Жаңалықтар

Соңғы Хоббит (рецензия)

Хоббит: Бес әскер соғысы
12.12.2014 18:25 5660

Соңғы Хоббит (рецензия)

Хоббит – Бильбо Бэггинс өмір желісін арқау еткен трилогияның соңғы бөлімі көрерменге жол тартты. «Хоббит: Бес әскер соғысы» батыл хобит саяхатынаың логикалық соңы бейнеленген кино. Жалпы алғанда, Толкиеннің еңбегіне сүйене отырып жасалған Орталық Жер (Средиземья) туралы экранизациясы сәтті шыққан. Атап өтетін жайт, фильм премьерасы 1 желтоқсан күні Лондон қаласында болып өтті. Кино жалпы көрсетілімге 11 желтоқсан Жаңа Зеландия, Қазақстан, 12 желтоқсан Ұлыбритания, 17 желтоқсан АҚШ, 26 желтоқсан Аустралияда ұсынылады.

Фильм сапалы түсірілген, оның ішінде режиссердің еңбегін ерекше атап өтуге болар. Ең алдымен Хоббиттің екінші бөлімінде соңына дейін айтылмай қалған оқиға әдемі аяқталады. Айдаһардың көлде орналасқан адамдар қаласын күл-талқан ету сәтін жақсы жеткізе білген. Алайда Бенедикт Камбербэтч дауысымен сөйлеген айдаһар «Хоббит: Смауг даласы» (Хоббит: Пустошь Смауга) киносында басты рөлде болған кейіпкер. Ал жаңа шыққан кинода айдаһар 10 минутқа да шыдамай өліп қалады. Питер Джексонның осы әрекетін түсіну қиын болар. Бірақ фильм ортасына қарай айдаһар өзімен өзі ұмытылып қалады. Сондай-ақ режиссер бес әскердің соғысын шынайы жеткізе алды. Әскерлердің ашық алаңдағы қақтығысын ерекше атап өтуді қажет етеді. Себебі, баталиялық сценалар өте сапалы жасалған. Шайқас сәтінің маңыздылығы мен мәнін толықтай сезіне аласың.

Фильмде орын алған соғыс алдыңғы Хоббит бөлімдері мен «Сақиналар әміршісіндегіден» де асып түседі. Біріншіден, соғысқа қатысушы тараптардың көптігі. Оның ішінде Эрибор тауына иелік етуші гномдар, гномдардың байлығынан енші алғысы келетін адамдар мен орман эльфтері, гоблиндер мен Гундабад орктері. Киноның барлық сьюжеті осы «Жалғыз тауға» келіп тіреледі. Осы арқылы режиссер әскерлер қақтығысын алдыңғы орынға шығарып отыр. Кино ортасына қарай өзара қырқысып жатқан гномдар, адамдар мен эльфтер ортақ жау алдында біріге отырып, оған тойтарыс береді

Соңғы Хоббит (рецензия)

Киноның сценариі бірнеше деңгейде құрылған. Біріншісі, Эрибор қамалы үшін соғыс. Ол киноның негізгі желісі, яғни бас кейіпкерлерді ашуға бағытталған. Екіншісі, «Сақиналар әміршісіне» негіз болатын логикалық тізбек. Питер Джексонның алдыңғы киноларын көрген көрермен болса, жасырылған тізбекті оп-оңай тауып алады. Және де Сауронның бейнесі көріп қалуға мүмкіншілік болады. Бірақ кино біткенге дейін адамды қызықтырып отырады. Себебі, басты кейіпкерлердің бірнешеуі қайтыс болады. Бір қызығы, ешкім күтпеген сәтте. Осы жағы киноға интрига алып келгені анық. Кейіпкерлер демекші, актерлік ойын жоғары деңгейде. Торинның байлыққа құнығып, жауынгер гномнан тойымсыз гномға айналуы басты назарда. Торин бейнесі киноның негізгі тірегі. Себебі, оның қабылдаған шешімдері бәріне әсер етіп отырды.  Ал Аркенстон тасы адам тойымсыздығының материалдық көрінісі. Барлық киноларға тән махаббат, батырлық, адамгершілік сынды қасиеттерге орын табылды. Бірақ махаббаттың жеңіп шыққанын кино соңында көре алмайсыз.

Соңғы Хоббит (рецензия)

Кино Хоббит туралы болғанымен де, ол екінші орынға ығысып қалады. Алайда оның әрекеттері кей сәттерде шешу күшке айналып отырады. Бильбоның екінші орынға ығысуы фильмнің кемшілік тұсы болар. Себебі, қорытынды бөлікте алдыңғы екеуіне қарағанда Бильбо бейнесі әлсіздеу жеткізілген. Кино аяқтаушы болғандықтан ішіне бәрін сыйдыруға тырысқан. Сол себепті кино ішінде тек Толкиеннің кітабын оқығандар ғана түсінетін сәттер бар. Сондай-ақ Питер Джексон бір идеяны жеткізу үшін сюжетті созып жіберген. Оны бірден анықтауға болады. Соған байланысты кино кейбір жерлерінде іш пыстырарлық.

Фильм ішіне анық салынған бір-екі идеяны атап өтуге болады. Қандай жағдай болса да, туған үйге жететін мекен жоқ. Үйіңді сақтап қалу үшін жан-тәніңмен күресу керек. Екінші идея – байлық адамды қатты өзгертеді. Ол ең қатты болып жақындарға тиеді. Байлық әрдайым көпшілікті қызықтыра береді. Сол себепті оның негізінде соғыстар бола береді. Үшінші ой – зұлымдықты толықтай жойып тастамаса, ол қайтып келе береді. Оралған сайын тигізетін кесірі артады. Зұлымдыққа жақсы болып есептелген адамдар да бара алады.

«Хоббит: Бес әскер соғысы» көруге тұрарлық кино. Бірақ кино соңында бәрін құтқарушы ретінде сол баяғы бүркіттер ұшып келеді. Иә, Орталық жерге (Средиземье) байланысты киноның шешу сәттерінде осы мақұлықтар көмекке келеді әрдайым. Бастысы, кино соңына дейін адам назарын аулап отырады. Актерлер өздеріне артылған барлық жұмысты жақсы атқарып шыққан. Ал Толкиен жазып кеткен, Питер Джексон кино ретінде түсірген Әлем жанкүйерлері үшін бірнеше қызық сыйлықтар бар. Сондай-ақ кейінгі оқиғаларды баяндайтын «Сақинар әміршілерін» түсінуге жол ашады. 


Назгүл ТАУБАЕВА

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға