Соғыс ардагері: «Бүгінгі ұрпақтың мойнында үлкен жауапкершілік тұр»
Мұраталы Төлепбергенұлы — 1925 жылы 20 мамырда бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы Жаскешу ауылында дүниеге келген, Ұлы Отан соғысының ардагері. Бүгінде Шымкент қаласында көзі тірі қалған екі соғыс ардагерінің бірі. Ұлы Жеңіс күніне арналған сұхбатымызда елі үшін жанын салып соғысқан батыр қан майданындағы естеліктерімен бөлісіп, бүгінгі ұрпаққа рухани аманатын жеткізді. Санаулы күндерден соң 100 жасқа толатын қарияның сөздерінен ұлы тарихтың шежіресін, адамгершілік пен отансүйгіштіктің нағыз мәнін көруге болады.
El.kz: Соғыс басталғанда бозбала екенсіз. Қан майданына қалай аттандыңыз?
Мұраталы Төлепбергенұлы: Соғыс басталғанда мен небәрі он алты жаста едім. Әлі бала десең де болады. Өзім 1925 жылдың мамыр айында дүниеге келгенмін. Ол кез – қазіргі уақытпен салыстырғанда тым бөлек, құжаттың қағазға түсуі, жас пен жылдың тіркелуі деген дүние қазіргіше нақты емес еді. Көп нәрсе ауызекі айтылып, ресми тіркеу көбіне «селвосет» деп аталатын кеңес мекемесінің ауылдық бөлімінде ғана жүргізілетін. Сол себепті кім қай жылы жазылса, сол жылы туған деп есептеле беретін. Ауыл-аймақта, әсіресе қиын-қыстау заманда дүниеге келгендерді туған күнін нақтылау деген — сирек құбылыс.
Қызығы мен қулығы қатар жүретін кез. Көптеген отбасылар, әсіресе баласын соғыстан аман алып қалғысы келген ата-аналар балаларының жасын кіші етіп жазғызып қоюға тырысатын. Кейде бір-екі жасқа кіші етіп көрсетсе, соғысқа кешігіп барады немесе мүлдем бармауы мүмкін. Ал кейбір ебі барлар әскери комиссариаттағыларға дастархан жайып, қалтасына бірдеңе салып, «жасын бір жасқа төмендетіп немесе жоғарылатып жібер» деп сұрайтын. Мұндай әрекеттер жасырын емес, ашық түрде жүзеге асатын. Бірақ менің отбасым, өзім ондай айла-шарғыны білмедік те, қолданбадық та. Бәрі қалай бар, солай болды.
Мен 1943 жылдың ақпан айында әскерге шақырылдым. Ол кезде әлі он сегізге де толмаған едім. Бірақ Кеңес Одағына қауіп төнген шақта, жастың толуы маңызды болмады. Әрбір аудандық әскери комиссариатқа орталықтан арнайы бұйрық – разнарядка келетін. Соған сәйкес белгілі бір саны бойынша жас жігіттер әскерге алынуы керек. Сол кезде бізді де жинады. Әскерге іріктеу жұмыстары қыстың аязды күнінде басталды. Үстімізде жұпыны киім, аяқта шұлғау мен бәтеңке, алда не күтіп тұрғаны – беймәлім. Бірақ отан үшін отқа түсу – міндет.
Әуелі мені Сайрам ауданына қарасты Манкент ауылында орналасқан әскери комиссариатқа жіберді. Бұл жер – қазіргі Шымкенттен алыс емес, теміржол бойында орналасқан. Сол жерге екі-үш ауданнан жиналған жігіттер келіп жатты. Бір вагонға қырық адамнан отырғызып, бізді Ташкентке жөнелтті. Ол жақта алғашқы әскери дайындықтан өттік.
Ташкент қаласына келген соң Луначарский көшесінің бойында орналасқан бір ескі техникум ғимаратында оқуға кірістік. Үлкен емес, бірақ біз үшін маңызды бастау нүктесі болды. Қаланың шет жағында жаңадан электр станциясы салынып жатқан. Айнала қазылып, құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, оны түрмеден шыққан тұтқындар істейді екен. Салт атпен, арба сүйретіп, жұмысқа апарып жататын. Бұл – соғыс кезіндегі қалыпты көріністердің бірі болатын.
Сол Ташкенттегі әскери дайындық кезінде мені радист мамандығына оқытты. Радист – майдандағы маңызды байланыс маманы. Әрбір бұйрық, әрбір қозғалыс, әрбір шабуыл – радистің көмегімен жүзеге асады. Оқу төрт-бес айдай уақытқа созылды, 3-ші дәрежелі радист мамандығын алып шықтым. Содан соң бізді эшелонмен Ресей жаққа – соғыс майданына аттандырды.
Соғысқа мені танкіге қарсы қолданылатын 76 миллиметрлік зеңбірекпен қаруланған 339-шы артиллериялық дивизия құрамына бөлді. Бұл – қуатты қару. Бір ғана снаряды сегіз килограмм, ал бір жәшігі 40 килограмға дейін барады. Осындай ауыр артиллериямен біз неміс танкілеріне қарсы соғыстық. Сол кездері жаңадан «Катюша» деген қару шыққан. Бұл – аса қуатты, өте жылдам шабуыл жасайтын, аты шыққан қару. Бірақ бізге ол бұйырмады. Біз зеңбіректің артында жүрдік. Бір батарея төрт зеңбіректен тұрады, әр батареяда жеті адам болады: оның ішінде көздеуші, оқ-дәрі тасушы, көлік жүргізушісі, радист – барлығы тізе қоса жұмыс істейді.
Біз алғаш рет Калинин майданына қатыстық. Онда қатаң тәртіп, тынымсыз ұрыс, алдыңғы шеп пен тыл арасындағы қозғалыс, ауа райының қиындығы, аштық пен шаршау – барлығы адам төзгісіз еді. Соғыста ерлікпен қоса, сабыр мен төзімділік аса қажет болатын.
Кейін Беларусь жеріне жеттік. Сарны, Брест қалаларының маңында шайқастар жүріп жатты. Майдан даласындағы әр күн – ажал мен өмірдің арасындағы бір тамшы айырмашылықтай еді. Жаныңдағы жолдасың бүгін тірі жүрсе, ертең жоқ. Міне, сондай жағдайда біз әрбір қадамды оймен, сақтықпен жасайтынбыз.
1945 жылдың қаңтар-ақпан айларында біздің әскерлер Польшаның астанасы – Варшаваны азат етті. Бұл – менің жадымда мәңгі сақталған оқиға. Осы ерлік үшін «Варшаваны азат еткені үшін» деген медальмен марапатталдым. Сол бір сәт – жеңіс деген сөздің шын мағынасын сезінген кез. Бірақ бұл жеңіс оңай келген жоқ.
Варшава майданында поляк халқының жағдайы ауыр еді. Ол кезде Польша әскерін басқарған маршал Рокоссовский болатын. Өзі ұлты поляк болса да, Кеңес Одағының әскери қайраткері, маршалы еді. Соғыстан кейін Сталин оны Польша армиясының бас қолбасшысы етіп тағайындады. Бұл қадам Кеңес үкіметінің Польшаны өз ықпалында ұстау үшін жасалған еді. Алайда поляктар оны жақсы қабылдамады. Олар өз еліне толықтай тәуелсіздік, дербестік қаласа да, Кеңес Одағының саяси тегеурініне қарсы тұра алмады.
Поляктар – славян тектес халық. Украиндар, белорустар сияқты орыс тіліне жақын тілде сөйлейді. Бірақ олардың ұлттық санасы биік. Өздерінің болашағын Мәскеумен байланыстырғысы келмеді. Сол себепті де Рокоссовскийді министр етіп қойса да, оны ешбір нақты саяси шешімдерге қатыстырмады. Тек аты бар, заты жоқ қолбасшы болды.
Соғыстан кейін Кеңес Одағы құрамына Прибалтика елдері – Эстония, Латвия, Литва кірді. Олар — неміс тілді халықтар. Сонымен қатар, Молдавия, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан сынды республикалар да Кеңестік жүйеде өмір сүрді. Ол кезде бүкіл Кеңес халқының саны 170 миллионға жуық еді.
Соғыс аяқталған соң біз елге қайттық, бейбіт өмірге қайта араластық. Алайда соғыстың ізі санада мәңгіге таңба болып қалды. Өмір сүріп жатырмыз, бірақ соғыста кеткен достарымызды, бауырларымызды ұмыту мүмкін емес.
(Фото: © El.kz/Жансая АҚБАЛА)
El.kz: Соғысқа бауырларыңыз да аттанды ма?
Мұраталы Төлепбергенұлы: Иә, аттанды. Біз жалпы бес ағайынды болдық. Әкеміздің аты – Төлепберген, ал біздің барлығымыздың фамилиямыз — Төлепбергеновтер. Қазақы отбасы үшін бұл қалыпты жағдай — бес ұл. Әрқайсымыз өз алдымызға бір-бір тіршілік иесі, бір-бір тағдыр иесі едік. Бірақ тағдыр солай болды, бәріміздің өмірімізге соғыс деген сұрапыл өз таңбасын қалдырды.
Бес ұлдың ең үлкені – Әбдіәлі ағамыз еді. Ол 1909 жылы дүниеге келген. Менен он алты жас үлкен. Отбасымыздың қолқанаты болып, бала кезінен еңбекке ерте араласқан. Ол кісі майданға менен бұрын аттанды. Соғыс басталған кезде жасы келіп қалған жігіт ағасы еді. Сол себепті бірден әскерге алынып, майдан даласына жіберілді. Өкінішке қарай, үлкен ағамыз соғыстан оралмады.
Одан кейінгі бауырым – Жанымырзалы ағам, 1914 жылы туған. Ол да соғысқа ерте аттанды. 1940 жылы әскерге алынып, Түрікменстанның Каспий теңізі жағалауындағы Красноводск атты портты қалада әскери қызметте болды. Ол жақта шамамен бір жарымдай уақыт тұрған. Сол жылдары Кеңес Одағы Иранға қарай әскер жөнелтті, ал Жанымырзалы ағам сол күштің құрамында Иранға жіберілді. Бұл соғыстың басталар алдындағы стратегиялық әрекет болатын. Кеңес үкіметі Германия шабуылдайтынын білген жоқ деп айтылды, бірақ шын мәнінде үлкен дайындық жүріп жатқан. Иранда кеңестік әскер орналасып, «немістер оңтүстік жақтан келіп қалуы мүмкін» деген қауіппен алты жыл бойы әскери бекініс салды. Жанымырзалы ағам сол Иранда болды. Сөйтіп соғыс жылдары бойы елден жырақта қызмет атқарып, тек 1946 жылы ғана елге оралды.
Үшінші ағамыз — Сыздықалы. Ол 1921 жылдың соңында дүниеге келген. Бала күнінен зерек, оқуға бейім болды. 1939 жылы Қызылорда қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп шықты. Агроном мамандығын игерген. Ол кезде елде мұғалімдер жетіспейтін. Соғыс алдында Түлкібас ауданында жұмысқа тұрған. Аудандағы басшылар: «Бұл жігіт орысша сауатты, агроном болса да, мұғалім жетіспей жатыр. Мектепке берейік», – деп шешіп, оны ауыл мектебіне мұғалім қылып жіберген. Ол мектеп сол кезде жетіжылдық болатын. Жалпы аудан бойынша онжылдық қазақ мектебі жалғыз-ақ еді. Қариялар бидай егу, егін ору ісін білсе де, жас ұрпаққа білім беру үшін сауатты мұғалім қажет болды. Сөйтіп, ағам ауылға келіп, бірден мұғалім болып кетті. Бірақ соғыс басталған соң оны да әскерге алды. Ол менен бұрын шақырылды.
Содан кейін төртінші болып 1923 жылдың басында туған тағы бір ағам әскер қатарына шақырылды. Ол да менен бұрын 1942 жылы соғысқа аттанды. Ол – қол пулеметші болған. Майдан даласында нағыз алғы шепте шайқасты. Өкінішке қарай, ол Днепр өзенінің маңындағы шайқастардың бірінде ерлікпен қаза тапты. Жай ғана қаза болды емес, жауға қарсы ұмтылып, қаруластарын құтқаруға тырысып жүріп, оққа ұшқан. Бұл да біз үшін орны толмас қайғы болды.
Сөйтіп, мен бесіншісі болып, 1943 жылдың ақпан айында әскерге алындым. Менің жасым он сегізге жетпеген кез. Бірақ Отан қорғау – міндет болды. Сол себепті шақыру келісімен ойланбастан жолға шықтық.
Соғыстан кейінгі өмір де оңай болған жоқ. Бірақ бізге Алланың берген бағы шығар, үшеуіміз — мен, Сыздықалы ағам және Жанымырзалы ағам – үшеуміз майдан даласынан аман оралдық. Соғыста қалған екі ағамыздың ерлігі ұмытылмақ емес. Үлкен ағам – Әбдіәлі, үйленген еді. Артында қызы қалды. Ол – жалғыз қыз бала, ұл перзенті болмады. Сондықтан еркек кіндіктен ұрпағы жалғанған жоқ. Бірақ қызы бар, қызының балалары бар. Олар қазіргі кезде Шымкент қаласында тұрады. Қызымыздың өзі қазір сексен бестің үстінде, дені сау, ұрпағы өсіп-өніп отыр. Алты қызы, екі ұлы бар, бір-бір үйдің түтінін түтетіп отыр.
Мен де, аман-есен елге оралып, еңбекке араластым, отбасын құрып, ұрпақ өсірдім. Құдайға шүкір, ұрпағым бар. Сыздықалы ағам да елге оралып, ұстаздық жұмысын жалғастырды. Кейіннен де ел ішінде сыйлы азаматтардың бірі болды.
Бір қарағанда, бес ұлдың бәрі де соғысқа кетіп, үшеуі ғана оралды. Бұл — кез келген отбасының жүрегіне жазылмас жара салатын қайғылы тағдыр. Бірақ біз соның өзін – аман оралғанымызды – Алланың үлкен нығметі деп білеміз. Бүгінде жүз жасқа таяп қалдым.
El.kz: Соғыс бітіп, жеңіс туралы хабарды қай жерде естідіңіз? Жеңіс туралы хабарланғанда андай сезімде болдыңыз?
Мұраталы Төлепбергенұлы: 1945 жылы мен небәрі 20 жаста едім, балам. Жас та болсақ, қан майданның не екенін көріп, өлім мен өмірдің арасында жүріп есейген едік. Сол себепті Жеңіс туралы хабарды естіген сәт — өмірімдегі ең ерекше, ең ұмытылмас кезеңдердің бірі болды. Оны тек қуаныш деп айту аз — ол бір адамның емес, тұтас халықтың еңсесін көтерген, бүкіл ұлттың көз жасын сілкіп тастаған ұлы сәт болатын.
Жеңіс туралы хабарды алғаш рет біз, радистер, жеткіздік. Яғни, біздер – соғыстағы хабаршылар, басқаша айтқанда, майдан даласындағы байланысшылар болдық. 1945 жылдың 16 сәуірі — біздің әскеріміздің үлкен күш жинап, Польша аумағына жаппай шабуыл бастаған күні еді. Ол кезде біз Одер өзенінің маңында тұрдық. Біздің тапсырмамыз — радиостанция арқылы ешбір құпия ақпараттың сыртқа шықпауын қадағалау болатын. Себебі біз радиомен байланыс жасағанда, оны тыңдайтын әртүрлі күштер бар: немістер, қытайлар, американдық тыңшылар, тағы басқалар. Сол себепті біз ешқашан ашық сөйлеспей, барлығын шифрлап, тек маңызды ақпараттарды ғана жеткізетінбіз.
1945 жылдың 16 сәуірі мен 25 сәуір аралығында біздің әскеріміз ауыр қаруланған, екі мың зеңбірек, миномет, Катюша сияқты соғыс қаруларымен жабдықталған күйде шабуылға шықты. Біз Польша жерінде, Одер өзенінің бойында орналасқанымызбен, әрбір қозғалысымыз үлкен жоспар аясында болды. Әрбір алға жылжуың маңызды, алдыңдағы қарсылас күштерді жеңіп, келесі мақсатқа ұмтылу керек болды. Осылайша біздің әскеріміз Польша аумағында Кольница, Познань, Варшава қалаларын азат етті. Осы жеңістердің нәтижесінде 25 сәуірде біз Балтық теңізіне жақын аймақтарға дейін жеттік.
Ал енді жеңіс хабарын біз қалай естідік дегенге келетін болсақ, оны алғаш рет біз таратып отырдық. Соғыс аяқталғанын, жеңіс туралы хабарды ең алғаш естіп, бізге жеткізген – маршал Жуковтың қолбасшылығымен болған оқиға. 8 мамыр күні кешке, Германияның әскери басшысы, маршал Кейтель Жуковтың алдына келіп, Германия қарсылығын тоқтатқанын мәлімдеді. Бұл хабарды естіген кезде тек біз емес, бүкіл майданда болған әскери күштердің барлығы да жеңіс деп сезінді. Әрине, жеңіс біз үшін үлкен қуаныш болды, бірақ бұл қуаныштың ішінде соғыстың ауыртпалығы мен оның зардабы да жатты. Біз майдан даласында не көргенімізді, не өткергенімізді жақсы білдік. Көптеген боздақтар қаза тапты, қаншама адамның өмірі қиылды. Бірақ сонымен қатар жеңіс — біз үшін тек қана әскери жеңіс емес, бұл біздің халықтың бірлігі мен рухының жеңісі еді. Немістердің қайтарылуы, олардың күйреуі – бұл, әрине, біздің халықтың азаттығы үшін күрескендердің жойқын еңбегінің нәтижесі болды.
Бұл күн — менің жадымда мәңгілік сақталады. Соғыстың соңғы күндерінде біздің барлық командирлеріміз, басшыларымыз бір-бірімізбен жиі байланысып тұрдық. Бірақ мен сол 8 мамыр күні Германияның капитуляциясы туралы хабарды алған сәтте біздің бүкіл әскери бөлім мен радистердің бірлескен қуанышы мен жеңіс сезімі естен кетпейді. Сол сәтте не болғанын сөзбен айтып жеткізу қиын. Қуанғаннан жылағандар, бір-бірін құшақтаған сарбаздар, анасын, әкесін сағынғанын айтып еңірегендер болды. Әкем соғыстан бұрын қайтыс болған. Жеңісті естігенде ең алдымен: «Енді шешеме ораламын, ағаларымды көремін, қарындасыма, жеңгеме аман жетемін!» деген ой келді. Сол сәтте өмір бойы арман болған елге оралу үміті жанды. Үлкен ағам ғана үйленген еді. Соның қызын көргім келді, жеңгемнің қолынан шай ішкім келді. Өз үйіңе, өз ошағыңа деген сағыныш сол сәтте жүрегіңді қарып өтті. Сол сәтте алғаш рет сезіндім: жеңіс деген — тек майдандағы жеңіс емес, бұл — аман қалу, елге жету, аналарыңның, қарындастарыңның, ұрпағыңның болашағы үшін күрестің нәтижесі екен. Сол сезімді басқалармен бөлісе алу – расымен де, үлкен бақыт еді... Бұл тек қана қуаныш емес еді. Бұл — соғыстың қаншама ауыртпалығы мен аштық, ауыр күндерден кейінгі жеңіс болатын. Жеңіс дегеніміз тек Германияны жеңу емес, бұл біз үшін барлық қиянаттан, қайғы мен жойқын соғыстан азат болу дегенді білдіретін. Сонымен қатар мен осы жеңіс туралы естігенде, ол бүкіл халықтың бірлігін, ерлігін, қаны мен терін төккен батырларының жанкештілігін еске салды. Біз жеңіске жеттік, бірақ соның артында қаншама қиындықтар мен құрбандықтар жатқанын ұмытпауымыз керек. Міне, сол себепті жеңіс күнін естігенде, біз тек қуанып қана қоймай, соғыстың зардабынан аман қалған әр адамның тағдырын ойлап, құрметпен еске алдық.
(Фото: © El.kz/Жансая АҚБАЛА)
El.kz: Енді өзіңізге жақын болған серіктеріңіз жайлы айтып беріңізші. Олар кімдер болды?
Мұраталы Төлепбергенұлы: Өте көп адамдар болды, бірақ олардың бірін ғана айтар болсам, ең алғашқы және ерекше есімде қалғандар — соғыс кезінде командирім болған дивизиондық подполковник Добрев, штаб бастығы Демщенко, капитан Батяков және батарея командирлері болды. Олардың барлығы да өз ісіне адал, дұрыс адамдар еді. Бірақ олардың арасынан бір адам ерекше есімде қалды. Ол — Ручков деген адам. Оның сауаты әлдеқайда төмен, кейде бұрмалаушылықтары да болатын, бірақ біз оны біраз ескеріп, түсіністікпен қарадық. Сонымен қатар, соғыс кезінде зеңбіректің командирі болған Сергашов, Седов, Куруков сияқты адамдар да бар еді. Әр зеңбіректе жеті адамнан тұратын бөлімше болатын, солардың ішінде командирлер ерекше рөл атқаратын. Сергашов Василий деген кісі менің қасымда болды. Ол 1919 жылғы, мен 1925 жылғы, яғни ол менен алты жас үлкен еді. Ұзын бойлы, ашуланшақтау, бірақ өте ірі денелі орыс болатын. Ол менің қасымдағы радист Рудачевскиймен бірге қызмет атқарды. Рудачевский де менен бір жас үлкен, 1924 жылғы еді.
El.kz: Соғыстан кейін қаруластарыңызбен хат жазысып, байланыс орната алдыңыз ба?
Мұраталы Төлепбергенұлы: Жоқ, соғыстан кейін біз қаруластарыммен хат жазысқан жоқпыз. Өйткені ондай мүмкіншілік болмады. Соғыстың соңында әркім өз жолымен өмір сүре бастады, көптеген қиындықтар мен жеке жағдайлар тұрды. Біз соғыс кезінде бір-бірімізбен өте тығыз байланыста болсақ та, соғыстан кейін бұл байланыс үзіліп қалды. Әркім өз туған жеріне, өз өміріне қайтып оралды. Сондықтан сол кездегі қымбат уақытты еске алсақ та, хат арқылы байланысуға мүмкіндік болмады.
El.kz: Қан майданынан кейін елге қашан оралдыңыз?
Мұраталы Төлепбергенұлы: Соғыс жұртшылық үшін аяқталғанмен, біз үшін әлі де аяқталмаған еді, қарағым. Себебі Жеңістен кейін Совет үкіметінің әскери міндеттері аяқталған жоқ. Майданнан аман қалғанымызбен, бізді алмастыратын сарбаздар болмағандықтан бірден елге қайтып кете алмадық. Елге деген сағыныш, туған топырақтың иісі көкірегімізде тұнып тұрса да, әскери міндет – бәрінен биік еді.
Жеңіс хабарынан кейін, яғни 1945 жылдың мамырынан соң Совет армиясының бір бөлігі жаңа майданға – Жапонияға қарсы соғысқа жіберілді. Тамыз айында Америка екі бірдей атом бомбасын тастады – бірі Хиросимаға, екіншісі Нагасакиге. Бұл екі қалада жүз мыңнан астам бейбіт халық қырылды. Бүкіл дүние селк етті. Бұл жойқын қарудың күші бүкіл әлемге ескерту болды. Бірақ осы оқиғалар болып жатқанда, біздің әскерлер әлдеқашан Қиыр Шығысқа аттанып кеткен еді. Ал біз Германия жерінде қалдық. «Оккупация армиясы» деп аталды ол кезде – яғни жеңілген елде тәртіп орнатып, тәртіпті бақылау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету біздің міндетімізге айналды.
Мен Германия жерінде 1945 жылдан бастап 1950 жылға дейін, тура бес жылдай болдым. Виттенберг, Данциг, Потсдам сияқты ірі қалаларда әскери бөлімдеріміз орналасты. Біз сол жерлерде тұрып, неміс халқының тіршілігін бақылай жүріп, өзіміз де басқа бір мәдениет пен экономиканың ортасында жүрдік. Немістердің өндірістік әлеуеті күшті еді – ұшақ, танк, паравоз, оның доңғалағына дейін өздері жасайтын. Совет үкіметі осының біразын өз жеріне көшіріп алды. Бірақ, өкінішке қарай, сол өндірістің ең үлкені қазақ жеріне емес, Ресейдің өз ішіне көшірілді. Қазақстанға фосфор зауыттары тиді – Тараз, Шымкент сияқты қалаларға. Бұл өндіріс жерді құнарландыратыны рас, бірақ соның зардабы да аз болған жоқ. Ол жақта жұмыс істеген адамдардың көпшілігі өкпе ауруына, туберкулезге шалдықты. Осындай да саясат болды – өнеркәсіпті орналастырудың өзі саясаттың бір тетігі болатын. Ал елге мен алғашқы рет 1949 жылы бір реттік демалысқа келдім. Ол бір ерекше сәт еді. Германиядан шыққан соң Польшаның шекарасынан асып, туған ауылға жеткенше тура жеті күн жол жүрдім. Ол кезде пойыздар баяу, жолдар ұзақ, вагондар адамға лық толы. Маған 40 күндік пропуск – яғни рұқсат қағаз берілген болатын. Оның он төрт күні тек жолда өтті – жеті күн баруға, жеті күн қайта оралуға. Ауылда 26 күн ғана болдым. Бірақ соның өзі жанға демеу болды. Шешемді көрдім, аман қалған ағайын-туысты құшақтадым. Сол бір қысқа уақыт – соғыстан кейінгі алғашқы тынысымдай болды.
1950 жылы майдандағы міндетімді толық өтеп, біржолата туған жерім – Шымкентке жақын жердегі Түлкібас ауданы Жаскешу ауылына қайтып келдім. Сол сәт мен үшін тек соғыстың аяқталуы емес, балалық шағымнан айырған, жастығымды жалмаған жылдардың соңғы беті болды. Елге оралу – нағыз Жеңіс сол болатын мен үшін.
El.kz: Соғыстан кейінгі ауылдың жағдайы, халықтың тыныс-тіршілігі қалай болды?
Мұраталы Төлепбергенұлы: Соғыстан кейін ауылда жағдай өте ауыр болды, балам. Әсіресе 1946–47 жылдары халық қатты қиналды. Өз көзіммен көрмесем де, 1947 жылы мен әлі армия құрамында, Германияда жүргенмін. Бірақ елден келген хаттар мен кейін елге оралған соң өз көзіммен көрген жағдайлар жүректі тіліп өтетін еді. Адамдардың ашқұрсақ жүргені, жейтін тамақтың жоқтығы, еңбекке жарамды ер азаматтардың көбі соғыста қаза тапқаны – бәрі ауыл тіршілігін тұралатып кетті.
Әсіресе 1947 жыл — ең қиын жылдардың бірі болды. Ауыл шаруашылығы соғыс кезіндегідей емес, бірақ әлі ес жия қоймаған. Егін аз шыққан, астық жетпеген. Азық-түлікті үкімет орталыққа жинап алады, ал ауылдағы халыққа қалатыны өте аз. Қолда қалған жалғыз мал — өгіз, соның өзі әрі көлік, әрі күш. Өгіз арбамен жер жыртатын, астық таситын заман болды ол. Адамдар таңмен таласа тұрып, кешке дейін бел жазбай еңбек етті. Бірақ соның өзінде қарыны тоймайтын. Бұл — енді соғыстан кейінгі елдің белін тіктеп алу жолындағы ауыр сынақ болды. Ол кезде колхоз, совхоз деген бар еді — ортақ жер, ортақ мүлік. Жеке меншік атымен жоқ. Бірақ осы жүйе арқылы халық біртіндеп ес жинай бастады. 1950 жылдарға қарай жағдай біршама түзеле бастады. Қолдан жиналған қарапайым тракторлар, соқа-жарақтар ауыл тіршілігін жеңілдетіп, еңбек өнімділігі арта түсті. Әрине, ол кездегі техника дегеніңіз — темір дөңгелекті «колесный» тракторлар. Тіпті олардың өзі өгіз арбадан әлдеқайда тиімді болды. Сол кезеңде бидай, тары, жүгері егіліп, әсіресе біздің жақта қауын-қарбыз, бау-бақша жақсы өнім беріп жатты. Халықтың наны бар, көкөнісі бар, өз қолымен өсірген өнімі болған соң еңсесі қайта көтерілді.
Ауылдың жағдайын айтып отырып, 1933 жылғы ашаршылықты да еске алмауға болмайды. Ол кезде де халық аштан қатты қысылған. Тіршілігі тозып, басына түскен азап ешқашан ұмытылмайды. Сондықтан 1947 жылғы жұтты жұрт сол 1930-жылдармен салыстырып айтып жүретін.
Соғыс біткенімен ел ішіндегі нағыз күрес – аштық пен жоқшылықпен күрес енді басталған еді. Бірақ сол қиыншылыққа мойымай, халық еңбекпен көтерілді. Бірі тары екті, бірі сиыр бақты, бірі қой қырықты – бәрі де бір-бірінің арқа сүйері болды. Әсіресе соғыстан оралған жауынгерлер, аман қалғандары — соның бәріне сүйеу болды.
Қазір артқа қарап отырып ойлаймын: сол ауыр жылдар – біздің елдің шыныққан, мықты ұрпақ тәрбиелеген жылдары болды. Көз жаспен суғарылған егін де, өкпеден өткен өкініш те – бәрі сол жылдардың елесі болып қалды. Бірақ халық тірі қалды, тіктелді, өмір сүрді – соның өзі жеңіс еді...
(Фото: © El.kz/Жансая АҚБАЛА)
El.kz: Өзіңіз елге оралған соң немен айналыстыңыз?
Мұраталы Төлепбергенұлы: Елге оралған соң ел қатарлы еңбекке араластық. Майданнан аман келген адам ел ішінде құр қарап отыра алмайды ғой. Қолыңнан не келеді – соны істейсің. Өзім соғыста жүргенде де хат танып, радист болғам. Сол сауаттылығым елге келген соң да кәдеге жарады. Ол кезде ауыл шаруашылығы түгелдей колхоз бен совхозға қарап тұрған заман еді. Еңбек – ортақ, өнім – ортақ. Ал техниканың күші болмаса, жалаң қолмен мыңдаған гектар жерді жырту мүмкін емес. Сонда МТС дейтін мекеме болды – машина-трактор станциясы. Бұл дегеніңіз – колхоздар мен совхоздарға техника беретін, техниканы жөндеп, уақытында егіс даласына шығарып отыратын мемлекеттік құрылым. Біздің Түлкібас ауданында екі жерде сондай МТС ұйымдастырылған. Ол жерлерде трактор, комбайн, шөп оратын машиналар бәрі бар. Жыл сайын көктем келісімен жұмыс қызады – егін егу, шөп шабу, жер жырту, бәріне техника керек. Ал мені хат танитын адам болғандықтан бір айлық арнайы есепшілік курсына жіберді. Ол кезде сауатты адам аз. Бір ай оқыған соң сол машина-трактар станциясының есеп-қисап жұмысын тапсырып қойды. Трактор бригадасында істедім. Кім қай күні қандай жер айдады, қанша гектар, қанша жанармай кетті – соның бәрін есептеп отырамыз. Мысалы, колхоз бір маусымда мың гектар жер ексе, соның белгілі бір бөлігі үшін мемлекет өз үлесін алады. Шарт бойынша, әр гектардан орта есеппен төрт жүз центнердей өнім мемлекетке тапсырылады. Қалғаны – колхоздың өзінде қалады, бірақ ол да тегін емес. Әрбір еңбек күніне, яғни бір күндік ауыр еңбекке – екі килограмм бидай тиесілі. Егер колхоздың басшысы әділ, халықшыл адам болса, сол күндік еңбекке төрт-бес килограмға дейін беретін. Ал кейбір басшылар керісінше, халыққа қиындық келтіріп, аз беретін кездер де болған.
Ақша жоқ болатын. Адамдар бір-біріне тауарды затпен, азықпен айырбастап жүретін. Еңбек күнмен өлшенетін заман еді. Кім қанша күн еңбек етті – соған қарай азық, киім-кешек беріледі. Жоғарыда айтып өткенімдей, мен сол кезде трактор айдаған жерді өлшейтін, оның есеп-қисабын жүргізетін жұмыс атқардым. Ол да бір жауапты шаруа еді. Бір жер дұрыс есептелмей қалса, бір бригада ақысыз қалуы мүмкін. Сондықтан күн-түн демей қағазға шұқшиып, әр гектарды дәл есептеп отыруға тырысатынбыз.
Колхозда істеп жүріп, елмен бірге еңбек еткен сол жылдар – менің бейбіт өмірімнің алғашқы қадамы болды. Қара жұмыстың қадірін білетін, маңдай термен келген нанның дәмін сезетін жылдар еді.
El.kz: Елге оралдыңыз, еңбекке араластыңыз. Қай кезде шаңырақ көтердіңіз?
Мұраталы Төлепбергенұлы: Иә, елге келіп, азды-көпті еңбекке араласып, күнкөрісімізді түзеген соң, әрине, өмірдің заңдылығы – отбасын құру, шаңырақ көтеру керек болды. Жас кезімізде, соғыстың салдарынан ба, әлде тұрмыстың тауқыметінен бе, үйлену мәселесі кейінге шегеріліп қала берді. Ауылда жүріп, бір-екі қызға көзім түсіп жүрді. Солардың ішінде бір қара қыз ерекше ұнап қалды. Ол кезде қазіргідей фотоаппарат көп емес, суретке түсіру деген – бір оқиға. Суретке қарап отырып, көңілім бұрылған соң көңіл жарастырдық. Ол Түлкібас ауданының таулы, көрікті жері – Иірсу деген ауылдан болатын. Бір көргеннен жүрекке жылы тиді. Өзім ол кезде 28 жаста едім, әйелім менен 13 жас кіші. Үлкен өмір жолына бірге қадам бастық.
Алла берген несібеден кем қылмады. Әйелім маған тоғыз перзент сыйлады – үш ұл, алты қыз. Бірақ, өкінішке қарай, сол үш ұлдың бірі тоғыз айлығында шетінеп кетті. Қол-аяғы балғадай бала еді, науқастанып, амалын таппай қалдық. Ол – өмірдің жазмышы. Ал қалған екі ұлым мен алты қызым – өмірімнің мәні, қазынам. Солар өсіп-өніп, әрқайсысы бір-бір үйдің берекесіне айналды.
El.kz: Қанша немере, шөбереңіз бар?
Мұраталы Төлепбергенұлы: Аллаға шүкір, немере-шөбереге кенде емеспін, шырағым. Қазір қырыққа жуық немере-шөберем бар. Ұрпағым жан-жаққа тарап, әрқайсысы өз алдына бір-бір шаңырақ көтеріп отыр. Үй ішін немере-шөбере толтырып, "ата, ата" деп жүгіріп жүрген шақтың өзі – мына өмірдің ең үлкен бақыты.
Қолымда үш немерем бар – олар кенже ұлымның балалары. Қазір солардың ортасында, солардың қызығын көріп отырмын. Ал үлкен ұлымның баласынан – яғни немеремнен – шөбере сүйіп отырмын. Шөберем де кіп-кішкентай болып, менің жаныма еркелеп, біресе ойнап, біресе «ата» деп жүгіріп жүреді. Солардың күлкісін есту – жастық шақтың қайта бір елесі секілді.
Алайда бұл өмірдің қуанышы мен қайғысы қатар жүреді ғой. Апаларың, яғни өмірлік қосағым – Нышанкүл жетпіс жасында өмірден озды. Елу төрт жылдай бірге тұрдық, талай қиындықты бірге еңсердік, бірге қуандық, бірге қайғырдық. Бір шәйді бөліп ішкен, балаларды бірге өсірген, үйдің ұйытқысы болған адам ғой. Ол кісі кеткеннен кейін мен сексен үшке келіп, жалғыз қалдым. Бірақ артында ұрпақ қалдырды, сонысымен ол кісінің өмірі де жалғасып жатыр.
(Фото: © El.kz/Жансая АҚБАЛА)
El.kz: Қазіргі таңда сіз сияқты соғыс ардагерлеріне мемлекет тарапынан, қоғам тарапынан қолдау тиісті деңгейде деп айта аласыз ба?
Мұраталы Төлепбергенұлы: Жалпы алғанда мемлекет те, қоғам да қолдарынан келгенше құрметтеп жатыр деп айтуға болады, шырағым. Соғысқа қатысқан ардагерлердің барлығына бес миллион теңгеден берді. Бұл – бір реттік көмек болса да, аз дүние емес. Жыл сайын Жеңіс күні жақындағанда арнайы құттықтап, төрге шығарып, сый-сияпат көрсетіп, дастархан жайып, қадірімізді біліп жатқан жайы бар. Жағдайымызды сұрап тұратындар бар, шүкір. Бірақ, енді зейнетақы мәселесіне келгенде айтарым бар. Менің қазіргі зейнетақым – 230 мың теңге. Бұл аз емес әрине, бірақ өзімнің еңбек өтілім мен соғыстан кейінгі жылдардағы қызметімді, қиындықпен өткізген өмірімді есепке алғанда, бұдан жоғары болуға тиіс еді. Тіпті 300-350 мың теңге болуы керек деп есептеймін. Неге дейсің ғой? 1998 жылы Үкіметте ауылда тұратын зейнеткерлердің көпшілігінің қолында малы бар, сиыры бар, сүтін сатып, табыс тауып отыр деген сыңайдағы пікір болған. Сонымен ауыл зейнеткерлеріне төменгі коэффициентті қолданып, зейнетақыны азырақ есептеп жіберіпті. Содан бері біздің зейнетақымыз әлдеқайда төмен деңгейде қалып қойды. Ал біз ол кезде бұл шешімнің салдарын білген де жоқпыз. Қолымызға тигені сол.... Дегенмен, «бергенге шүкір» дейміз. Соғыстан аман келіп, бейбіт күн көріп отырғанның өзі – Алланың берген үлкен сыйы.
Бүгінгі таңда біздің қатарымыз сиреп қалды. Түлкібас ауданы удан бойынша соғысқа қатысып, тірі жүрген жалғыз өзім қалдым. Ал Шымкентте екеу-ақ қалдық.
El.kz: Сіздерді осы 9 мамыр қарсаңында ғана іздеп, еске алады деп ойламайсыз ба?
Мұраталы Төлепбергенұлы: Қарағым, ол рас... 9 мамыр жақындағанда бірден есіне түсеміз. Сол кезде құттықтап келеді, дастархан жаяды, біреуі медаль тағып, екіншісі гүл береді. Ақиқатын айтқанда, көп жағдайда соғыс ардагері еске түсетін уақыт – мейрам күндері ғана. Бірақ та «елеп-ескермейді» деп өкпе артпаймын. Күнде келе беретіндей олардың да өз тіршілігі, шаруасы бар ғой. Әйтеуір келгендерге ақ батамды беріп, шын жүректен қабылдап, «аман болыңдар» деймін.
El.kz: Бүгінгі бейбіт өмірге қарап отырып, қандай ой түйесіз?
Мұраталы Төлепбергенұлы: Бүгінгі бейбіт өмірге қарап отырып, менің ойыма ең алдымен соғыс жылдарындағы қиыншылықтар мен соғыстан кейінгі қайта қалпына келтіру кезеңі түседі. Бейбітшілік — бұл тек қана қару-жарақтың жоқтығы емес, ол — адамдардың бір-біріне деген құрметі мен түсіністігі, қоғамдағы тыныштық пен татулық, әр адамның қауіпсіз өмір сүру мүмкіндігі.
Бейбіт уақытта бізге еркіндік пен тыныштық сыйлайтын көптеген нәрселер бар. Бұл өз елімізде аман-есен өмір сүріп, болашағымызды жоспарлау, отбасымызбен бірге болу... Бірақ соғысты басынан өткергендер үшін бейбіт өмірдің маңызы ерекше. Олар үшін әрбір тыныш күн — үлкен қазына. Осы бейбіт күндер үшін қаншама адамның өмірі қиылды, қаншама отбасы зардап шекті. Сондықтан бейбітшілікті қадірлеу, оны сақтау — біздің басты міндетіміз.
(Фото: © El.kz/Жансая АҚБАЛА)
El.kz: Бүгінгі ұрпаққа қандай рухани мұра, қандай аманат сөз айтқыңыз келеді?
Мұраталы Төлепбергенұлы: Мен бұл өмірде көп нәрсені көрдім – аштықты да, соғысты да, бейбіт еңбекті де, елдің еңсесін көтерген күндерді де бастан өткердім. Сондықтан кейінгі ұрпаққа айтар аманатым, өсиетім – алдымен ел бірлігі мен егемендігін бағалау. Мен өз басым – ұлтшыл адаммын. Бұл – өзгелерге өшпенділік емес, өз ұлтыңа деген адалдық, өз еліңе деген жанашырлық. Қазіргі таңда Қазақстан – егемен ел. Осы егемендік бізге оңай келген жоқ. Енді сол тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау – бүгінгі жастардың, ертеңгі ұрпақтың парызы.
Менің тілегім – еліміз ешкімге жалтақтамай, өз бостандығын, өзінің ішкі-сыртқы саясатын өзі шешетін деңгейде болсын. Басқа елдердің ықпалында кетпей, өз алдына дербес, мықты мемлекет ретінде өмір сүре берсе екен деймін. Жоғарғы басшылықта отырған азаматтар ел мүддесін бәрінен жоғары қойып, ешкімнің алдына жүгірмей, өз жолымен, өз ақылымен шешім қабылдай білсе екен. Мәселен, Тоқаев – қазіргі Президент. Сол кісі елдің тыныштығы үшін жұмыс істеп жүр деп естиміз.
Армия – елдің қалқаны. Өз армиямыз қуатты болса, ел шекарасы тыныш болады. Шекара деген – елдің іргесі, тұтастығының кепілі. Сондықтан қарулы күштерімізді күшейтіп, заманауи техникамен жабдықтап, сарбаздарымыздың білімін де, рухын да биік ұстауымыз керек. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан секілді көршілерімізден кем болмауымыз – әрқашан да керек. Тіпті кейбір мәліметтерде өзбектің халқы бізден көп болса да, әскери қуатымыз олардан мықты делінеді. Бұл – жақсы. Бірақ босаңсуға болмайды.
Ұрпағымыз ертең өз елін қорғай алатындай, намысты, білімді, отаншыл, еңбекқор болып өсуі керек. Бейбіт күннің қадірін білсін. Соғыс көрмесін. Ел үшін еңбек етіп, ата-баба аманатын орындасын. Қазақтың туы биікте желбіреп, жері тұтас, елі аман болсын!
Менің ұрпағыма, жалпы бүгінгі жастарға қалдыратын рухани мұрам – осы. Елді сүю, тәуелсіздікті сақтау, адал еңбек ету, бірлік пен намысты ту ету. Сонда ғана қазақ елі мәңгі жасайды. Жастарға аманатым – соғыстың не екенін сезбесін, тек бейбіт өмір сүрсін.
(Фото: © El.kz/Жансая АҚБАЛА)
El.kz: Ал бейбітшілікті сақтау үшін бүгінгі ұрпақ қандай жауапкершілікті сезінуі керек?
Мұраталы Төлепбергенұлы: Бейбіт өмір – ең үлкен байлық. Оны сақтау – әр ұрпақтың қасиетті міндеті. Бүгінгі жастардың мойнында үлкен жауапкершілік тұр. Ең алдымен – білімді болу керек. Білім – елдің қорғаны. Білімді ұрпақ қана өз елін қорғай алады, елінің дамуына үлес қоса алады. Сосын ұлттық намыс пен тілді сақтау – басты парыз. Қазақтың тілі сақталса ғана, ұлт сақталады. Тіл – ұлттың жаны. Қазақша сөйлеу, қазақша ойлау – осы елдің азаматының қасиетті борышы. Қыздарымыз бен жігіттеріміз ұлттық тәрбиеге берік болуы тиіс. Өзіміздің салт-дәстүрімізді сақтап, қазақпен бас қосып, қазақтың шаңырағын көтеру – бұл да бейбіт елдің тұғыры.
Қыздарымыз отбасын құруға бейіл болсын, көп бала тапсын. Тек бір баламен шектелмей, төрт-бес баламен ұлтты көбейтуге үлес қоссын. Себебі халықтың саны көп болса, елдің де беделі артады. Көп ұлттың ішінде жұтылып кетпес үшін қазақтың санын өсіру қажет. Ұлт аз болса, ешкім елемейді. Ал егер халық саны көп болса, жері бай, экономикасы мықты болса – сенімен санасады.
Бейбітшілікті сақтау үшін еліміздің экономикасын, ауыл шаруашылығын, өндірісін нығайту керек. Жұмыс орындары көп болуы керек. Жастар білім алып, кәсіби маман болып, елге қызмет етуі керек. Билік басында отырған азаматтар елге әділ болу қажет. Елді тонап, тек өзінің жағдайын күйттейтін емес, халықтың қамын жейтін, әділ басшылар керек. Халыққа жайлы болсын, жағдай жасалсын.
Мен өзім ауыл шаруашылығында көп жыл еңбек еттім. Жерді күтіп-баптай білу керек. Бір жерді қайта-қайта еге берсең, тозады. Жер де демалуы керек. Әр гектарды ұқыпты пайдаланса, өнім де мол болады. Бұл – елді асырайтын басты сала.
Қазақтың жері бай. Жері бай елдің жағдайы жақсы болуы керек. Сол байлықты ұқсатып, елге қызмет ететін азаматтар көбейсін.
Атам қазақ: «Әділ жігіт ел бастайды, ер жігіт малын басқарады» дейді. Сондықтан әр ұрпақ елге адал, еңбекқор, намысты, текті болсын. Сонда ғана бейбіт өміріміз баянды болады, шырағым.
El.kz: Мұраталы ата, сырлы сұхбатыңыз бен кейінгі ұрпаққа айтқан өсиетіңіз үшін алғысым шексіз. Аман болыңыз, ауырмаңыз!

