"Сотқа беріп, ақша сұрады". Айқын Төлепберген орындаған әні үшін басы дауға қалды
Елімізге танымал әнші Айқын Төлепберген «Айнаline» бағдарламасында репертуарындағы дауға айналған «Отыздан асып барамын» әнінің авторымен сотқа дейін барғаны туралы мәлімдеді, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.
Садық Қынат «Отыздан асып барамын» әнін өзі жазып шығарғанын алға тартып, оны рұқсатсыз орындап жүрген Айқынды сотқа берген.
Бұл әнді 1993 жылы өзімнің 40 жасыма жазғанмын. Қазір 70-темін. Мұны ауылда отырыстарда «қырықтан асып барамын» деп айтып жүрдім. Кейін әншілер сұрағаннан кейін Мұқағалидің сөзіне жазылған әнге айтып жүрдім. Көп жерде менің әнім екенін біледі. Бүкіл түркістандықтарға танымал ән. Ал Айқын Төлепберген орындаған кезде менің аты-жөнімді айтпайды. Оған хабарласқанымда "бұл ән сіздікі емес, Тұрсынғазы Рахимовтан алдым" дейді. Адам ішінен шыққан туындысын ешкімге бермейді ғой, – дейді сазгер.
Ал өнер иесі сазгердің сөзімен келіспейтінін айтты.
Маған хабарласып, осы әнінің авторымын деді. Баласы хабарласып, ақша сұрады. Содан кейін мен авторлық қоғамға сұраныс жібергенде әннің авторы басқа адам деп жазылған. Кейін ағайға хабарласып, мұны айттым. Мені сотқа берді, бірақ мен жеңіп шықтым. Сөйтіп, мәселе жабылды, – дейді әнші.
Алайда, Тұрсынғазы Рахимовтың әйелі сазгердің сөзімен келісіп отырған көрінеді.