Қандастар Ассамблея

Балалар жазда қайда демалады?


Міне, оқу жылы да аяқталып, балалар жазғы демалысқа шықты. Бұл уақытта қаладағы балалар ауылға, ауылдағылар қалаға асығады. Осындай кезде лагерьлердің де жұмысы арта түседі. Сонымен, балалар жазғы демалыс қайда өткізе алады?

    Сауықтыру лагерлерінде қанша бала демалады?

Министрліктің ақпаратына сүйенсек, биыл жазда сауықтыру лагерлерінде 500 мыңға жуық оқушы демалады. Соған сай сауықтыру лагерлері мен алаңдарының саны да былтырғымен салыстырғанда айтарлықтай артқан. Олардың ішінде 11 мыңнан аса мектеп жанындағы, қала маңындағы, шатырлы, спорттық және киіз үй лагері жұмыс істейтін болады. Бұл орындарға ең әуелі әлеуметтік осал санаттағы балалар жіберіледі. Нақтырақ айтқанда, жетім балалар, аз қамтылған, көпбалалы отбасы және толық емес отбасылардан шыққан балалар және мүмкіндігі шектеулі балалар және т.б. бар.

Айта кетейік, биыл Қызылорда облысында үш және Ақмола облысында бір лагерь қолданысқа беріледі. Бастысы – балалардың үш айлық демалысын тиімді әрі қауіпсіз ету өте маңызды.

    Әуе билетін кім тегін ала алады?

Ал Мәдениет және спорт министрлігі мен Kazakh Tourism ҰК-нің қолдауымен елімізде жаз уақытында отбасылық туризмге арналған бағдарламалар ұйымдастырылады.


Баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, елімізде жыл басынан бастап турпакет шеңберінде саяхаттайтын кәмелетке толмаған жолаушылардың (екі жастан он жеті жас аралығы) билет құнын субсидиялау бағдарламасы күшіне енген. Бұл арқылы демалысқа шыққан елдегі балалар әуе билетін тегін ала алады.

Осы бағдарламаға қатысты айта кететін маңызды тұстары да бар. Біріншіден, бұл мүмкіндікті тек ел азаматтары ғана пайдалана алады. Екіншіден, 18 жасқа толмаған балалар әуе рейсіне ересектермен бірге ғана ұшуға рұқсат беріледі. Үшіншіден, шара турпакет аясындағы сапарларға ғана пайдалана алады. Төртіншіден, турпакетті ішкі туризмде тек лицензиясы бар туроператордан ғана сатып алу қажет. Ал турпакетті сатып алу кезінде балалардың әуе билет құны алынып тасталады.

Ал төлемді қайтару үшін туроператорлар не істеу қажет?

«Туристердің демалу мерзімі аяқталғаннан кейін «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ өтінімді рәсімдеу үшін құжаттар топтамасын әзірлейді. Субсидия алуға өтінімді ресімдеу үшін Ұйымға қағаз немесе электронды түрде пошта арқылы немесе қолма қол тәсілмен қажетті құжаттар мен мәліметтерді жолдайды. Белгіленген құжаттар топтамасын толық болса, Ұйым оларды алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде қарастырады және ұсынылған құжаттар толық болған жағдайда субсидия төлеу немесе субсидия төлеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды. Қабылданған шешім туралы ақпарат Ұйымның интернет-ресурстарда жарияланады. Төлем туралы шешімнің негізінде Ұйым 45 жұмыс күні ішінде субсидия сомасын туроператордың ағымдағы шотына аударады, - делінген «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-тың баспасөз хабарламасында»

    Елордада жазда 100-ден аса іс-шара өтеді

Биыл жазда елордада балалар жылын өткізу жоспары жеті бағыт бойынша 100-ден аса іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы мәлімдеді. Атап айтсақ, жеті бағытқа келесілер кіреді: білімді бала, отбасы-қауіпсіз мекен, күні сау бала, жетімсіз ел, жайлы мекен, Bala qorgau, Bala_time.kz.

Балалар жылын өткізу бойынша қалалық жедел штаб құрылған. Оның құрамына 21 адам мен 10 спикер бекітіліпті.


«Іс-шаралар жоспарын іске асырудың негізгі бағыттары балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау, сапалы білім алу және қол жетімділік, жайлы және әмбебап қалалық ортаны кеңейту, дағдарысты жағдайларды болжау, алдын алу және әрекет ету шараларын күшейту болып табылады. Құқық бұзушылық жасаған балалар мен отбасыларды психологиялық сүйемелдеуді ұйымдастыру, өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларға психологиялық қолдауды қамтамасыз ету үшін қалалық психологиялық сүйемелдеу қызметі ашылды, - делінген Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасының баспасөз хабарламасында.

Шаһарда цифрлық шығармашылық құралдармен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын игеретін және цифрлық технологияларды қолдану бойынша халықаралық деңгейдегі сынақтар тапсыру мен сертификат алуға жол ашатын «Tanym» креативті технологиялар орталығы жұмыс істейді. Бұл жаңадан ашылған орталық бір мезетте 1000-ға жуық баланы қамти алады.

Сондай-ақ цифрлық шығармашылық құралдармен жұмыс істеудің тәжірибелік дағдыларын игеру үшін 1 маусымда әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Matatalab Coding Set» робототехникалық жиынтықты пайдала отырып, алгоритмика негіздерін зерделеу бойынша «Sana» креативті білім беру орталығы өз жұмысын бастады. Оған қоса, қалада спорттық-шығармашылық орталықтар мен бейнелеу өнері мектеп-мұражайлары ашылды.

Нұр-Сұлтанда балалар жылына орай Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» орталық концерт залында «Басты назарда – балалық шақ!» ұранымен «Шаттық-2022» XV қалалық шығармашылық ашылулар байқауының гала-концерті өтті.

«Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және шеберлік дағдыларын дамыту мақсатында «WorldSkills Nur-Sultan-2022» VII қалалық кәсіби шеберлік чемпионатының ресми ашылуы өтті, оның аясында Abilympics - мүмкіндігі шектеулі оқушылар арасында, Deafskills - есту қабілеті бұзылған оқушылар арасында және Jasskills - мектеп оқушылары арасында кәсіби шеберлік бойынша кезекті жарыстар өтуде» - делінген Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасының баспасөз хабарламасында.