Солтүстік тұрғыны «банктен» соғылған қоңыраудан соң 16 млн теңгесінен айырылды
Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны «банктен» соғылған қоңыраудан соң 16 млн теңгесінен айырылып қалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, алаяқтар өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, шоттарына біреулер шабуыл жасап жатқанын айтады. Сонымен қатар алаяқтықтан қорғану үшін үлкен көлемде несие алып, белгілі бір «қауіпсіз шотқа» ақша аудару қажет екенін жеткізеді. Осылайша, олар банктік шоттан ақшаны заңсыз есептен шығару үшін қажетті құпия мәліметтерді алады.
Осындай бір жағдайда келтірілген залал 16 миллион теңгеден асты. Халықты алаяқтардан қорғау үшін ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде ақпарат жарияладық. Учаскелік инспекторлар әр жиында тұрғындарға желілік алаяқтық қаупі туралы ескертеді, - деді Криминалдық полиция басқармасы бастығының м.а. Мадияр Харипов.
Ол интернеттегі алаяқтықты азайтуға болатынын айтты. Өткен жылдың алты айында осындай 403 жағдай тіркелсе, қазір 61-ге азайған.