайындайтын бірден-бір негізгі баспалдақ болып отыр. 

Күн тәртібінде оқушылардың мектеп табалдырығын аттағаннан бастап, келешек ел чемпиондарын қалыптастырып шығуына ұйтқы болатын  негізгі факторларды дамытудың жолдары қарастырылды. Жұмыс барысындағы олқылықтар мен келеңсіздіктердің алдын алу бойынша маңызды қадамдар айқындалып, бірқатар тапсырмалар берілді. Атап айтқанда:

  • Жаттықтырушылардың сапалық құрамына талдау жасап, біліктілігі жоғары мамандарды тарту, сондай-ақ дайындау әдістерін жетілдіру мақсатында жұмыс тобын құрып, тоқсан сайын мамандардың біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру жайлы айтылды.
  • Селекция жасақтау үшін Республика бойынша талантты спортшыларды іздеу мақсатында комиссия құрып, өңірлерден іріктеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі жеткізілді. Осы арқылы аймақтардағы дарынды балалардың үлкен спортқа келуіне жол ашылады.
  • Интернаттардағы спорт түрлерін спорттық базаларына сәйкес оңтайластыру алға қойылды. Мысалға Алматы қаласында орналасқан Қ.Ахметов атындағы ОРРММИК-те 17 спорт түрі бар. Олардың 7-нің толықтай спортпен шұғылдануына жағдай жасалған, қалған 9-ның спорттық базасы талапқа сай келмейді. Осындай мекемеге тиесілі спорттық нысанның болмауы салдарынан оқушылар қашықта орналасқан спорт кешендерінде шынығуға мәжбүр. Бұл оқушылардың сабақ пен шынығу арасында дұрыс тынығуына және қалпына келуіне кері әсерін тигізеді.
  • Қазірден бастап спортшыларға оң стимул беру үшін тәжірибесі мол ұлттық құрамалармен бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізу мүмкіндігін арттырып, спорттық медициналық көмек бойынша тиімді жұмыстар жүйесін қайта қарау керектігіне баса назар аударылды. Себебі кез-келген спорттағы жоғары нәтиже спортшы денсаулығының дұрыс қалыптасуына байланысты. Бұл әсіресе балалар спортында маңызды. Сол себепті дәрігер мамандардың біліктілігін қайта қарастырып, қажет болған жағдайда Ұлттық спорттық медицина жене оңалту орталығының мамандарын жұмылдыру керектігі айтылды.

Біздің министрлікке қарасты төрт мектеп-интернат-колледж бен бір республикалық спорт колледж бар. Бүгінде жоғары спортқа резерв дайындайтын басты баспалдақ мекемелер осылар. Келешек чемпиондар да осы жерде егжей-тегжейлі дайындалады. Демек бастапқы фундамент дұрыс қалыптасу керек. Қазір кейбір интернаттардың дайындық базалары замануи талапқа сай болмағандықтан толыққанды шынығуына қолайсыздық туғызуда. Сол себепті спорт түрлерін жүйелендіру бойынша база мүмкіндіктеріне сай шоғырландыруымыз қажет. Осындай мүмкіндік арқылы қайталанатын спорт түрлерін азайтып, сапалы спортшылар құрамын дайындайтын боламыз. Мысалы  «Шаңырақ» мектеп-интернат-колледжінде семсерлесу спорты ыңғайсыз, тар жерде дайындалып жатыр. Одан да оны базасы қалыптасқан К.Ахметов атындағы мектеп-интернат-колледжінде дамытқан жөн. Сондай-ақ, бұл спорттық мекемеде дзюдо спортынан етене дамыған орталық бар. Ал Риддерде қысқы спорт түрлерін дамытамыз. Қазір ол жерде базасы жоқ болса да жеңіл атлетика бойынша спортшылар дайындалуда. Бұл спорт түрінің дұрыс дамуына кедергі. Одан да оны ШҚО-да базасы қалыптасқан интернатқа бергеніміз жөн. Себебі О. Рыпакова атындағы спорт орталығы сияқты жағдайы жасалған кешендерде шынығады. Бұл бір ғана мысал, – деді комитет төрағасы Е.Мырзабосынов.

Бұл аталған мәселелер келешекте жоғары спорт резервін қалыптастыруда айтарлықтай рөл атқарады. Қазір Республика бойынша жалпы 19 интернат бар. Оның 5-і республикалық, қалғандары жергілікті басқармаға бағынышты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға