Жаңалықтар

Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салынбақ

Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салынбақ
Фото: adilet-gazeti.kz 27.06.2023 12:43 999

ОКҚ-ның баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Әкім 5 жылда Түркістан облысы қалай дамып жатқанына тоқталды. Өңірді дамыту үшін инвестиция тарту және жаңа кәсіпорындар ашуға басымдық берілгенін атап өтті.

Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толды. Облыс орталығы – Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту бағытында қабылданған шаралар өңір экономикасының дамуына тың серпін берді. Экономиканың басты көрсеткіші – жалпы өңірлік өнім көлемі 5 жылда 2 есе өсіп, 3,5 триллион теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнім көлемі 2 есе артып, 867 миллиард теңгені құрады. 2018-2022 жылдар аралығында индустрияландыру картасы аясында өңірде жалпы құны 56 миллиард теңгеге 43 жоба іске асырылып, 2834 жаңа жұмыс орны құрылды, – дейді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Сондай-ақ әкім Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салу жоспарда бар екенін айтты. Жобаның инвестициялық құны 100 миллиард теңгені құрайды. Бұл өз кезегінде 250 жаңа жұмыс орнын ашуға мүкіндік береді.

Жалпы өңірдің өзіндік кірістерді көбейтуіміз қажет. Осыған орай облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды ірі жобаны іске асыру жоспарлануда. Мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Биылғы жылдың 5 айында өнеркәсіп өнім көлемінің өсімі сақталды. Өсім негізінен өңдеу, электр және сумен жабдықтау өнеркәсіптері өнімдерінің артуы есебінен болды. Өңдеу өнеркәсібінде 19 жобаны іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 500-ге жуық жұмыс орны ашылады, – деді Дархан Сатыбалды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға