Жаңалықтар

Соғыстың түрлері мен сипаттамасы

Соғыс – қақтығыстарды шешу барысындағы қарулы қақтығыс, саяси дағдарысты күш қолдану арқылы шешу.
06.11.2015 03:34 16361

Соғыс – қақтығыстарды шешу барысындағы қарулы қақтығыс, саяси дағдарысты күш қолдану арқылы шешу. Карл фон Клаузевицтің айтуынша, соғыс саясаттың жалғасу формаларының бірі және «шектен тыс жағдайға жеткізілген күштеу актісі» болып табылады.

Соғыстың түрлері мен сипаттамасы

Соғыстың екі: сыртқы (мемлекеттер арасындағы) және ішкі (азаматтық) түрі бар. Ішкі соғыстарға мемлекет ішіндегі әртүрлі әлеуметтік топтар арасындағы қарулы күрестер жатады. Ал сыртқы соғыстар, әсіресе дүниежүзілік соғыстар ондаған миллион адамның өліміне алып келіп, адамзат өркениетінің ең үлкен трагедиясына айналады. Азаматтық соғыстар да өте қауіпті болып саналады, себебі бұл жағдайда адамдар өлімі мен қалалардың қирауымен қатар, бір халықтың тарихи, мәдени, рухани байланыстары үзіледі. Соғыс, жүргізу әдісі бойынша партизандық, майдандық және жаппай болып бөлінеді.

Сыртқы соғыстың ең ерекше түрі – дүниежүзілік соғыстар. Олар саяси коалициялардың жаһандық күресімен (әлемнің көпшілік бөлігін қамтитын) сипатталады.         

Бірінші дүниежүзілік соғыста (1914-1918) екі үлкен коалиция: Үштік Одақ (Германия, Австро-Венгрия, Түркия, Болгария) пен Антанта (Ресей, Франция, Ұлыбритания, Сербия, кейіннен – Жапония, Италия, Румыния, АҚШ және т.б. 34 мемлекет) бір-бірімен соғысты. Бұл соғыс Үштік Одақтың жеңіліп, Ресей, Австро-Венгрия және Осман империясының күйреуі және 9,5 млн. адамның өлімімен аяқталды.

«Соғысты әскерилер емес, саясаткерлер бастайды». У.Уэстморланд

 Екінші дүниежүзілік соғыс (1939-1945) Германия, Италия және Жапония елдері тарапынан басталып, 72 мемлекетті қамтыды, 62 млн. адамның өліміне алып келіп, антифашистік коалицияның жеңісімен, империялар мен колониализмнің құлауымен, Жапония қалаларына атом бомбасының тасталуымен, нацистік қылмыскерлер үшін Нюрнберг процесінің ұйымдастырылуымен және Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылуымен аяқталды.

Соғыстың «әдеттегі емес» түрлерінің бірі  қырғиқабақ соғыс – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі капиталистік державалар мен (АҚШ және Батыс Еуропа) социалистік державалар арасындағы идеологиялық және әскери-саяси қарсылық. Авторы Х. Суопу болып саналатын бұл термин У.Липпманның мақалаларының арқасында танылды. Ол мақала 1947 жылы «Қырғиқабақ соғыс. АҚШ-тың сыртқы саясаты туралы» атты тақырыппен «Нью-Йорк трибьюннан» шықты. Әлемді екі полюсқа бөлген «Қырғиқабақ соғысы», әскери қарама-қарсылықтан басқа барлық саяси, экономикалық және идеологиялық күрес әдістерінің қолдануымен сипатталды. Сондай-ақ соғыстың бұл түріне келесі нәрселер тән болды: қарулану бойынша жарыс (әскери-өндірістік кешенді дамыту, жаңа әскери технологияларды жасау, атом қаруы мен стратегиялық бағыттағы ракета қорларын кеңейту), өзге мемлекеттерді екі жүйенің жаһандық қақтығысына қатыстыру арқылы бақылауда ұстау, қарсыласқа қатысты экономикалық санкциялар, миф жасаудан қарсылас образын тудыратын көптеген стереортип құрудан көрініс табатын «идеологиялық агрессия» және т.б. Көптеген саясаттанушылар мен тарихшылар 1946 жылы Фултондағы Черчилль сөзімен басталып, 45 жылға созылған (КСРО-ның құлауы, Берлин дуалының қирауы және Варшава келісімі елдерінің саяси блогының тарауымен сипатталатын, социализмнің әлемдік жүйесінің күйреуіне дейін) «қырғиқабақ соғысты Үшінші дүниежүзілік соғыс деп атады.

«Басталатынын ешкім білмеген соғыс тарихта өте көп болған». Э.Пауэлл

2001 жылдың 11 қыкүйегіндегі террористік шабуылдан басталып, өз аясына бір жағынан – 1 млрд. 200 млн. адамнан тұратын ислам әлемінің 40 мемлекетін, екінші жағынан – 650-700 млн. адамды құрайтын постидустриалды христиандық әлемнің барлық елдерін тартқан ХХІ ғасырдың басындағы жаңа жаһандық дағдарысты көптеген ғалымдар мен саясаткерлер Төртінші дүниежүзілік соғыс ретінде санайды.

Қазіргі заманғы халықаралық құқық бойынша, соғыс – бейбітшілік қатынастарды толық бұзатын, мемлекеттер немесе ұлт-азаттық қозғалыстар және т.б. арасындағы жойқын әрекет. Кейбір классификациялар бойынша, соғыстың: әділетті  – агрессияға қарсы ұжымдық қорғаныс; БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі шешімімен жүзеге асатын мәжбүрлік қарулы санкция, ұлт-азаттық; сондай-ақ адамзат алдындағы ең ауыр қылмыс болып саналатын әділетсіз соғыстар сияқты түрлері бар.


Дархан Өмірбек

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға