Жаңалықтар

Соғыста қаза тапқан қазақ майдангерінің сүйегі елге жеткізіледі

Ол Жуалы ауданында туған Сапарбай Имахаев болып шықты.
Соғыста қаза тапқан қазақ майдангерінің сүйегі елге жеткізіледі
09.09.2022 04:19 1107

Мәскеуде Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан қазақстандық жауынгердің сүйегін рәсіми түрде тапсырылды, деп хабарлайды El.kz Қазақстанның Ресейдегі Елшілігіне сілтеме жасап.

Елшілік ғимаратында өткен дипломаттар мен елшілік жанындағы Әскери атташе кеңсесінің қызметкерлері, Новгород облысы губернаторының бірінші орынбасары Евгений Богданов және ресейлік іздеу қозғалысының өкілдері қатысты.

Қалдықтарды өткен жазда Новгород облысының Демьянский ауданында «Находка» іздеу отрядының жауынгерлері тапқан. Солдаттың медальонындағы жазба жақсы сақталғандықтан, оның жеке басын анықтау мүмкін болған.

«Ол 1916 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Жуалы ауданында (қазіргі Жамбыл облысы Жуалы ауданы) туған Сапарбай Имахаев болып шықты. 1939 жылы Сайрам РВК әскеріне шақырылып, 1943 жылы қаңтарда хабарсыз кеткен. Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігі мен «Atamnyn Amanaty« қоғамдық бірлестігінің көмегімен жауынгердің туыстары табылды. Жақын арада оның сүйегі туған жеріне жеткізіліп, құрметпен жерленетін болады», - делінген хабарламада.

Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің әскери атташесі Ержан Ермекбаевтың айтуынша, Имахаевтар отбасында үш ағайындының Әбдібайы соғыстан оралған, ал Сапарбай мен Әбіш хабарсыз кеткен. Осы кезге дейін алдымен анасы Дана, кейін туыстары олар туралы мәлімет іздегенімен, нәтиже болмаған.

Жауынгерлердің сүйектерін табу бойынша қазақстандық және ресейлік іздеу топтарының бірлескен жұмысы алдағы уақытта жалғасатын болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға