Жаңалықтар

Соңғы 5 жылда бір ғана қылмыс тіркелген ауыл

Учаскелік полиция инспекторының жұмысы аз емес, ауыл тұрғындарының құқықтық тәртібін, қауіпсіздігі мен тыныштығын қадағалайды.
Соңғы 5 жылда бір ғана қылмыс тіркелген ауыл
Фото: inform.kz 16.08.2022 07:39 1717

Солтүстік Қазақстан облысы Теңдік ауылының тұрғындары спирттік ішімдіктерден бас тартқан, елді мекенде қылмыс сап тыйылды, деп хабарлайды EL.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Тайынша ауданындағы Теңдік ауылы Петропавлдан 170 шақырым қашықтықта жатыр. Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында 300 адам тұрып жатыр. Елді мекеннің өзгелерден ерекшелігі – ауыл тұрғындары бірнеше жылдан бері спирттік ішімдік ішуден бас тартқан. Қазір Теңдікте ойын-той арақ-шарапсыз өтеді.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бастаманың арқасында соңғы жылдары ауылда аса ауыр қылмыстар, отбасындағы жанжалдар, ұрыс-керіс, мас күйінде жасалған жол-көлік оқиғалары сап тыйылған.

Теңдік ауылдық округіне учаскелік полиция инспекторы Жамбыл Қайыров қызмет көрсетеді. Округтің құрамына Теңдіктен басқа, Қантемір және Котовское ауылдары кіреді. Учаскелік полиция инспекторының жұмысы аз емес, ауыл тұрғындарының құқықтық тәртібін, қауіпсіздігі мен тыныштығын қадағалайды. Ал Теңдік елді мекенінде полицияның шұғыл араласуын қажет ететін мәселелер жоқтың қасы.

Теңдік ауылдық округінің әкімі Ержан Қасқұлақовтың айтуынша, Теңдік ауылында спирттік ішімдіктер сатылмайды. Жастар футболмен айналысады, жергілікті шаруашылық мектеп жанынан заманауи футбол алаңын салып берген. Ауыл тұрғындарының тұрақты жұмысы бар.

СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаевтың айтуынша, ішкі істер органдары қызметінің негізгі бағыты құқық бұзушылықтардың алдын алу, қазір полиция халықпен өзара тығыз әріптестікке негізделген жұмыстың сервистік моделіне көшуде. Теңдік ауылында бес жыл ішінде бір ғана қылмыс – мүлік ұрлығы тіркелген. Бұдан бөлек, бұл ауылда полицияның профилактикалық есебінде тұрғандар жоқ.

Жалпы СҚО-да 289 учаскелік полиция инспекторы қызмет атқарады, олардың 201-і аудандарда, қалғандары Петропавл қаласында еңбек етеді. Жыл басынан бері учаскелік инспекторлар мыңнан астам қылмысты ашты, оның ішінде 581-і – ұрлық, 38 308-і түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар. 7 200-ден астам құқық бұзушы қоғамдық орындарға мас күйде келгені үшін жауапкершілікке тартылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға