Жаңалықтар

Сот билігі қашан да абыройлы әрі мінсіз болуы тиіс – Тоқаев

Сот билігі қашан да абыройлы әрі мінсіз болуы тиіс – Тоқаев
Фото: Ақорда 04.10.2024 11:24 663

Елордада IX Қазақстан Республикасы судьяларының съезі басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы судьяларының ІХ съезі делегаттарының алдында құттықтау сөз сөйледі. Төрт жылда бір рет өтетін съезге еліміздің бүкіл өңірінің судьялары, сондай-ақ шетелдік сарапшылар қатысып жатыр.

Президент сөйлеген сөзінде сот төрелігінің әділ және заңды жүзеге асырылуына мемлекет те, бүкіл қоғам да мүдделі екенін атап өтті.

Шын мәнінде бұл жиынның еліміз үшін мән-маңызы зор. Әділ сот – мемлекет тірегі. Сот билігі қашан да абыройлы әрі мінсіз болуы тиіс. Қазір бәріміз бір ел болып Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Мақсатымыз – әр адамға және баршаға бірдей мүмкіндік беру. Заң мен тәртіп әділетті қоғамның негізгі өлшемі. Бұл заң ұғымында бәрі бірдей тең құқылы деген сөз. Сол себепті сот органдары азаматтардың басты қорғаны болуы керек. Елде заң үстемдігі орнаса, халықтың билікке деген сенімі нығаяды. Ал заң мен тәртіп болмаса, басқа реформаның табысты болуы екіталай. Бұл айдан анық нәрсе. Сондықтан осы саланы түбегейлі реформалау негізгі міндеттің бірі. Мен бұл мәселеге айрықша назар аударамын, - деді президент.

 Мемлекет басшысы Сот саласы құқық қорғау ісінде басты рөл атқаратынын атап өтті.

Біз соттардың тәуелсіз болуына аса мән беріп отырмыз. Осыған орай бірқатар жұмыс атқарылды. Елімізде Конституциялық сот құрылды. Сот жүйесінің институционалды дербестігі нығаяды. Сала бюджетін басқару құзыреті қазылар қауымының өздеріне берілді. Күштік құрылымдар судьяларға сын көрсетпеуі үшін тиісті шаралар қабылданды. Кадрларды іріктеу жүйесі жанартылды. Бірінші сатыдағы сот төрағасы қазылар қауымының ұсынысымен тағайындалады. Жоғарғы соттың судьялары Конституцияда көрсетілген жаңа тәртіп бойынша сайланатын болды, яғни оларды Сенат баламалы негізде таңдайды. Алқабилер тәжірибесі кеңінен қолданыла бастады. Қазір оларды іріктеу жұмысы цифрлық жүйеге толық көшкен. Сондай-ақ Әкімшілік әділет қызметі пайда болды. Бұл құрылым жеке адамдардың және кәсіпкерлердің құқығын тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Бүгінде сот істерінің жартысынан астамы азаматтар мен бизнестің пайдасына шешіліп жатыр. Бұл жақсы үрдіс. Түптеп келгенде, мұның бәрі экономиканы өркендетуге және еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартуға жол ашады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға