Сот Яна Легкодимованың өліміне қатысты үкім шығарды
Атыраулық бойжеткен Яна Легкодимованың өліміне қатысты екі айыпталушы өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Атырауда қоғамда қызу талқыға түскен қылмыстық істің нүктесі қойылды. 24 жастағы Ризуан Хайржанов пен 25 жастағы Алтынбек Қатимов 23 жастағы Яна Легкодимованы өлтірді деген айыппен кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Сот анықтағандай, олар қылмысты алдын ала сөз байласып жасаған. Олардың әрекеті Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 7-тармағы (адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы кісі өлтіру) және 202-баптың 2-бөлігінің 6-тармағы (біреудің мүлкін қасақана жою) бойынша сараланды.
Сонымен бірге сот марқұмның анасы Галина Легкодимованың азаматтық талабын ішінара қанағаттандырды: айыпталушылар 1 955 000 теңге материалдық шығынды, сондай-ақ әрқайсысы 15 миллион теңгеден моральдық өтемақыны бірігіп төлеуге міндеттелді.
Бұған дейін прокурор да, марқұмның анасы мен оның өкілі де екі айыпталушыға өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Сот осы ұстанымды толық қолдады.
Айыптарын мойындағанымен, соңғы сөзінде Ризуан Хайржанов соттан оның жасын ескеруді сұрап, «әлі жаспын, өмірдің қызығын көргім келеді» деп өтінген. Оның әкесі негізгі дәлелдердің бірі – айыпталушылардың арасындағы хат алмасуды «әзіл болған» деп көрсетуге тырысты. Ал Алтынбектің ата-анасы «ұлымыз ешкімді өлтірген жоқ, тек қасында болған» деп, жазаны жеңілдетуді сұрады. Адвокаттар да үкімді жұмсартуды талап еткен.
Қанды оқиға қалай болған?
Тергеу 2024 жылдың 18 қазанында Янаның үйден шығып кеткен сәтінен бастап оқиғаның толық хронологиясын қалпына келтірді. Жігіттермен таныс болған Ризуан Хайржанов оған қоңырау шалып, кездесуге шақырған. Яна тіпті күртеше де алмай, тез қайтамын деп үйден шыққан. Соңғы рет оны Ризуанның көлігінде көрген.
Қыз жоғалған соң, іссапардан жедел оралған анасы оның заттарын үйден тапқан.
Янаның денесі тек сегіз айдан кейін, 2025 жылдың 20 маусымында, Жайық жағасынан табылды. Тергеуге негізгі бағыт берген – қыздың күнделігі. Онда Ризуан жайлы жазбалар болған. Кейін Алтынбектің рөлі де анықталды.
Тергеу нұсқасы бойынша, Ризуан көліктің ішінде қызды буындырып жатқанда, Алтынбек есікті бекітіп тұрған. Кейін олар мәйітті Талдықұдық ауылы маңындағы өзен жаққа апарып, суға тастаған.
Бастапқыда олар ұрлық жасады деп те айыпталған, бірақ кейін бұл бап мүлікті жою ретінде қайта сараланды.
Қылмыстың себебі – қызғаныш. Яна Ризуанның басқа қызбен үйленейін деп жатқанын біліп, екеуінің қарым-қатынасы жайлы қалыңдығына айтып қоямын деп ескерткен. Сол кезде Ризуан одан «құтылуды» ойлағаны анықталды.
Сотта прокурор айыпталушылардың өзара жазысқан хаттарын оқып берді. Онда:
«Бәрі мінсіз өтуі керек», «Бұдан да қорқыныштысын жасағанбыз» деген сөйлемдер болған.
Олар істі қалай жасыруды, тіпті шенеунікке пара беру мүмкіндігін де талқылаған:
«Прокурорға бере салсаң болады», «Қымбатқа түседі, бірақ көрерміз».
Тергеу дерегіне сүйенсек, қылмыстан кейін екеуі арақ-шарап ішіп, көңіл көтеруге барған.

