коллаж El.kz

Соғыс ардагері Иван Макеев: Тыныштық деген – ең үлкен олжа

09.05.2025 13:50

Жамбыл облысында Екінші дүниежүзілік соғысына қатысқан 5 ардагер ұлы мереке – Жеңістің 80 жылдығын қарсы алуға әзірленіп жатыр. Олардың арасында Иван Фёдорович Макеев те бар. Мереке қарсаңында майдангердің үйіне барып аз-кем әңгімелескен едік. Жасы 98-ге келсе де, ширақ қалпынан айнымаған қарт жауынгер әлі күнге дейін елмен емен-жарқын әңгімелесіп, қонақтарды қуана қарсы алады. Ол – бір ғасырлық ғұмырын елге қызмет етуге арнаған тұлға.

Жас сарбаздан – майдангерге дейінгі жол

Иван Макеев майданға бар-жоғы 17 жасында аттаныпты. Ол кезде бозбала ауылда анасымен ғана тұрып жатқан. Елге төнген қауіп жас жүректі бейжай қалдырмаған.

Мектепті енді бітіріп жатқан кезім. Майдандағылардың халін радиодан тыңдап, ауылдан кеткен ағалардың ерлігі туралы естіп өстік. Қанша жас болсам да, жүрегім оттай жанып, «мен де барам» дедім. Жасым жетпесе де, құжатымды ілгерілетіп, өз еркіммен майданға сұрандым. Бізді алғашында снайперлікке үйретті. Снайпер болу үшін көзің қырағы, қолың мен жүйкең мықты болуы керек. Кішкентай қозғалысты байқап, дірілсіз атып үлгеру – ең басты талап. Кейін барлаушы болдым. Секундына мың шешім қабылдау керек болатын. Артта анаң, елің, болашағың тұр. Қателесуге құқың жоқ, – деп еске алады Иван Фёдорович.

Соғыс ардагері Иван Макеев: Тыныштық деген – ең үлкен олжа

Ардагер Забайкалье майданында барлаушы ретінде Жапониямен болған соғыста, Мукден мен Харбин қалаларын азат ету шайқастарына қатысқан.

Жау ұйқы бермейді. Бүгін жаныңда жүрген адам – ертең жоқ. Қарудың даусы, түнгі үрей, аяқ асты шабуыл... Осындай жағдайда адам темірдей болуға үйренеді. Жапонияның 600 мыңдық әскерімен арпалысып, қысқа уақытта оларды жеңдік. Бірақ жеңіс оңай келген жоқ. Жан алып, жан беріскен күндер болды. Соғыста бауырластық пен сенім – басты күш. Жанымдағылар үшін өмірімді беруге дайын болдым, олар да солай. Сол достарымның кейбірі оралмады... – дейді ол көңілі босап.

Қызмет пен құрметке толы бейбіт өмір

Жеңіс күнін Иван Фёдорович Моңғолияда қарсы алған. Соғыстан кейін де әскер қатарында қалып, ел тыныштығын сақтауға атсалысты. 1951 жылы елге оралып, Жамбыл облысында ішкі істер саласында ұзақ жылдар еңбек етті. Жолдағы тәртіп, теміржолдағы қауіпсіздік – бәрі оның тікелей бақылауында болды.

Қай салада жүрсем де, «халыққа пайдаң тисін» деген ұстаныммен өмір сүрдім. Біреудің отбасын аман сақтау, бір адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бұл да бір майдан. Тек мылтықпен емес, заңмен, тәртіппен қорғайтын майдан, – дейді подполковник шеніндегі ардагер.

Осы еңбектері үшін ол «Отан соғысы» орденімен, «Жуков» орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін» медальмен марапатталған.

Соғыс ардагері Иван Макеев: Тыныштық деген – ең үлкен олжа

Жас ұрпаққа аманат – бейбіт өмірді бағалау

Ардагер қазіргі жастардың бойында отансүйгіштік пен еңбекқорлық қасиеттері болғанын қалайды. Бейбіт күннің бағасын білу – оның ойынша, ең басты адамдық парыз.

