Жаңалықтар

Спорт министрі гимнастика бойынша Ұлттық құраманың дайындығын қайта қарауды тапсырды

Спорт министрі гимнастика бойынша Ұлттық құраманың дайындығын қайта қарауды тапсырды
Фото: gov.kz 20.12.2023 00:32 936

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев гимнастика федерациясының басшылығымен және жаттықтырушылар штабымен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жиын барысында көркем және спорттық гимнастика өкілдері биылғы жылды қорытындылап, Париж Олимпиадасына дайындық жоспарларын таныстырды.

Ханчжоуда өткен Азия ойындарында көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасы үздік нәтиже көрсетіп, сары құрлық додасы алдындағы міндеттемелерін толық орындады. Яғни жерлестеріміз 2 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды.

Ең алдымен, гимнастарға Азия ойындарында жақсы өнер көрсеткені үшін алғысымды білдіргім келеді. Федерация басшылығы Қытайдағы жарыс алдында тек бір күміс жүлде алуды жоспарлағанымен, спортшыларымыз біз күткеннен де жоғары нәтижеге қол жеткізді. Азия аламанының қорытындысы бойынша гимнастар ел қоржынына 3 медаль салды. Әрине гимнастикада төрешілердің субъективті бағалауы жиі кездесетіні бәріне мәлім. Біздің спортшылардың бұдан да жақсы нәтиже көрсетуіне мүмкіндігі болған еді. Алайда бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Сондықтан халықаралық жарыстарда жұмыс істейтін отандық төрешілердің санын арттыру бойынша жұмысты күшейту қажет, - деді Ермек Маржықпаев.

Азия ойындарында спорттық гимнастикадан еліміздің ерлер құрамасы Қытайда 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алуды жоспарлағанымен, бір қоланы ұтты. Дегенмен, ұлттық құрама өкілдері жекелей көпсайыста Олимпиада жолдамасын жеңіп алғанын айта кеткен жөн. Әйелдер құрамасы Ханчжоуда тұғырға көтеріле алмады.

Кездесу соңында министр спортшылардың, атап айтқанда спорттық гимнастика бойынша ерлер мен әйелдер құрамасының дайындық жұмыстарын қайта қарауды тапсырды. Спорттың осы түріндегі ұлттық құрама өкілдерінің соңғы жылдардағы нәтижелері спортшыларды жаңа жүйе бойынша жаттықтыруды қажет етеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға