Сметов Астана Гранд Слэмінде татамидегі басты қарсыластарымен кездесті
Астанада өтіп жатқан Grand Slam турнирінде Елдос Сметов өзінің ұлттық құрамадағы басты қарсыластарын марапаттап, жүлделерді табыстаған болатын, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
60 келіде белдесіп, елорда турнирінде жүлде алған үш балуан алдағы уақытта Париж Олимпиадасының чемпионымен бәсекелес болмақ. Кеше аталған салмақта Талғат Орынбасар күміс жүлде иеленсе, Аман Батырхан мен Мағжан Шамшадин қола медальға ие болған еді.
Қазіргі уақытта үзіліс алып, тынығып жүрген Елдос Сметов 2026 жылдың басында ұлттық құрама қатарына қосылуды жоспарлап отыр. Ал қазір бұл салмақта Мағжан Шамшадин бастаған балуандар рейтингтік турнирде жүлде алып, 2028 жылы өтетін Олимпиадаға қатысуға мүмкіндіктерін арттыра түсетіні белгілі.
Естеріңізде болса, 2024 жылы Париж Олимпиадасынан 2 ай бұрын 60 келіде рейтингте жоғары ұпай жинаған үш балуан арасында спаррингтік белдесу өткен болатын. Мағжан Шамшадин мен Нұрқанат Серікбаев және Елдос Сметов арасында өткен бәсеке тартысты жалғасқан еді. Нәтижесінде тараздық Сметов жеңіске жетіп, Франция астанасындағы ойындарға аттанғаны белгілі.
Астана турнирінде өз мүмкіндігін пайдаланып, 60 келіде жүлде алған балуандар алда Сметов үшін басты қарсыластардың біріне айналады деп күтілуде.