Бүгінгі ұрпаққа айтарым: тыныштық деген – ең үлкен олжа. Соғыс дегеннің не екенін көзіммен көрген адаммын. Әке-шешесінен айырылған балалар, қираған қалалар, аштық пен үмітсіздік... Ондайды қайталамау – тек бізге емес, сендерге де міндет. Армияға барсаңдар – адал қызмет етіңдер, маман болсаңдар – елге пайдалы болыңдар. Әр адам еліне қалқан, қоғамға тірек болса – біз бекер күреспеген боламыз, – дейді ақсақал терең оймен.

Соғыс ардагері Иван Макеев: Тыныштық деген – ең үлкен олжа

Құрмет нақты іспен көрінеді

Ардагерге деген ілтипат сөзбен шектелмейді. Жамбыл гарнизонының әскери қызметшілері ардагер тұратын үйдің кіреберісін, баспалдақтарын жөндеп, ауласын ретке келтіріп берді.

Бұл – біздің борышымыз. Ардагерлер – біздің тарихымыз, тірі шежіреміз. Олар болмаса, бүгінгі тәуелсіздік болмас еді. Сондықтан Иван Фёдоровичке ыңғайлы жағдай жасау – біз үшін үлкен мәртебе. Баспалдақтарды реттеп, қасбетті сылап, аула аумағын тазаладық. Шын ниетпен жасадық, – дейді ҚР Қорғаныс министрлігі Жамбыл аудандық пайдалану бөлімі бастығының орынбасары Бекежан Жәкіпов.

«Менің әкем – менің мақтанышым»

Иван Фёдоровичтің қызы Ольга Макеева да әкесінің амандығына шексіз шүкір етеді.

Әкем – менің өмірдегі басты үлгі-өнегем. Ол тек батыр ғана емес, керемет әке. Қиындық көрген, соғыстан аман келген адамның жүрегінде мейірім көп болады екен. Әкем ешқашан дауыс көтеріп сөйлемейтін. Қарапайым, бірақ талапшыл еді. Қазір 98 жасқа келсе де, есі түзу, есте сақтау қабілеті керемет. Жастардың атынан әкеме мың алғыс айтам. Әскерилерге де рахмет – подъезіміз жарқырап қалды, – дейді ол ризашылықпен.

Соғыс ардагері Иван Макеев: Тыныштық деген – ең үлкен олжа

Денсаулық – тәртіп пен спорттың нәтижесі

Ардагер ұзақ өмір сүрудің сырын қозғалыс пен тәртіпке бағынған өмір салтынан көреді. Жастайынан ауыр атлетикамен айналысқан. Қазір де аздап гимнастика жасап тұрады екен.

Қимылсыз адам – тас сияқты. Мейлі 20-да бол, мейлі 90-да бол – сәл қимылдасаң, денең рахмет айтады. Мен бұрын ядро лақтырумен айналыстым, соның да пайдасы тиді. Әлі де таңертең орнымнан тұрып, жеңіл жаттығу жасаймын. Басың ашық, бойың сергек болса – өмір сүру жеңіл. Ал өмір сүру – күрес емес, қуаныш болуы керек, – дейді ол шынайы күлкімен.

Ғасырлық ғұмыр – ұрпаққа өнеге

Бүгінде ардагер екі бала тәрбиелеп, немере мен шөбере сүйіп отырған ақсақал. Жанында әрдайым ардақ тұтқан отбасы бар. Оның әрбір сөзі, әрбір амалы – кейінгі буынға үлгі.

Иван Макеевтің тағдыры – тұтас бір ұрпақтың тарихы. Бұл – тек майдандағы ерлік емес, бейбіт өмірдегі адал еңбек, отбасындағы жауапкершілік, қоғамдағы өнегелі өмір. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында дәл осындай ардагерлерді ардақтау – парыз ғана емес, ұрпақтың адами борышы.

Соғыс ардагері Иван Макеев: Тыныштық деген – ең үлкен олжаСуреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды