Жаңалықтар

Солтүстік ауылдарға жұмыс істеуге баратын дәрігерлерге 5 млн теңгеден беріледі

Солтүстік ауылдарға жұмыс істеуге баратын дәрігерлерге 5 млн теңгеден беріледі
Фото: © El.kz 16.11.2023 05:05 828

Солтүстік Қазақстан облысында дәрігерлердің жетіспеушілігін жою мақсатында бір реттік көтермеақы мөлшері тағы да өсірілді. Енді ауылға баратын белгілі бір саланың дәрігеріне - 5 млн, қалада қалатын болса 3,5 млн теңге төленбек, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

СҚО әкімдігінің отырысында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісов кадр жетіспеушілігі мәселесіне тоқталды.

Бүгінде өңірде 144 дәрігердің орны бос тұр, Петропавлға 71, ауылдарға 73 маман керек.

16 - жалпы практика дәрігері, 13 – акушер-гинеколог, 9 – хирург, 6 – офтальмолог, 7 – отоларинголог, 10 – педиатр, 7 – терапевт, 11 – кардиолог қажет.
Маман жетіспеуінің негізгі себептеріне келер болсақ: мамандар басқа жаққа қоныс аударған, зейнетке шықты, жеке секторға ауысты, - дейді басқарма басшысы.

Облысқа кадр тартудың бірден-бір жолы – көтермеақы төлеу. Былтыр өңірге 280 дәрігер келді, оның – 185-і қалада қалса, 95-і ауылға барып жұмысқа орналасқан.

Келгендердің 156-сы жас маман. Солардың 167-сіне 314 млн теңге көтермеақы берілген.

Қазан айында өткен облыстық мәслихаттың сессиясында дәрігерлер үшін берілетін көтермеақы мөлшері өсірілді. Енді жалпы практика дәрігері Петропавлға келсе 1 млн, ауылға барса 1,5 млн теңге алады, тар бейінді мамандар қалада қалса 3,5, ауылға барса 5 млн теңге көтермеақы алмақ. Биыл көтерме жәрдемақы төлеуге бюджеттен 250 млн теңге бөлінді, - дейді Құмар Күсемісов.

Қазіргі уақытта СҚО-да 1 471 дәрігер және 5 032 орта медицина қызметкері бар. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға