Жаңалықтар

Сот «Болашақ» бағдарламасының түлектерінің үстінен 21 іс қозғады

Сот «Болашақ» бағдарламасының түлектерінің үстінен 21 іс қозғады
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 15.06.2024 18:19 504

Бүгінде «Болашақ» бағдарламасы аясында 12 474 қазақстандық шетелде білім алды. Оның ішінде 9 846 түлек өздерінің шартты міндеттемелерін орындады. Қалғаны міндетін өтеп жатыр немесе белгілі себептермен кейінге қалдырған. Бұл туралы KAZINFORM-ға сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бағдарламаның іске асыру барысын «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ға сауал жолдап сұраған едік.

2022 жылы 40 түлек, ал 2023-2024 жылдары 66 түлек оқуды аяқтамау, оқуға кіріспеу және шетелде болу себептері бойынша стипендиядан айырылды. Қазіргі уақытта олар қарызын қайтаруда. 2024 жылы бюджетке ай сайын 200 млн теңге қайтарылып жатыр. Ал 2023 жылы 1,9 миллиард теңге қайтарылды, - делінген агенттік жолдаған сауал жауабында.

Борышкер болашақ түлектерінің мәселесі сотқа дейін және медиация тәртібі арқылы шешіліп жатады.

Көп жағдайда борышкерлер қаражатты өз еркімен қайтарады. Міндеттемелерді орындаудан қасақана жалтарған жағдайда қарызды сот тәртібімен өндіріп алу жүзеге асырылады. 2023-2024 жылдары 21 сот ісі қозғалды, - дейді орталықтан.

Қазір 1078 отандасымыз «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алып жатыр. Оның ішінде 798 стипендиат – магистратура бағдарламасы бойынша, 144 стипендиат – докторантура, 136 стипендиат – тағылымдамадан өтуде. Сондай-ақ, оларға бөлінетін қаражат мөлшері әртүрлі.

Қаражат оқу бағдарламасына, білім алатын елге және таңдалған мамандыққа байланысты бөлінеді. Университеттің рейтингі, оның орналасқан жері, сондай-ақ бағдарламаның ұзақтығы қаржыны есептеуде маңызды рөл атқарады. Орта есеппен бір стипендиатқа магистратура бағдарламасы бойынша шамамен 10 млн теңге жұмсалады. Ал докторантура бағдарламасы бойынша шамамен 20 млн теңге бөлінеді, оның ішінде оқу ақысы, стипендия, жол және басқа да шығындар кіреді, - деген жауап алдық.

«Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары қандай елдерде оқып жатыр:

АҚШ пен Канада - 55,3%;

Ұлыбритания мен Ирландия – 31,6%;

Еуропа елдері – 7,1%;

ТМД елдері – 1,5%;

Азия елдері – 1,1%;

Океания – 3,4%.

Стипендиаттар қандай сала немесе бағыттар бойынша білім алып жатыр:

Гуманитарлық – 43,35%;

Техникалық – 42%;

Медициналық – 9,83%;

Шығармашылық – 4,82%.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға