Жаңалықтар

Соғымбасы немесе түйімшілік

Соғымға қатысты жоралғыларды білесіз бе?
Соғымбасы немесе түйімшілік
20.12.2018 12:06 16945

Ет жемесек тісіміз қышитын халықпыз ғой. Жаздай қой-ешкі тәрізді ұсақ малымыздың етін жеп, «күздік» деген сылтаумен қазан-қараша айларында алдын ала белгіленген ірі қарамыздың бірін сойып тастаймыз. Желтоқсанның екінші жартысына ауа бере қаладағы қазақтар амандықтан соң «Соғым сойдың ба? Соғымға не соясың?» деген сұрақтарды автоматты түрде қалай қойғандарын білмей қалады.

Сонымен, соғым деген не? «Қыс азығын жаз қамдайтын» ауыл қазақтары соғымға соятын малды күні бұрын белгілеп, жаздың соңында-ақ не соятынын шешіп қояды. Соғымға төрт түлік малдың ішінен сиыр, түйе және жылқы малын союға болады. Еліміздің әр аймағы өмір сүру салтына байланысты соғымға әр түрлі малды таңдайды. Батыс Қазақстан жағында жылқымен қатар түйе соятындар болса, арқа өңірінде тек қана жылқы сояды. Жылқы союға жағдайы келмегендер ту сиыр сояды. Арқа қазағы бір жылқыны бір отбасыға арнап сойса, оңтүстік өңірлерде бір жылқының етін бірнеше адам жіліктеп, бөліп алу салты көп кездеседі. Ертеректе бір қыста 3-4 жылқыны соғымға сойып тастайтын мырза көңілді байлар жиі кездескен деседі.

Соғымға сойылатын жылқы малының күйін қазы қалыңдығына қарап бағалаған. Қазақтар қазыны «шынтақ», «елі», «бармақ», «екі елі», «төрт елі», «табан», «сере» деп бөлген. Тай-байталдардың қазысы кемі еліден басталып, «бармақ» немесе «екі елі» қазымен аяқталады. Одан ересек малдар семіз болса «сере» мен «табанға» дейінгі қазыларды беруі мүмкін. Ал, жабағы сойған қазақтар «пышақ сырты» немесе «шынтақ» қазыға «тәубе» дейді. Енесін жаздай тел емген құлын «бармақ» қазы беруі мүмкін.

Соғым соятын күн алдын ала белгіленеді. Көрші-қолаңға «осы күні соғым соямын» деп хабарланады. Соғым сою – қазақ үшін кішігірім мереке. Бұл күні ағайын-туыстың басы бір қосылып қалады. Соғым сойысуға келген  адамдар  соғым иесіне «Соғым шүйгін болсын» (батыстың кей өңірлерінде "соғым сүйкімді болсын" дейді) деп тілек айтады.

Соғым сойылып жатқан кезде, сол еттің өкпе-бауырынан, кесек етінен қуырдақ әзірленеді. Сол күні кешке ет асылып, соғым сойған қасапшы жігіттер, туған-туыс, көрші-қолаң жиналған. Мұны «соғымбасы» немесе «түйімшілік» деп атайды. Мұндағы шілік сөзінің түп-төркіні жілік деген сөзден шығуы да әбден мүмкін.  Соғымбасын қазақтар ешқашан өздері отырып жемеген. Бұл жерде «Жалғыз қалмайын, әрқашан ортамыз көп болсын, ауыз бірлігіміз ажырамасын» деген ой бар. Соғым сойған қасапшы жігіттер де құр қалмайды. Көбіне соғым союшы оларға өз сыбағасын ұстатып жатады. Кей жігіттер мал сойып жатқан кезде «Бейнетіме белдеме, қолкесерге қабырға» деп құлағдар қылып жатады. Сондықтан да қасапшының қолын құр қайтаруға болмайды.

Ауылдағы немесе әулеттегі сыйлы кісілерге «Сыбағасы» деп арнайы соғымның дәмді етінен беріп жіберу дәстүрі де бар. Кейде, сыйлы кісілерді «Сыбағаңызды жеп кетіңіз» деп арнайы шақырып жатады.

Соғым сойылып жатқан кезде-ақ, жөн-жобаны білетін үлкендер етті «Мынау сыйлы қонақтарымызға, құда-құдағиларға, арнайы қонақтарға, дос-жаран, көрші қолаңға, күнделікті жеуге» деп реттеп қояды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға