Жаңалықтар

Соңғы санақ қорытындысы бойынша 25 мыңдай адам ұлтын көрсетпеген

Соңғы санақ қорытындысы бойынша 25 мыңдай адам ұлтын көрсетпеген
Фото: ©El.kz/Нүркен АЛИШЕВ 02.11.2023 10:53 750

Бүгін stat.gov.kz сайтында (Ұлттық санақтар бөлімінде) ҚР халқының ұлттық құрамы, діні және тілдерді меңгеруі бойынша екінші тақырыптық жинақ жарық көрді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, «2021 жылғы халық санағының» қорытындысы бойынша қазақтардың үлесі 70,4% дейін өсті, яғни 13,4 млн адамды құрады. Сондай-ақ саны көп ұлттар қатарына орыстар – 2,9 млн адам, өзбектер – 614 мың адам, украиндар – 387 мың адам және ұйғырлар – 290 мың адам кірді.

Санақ қорытындысы бойынша еліміздегі этностар саны 124-ті құрады. Олардың арасында ливтер, вепсілер, орочтар, долгандар, даниялықтар, удэгейлер, цахурлар, мансылар, нанайлар, моңғолдар, селькуптер, чукчалар, ульта, нивхтер, ижорлар, кеттер, коряктар, қырымшақтар, нганасандар, саамдар, чувандар бар. Бұл сауалнамада «ұлтты көрсетпеу» нұсқасын 24,8 мың адам таңдаған, ал «басқа ұлт» жауабын таңдағандар 47,5 мың адамды құрады.

Соңғы екі санақ аралығындағы кезеңде исламды ұстанатын халықтың үлесі – 69,3%, христиан діні – 17,2%, буддизм мен иудаизм – 0,1%. Еш дінге сенбейтіндер үлесі 2,8%-дан 2021 жылы 2,3%-ға дейін төмендеді. Санақ қорытындысы бойынша респонденттердің 11% қандай да бір дінге қатысын көрсетуден бас тартқан.

Бұл санақ Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары бөлінгенге дейін өткен болатын. Жаңадан құрылған облыстардағы халық саны санақ деректерін ескере отырып қайта есептеліп, stat.gov.kz сайтында жарияланған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға