Жаңалықтар

Социалистік Еңбек Ері Сәлима Жұмабекова 80 жаста

Сырдың анасы – Сәлима
17.11.2015 12:16 10559

Бүгін Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық драма театрында Социалистік Еңбек Ері Сәлима Жұмабекованың 80 жасқа толуына орай салтанатты шара өтті.

Социалистік Еңбек Ері Сәлима Жұмабекова 80 жаста

«Сыр анасы – Сәлима» атты батыр анаға арналған бүгінгі кеште сөз алған облыс әкімі Қ.Көшербаев С.Жұмабековаға жылы лебізін білдіріп, Елбасының құттықтауын жеткізді.

– Көп жыл бойы диқаншылық кәсіппен айналысып, ел ырысы – Сыр күрішін өсіруден мол өнім жинап, Социалистік Еңбек Ері атандыңыз. Басқа да жоғары марапаттарды иеленіп, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайландыңыз. Есіміңіз елге танылып, халқымыздың құрметі мен қошаметін осы кезге дейін сезініп келесіз. Мақсатты тіршілік, айшықты із дегеннің өзі де осы болса керек, – делінген Елбасының құттықтауында.

Түгін тартса, майы таматын құнарлы жердің қойнауын игілікке кенелтіп, халықтың құрметіне бөленген жандар бізде жетерлік. Еңбекті өмір салтына айналдырған қарапайым еңбек адамдарын былай қойғанда, Социалистік еңбек Ері деген ресми құрметті атаққа ие болғандардың саны біздің облыста жүзден асады. Демек, сырбойылықтар ерен еңбектің парқын біледі, мәні мен мағынасын түсінеді, қадірі мен қасиетін барынша жоғары бағалайды. Егер Еңбек Ерінің қасына Ана деген ардақты сөз қосылатын болса, онда бұл тіркестің мазмұны шексіз асқақтап, шалқары теңдесіз кеңейеді. Сондықтан білегі – еңбектен, тілегі – халықтан нәр алған, жүрегі ұрпағым деп тебіренген Сырдың Сәлимадай аналары аман болсын! – деп тілек білдірді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Социалистік Еңбек Ері Сәлима Жұмабекова 80 жаста

Алтын дән падишасына жерлестері автокөліктің кілтін табыстады. Еңбек Еріне көрсетілген құрмет мұнымен біткен жоқ. Қызылордадағы Ы.Жахаев атындағы күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары шығарған күріштің жаңа сортына Сәлима Жұмабекованың есімі берілді.

– Бүгін маған көрсетіліп отырған құрмет бүкіл еңбек адамына жасалған сый деп білемін. Төбелеріне көтеріп, төрге шығарып сыйлап жатқан азаматтардың барлығына ризамын. Ең бастысы егемендігіміз баянды, Елбасымыз аман болсын. Бейбітшілік, тоқшылық заман болсын дегім келеді. Осыдан артық бақыт бар ма? – дейді Еңбек Ері Сәлима Жұмабекова.

Батыр Ананың 80 жасқа толған мерейтойына ҚР Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіхалықова, Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев пен ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбековтер құттықтау жіберген. Сонымен қатар, бүгінгі мерекелік шараға Ақтөбе облысынан арнайы делегация келіп қатысты.

Сәлима Жұмабекқызы 1935 жылы Қармақшы ауданы, Ақжар совхозында жұмысшы отбасында дүниеге келген. Ауылда 8 жылдық мектепте білім алып, жастайынан еңбекке араласады. Анасына көмекші сауыншы болып, кейіннен Ленин совхозында байланысшы болады. Құрылыста да ұзақ жылдар жұмыс істеген. 1963 жылдан бастап күріш өсірумен айналысады. 1964 жылы күріш өсіруде жоғары өнімге қол жеткізгені үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. 1986 жылы зейінке шығып, одан кейін тағы 3 жыл күріш егіп, өңірдің ауыл шаруашылығы саласына зор үлес қосқан. Осы саладағы ерен еңбегі елеусіз қалған жоқ.

2000 жылы С.Жұмабекова Елбасының жарлығымен «Ғасырдың Батыр Анасы» атағына ие болды. Ол бүгінде 10 баладан тараған 36 немере, 27 шөберені тәрбеилеп отырған батыр ана.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға