Жаңалықтар

Смайылов Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді

Бұл туралы ҚР Үкіметінің ресми сайты мәлімдеді
Смайылов Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді
Фото: primeminister.kz 15.04.2023 15:55 1094

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар және өңір әкімдігі басшыларының қатысуымен Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Үкіметке сілтеме жасап.

Кеңесте түрлі өнеркәсіп салаларын нығайту, тұрғын үй, медициналық мекемелер, автожолдар салу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын, жылу, газ, электр  жүйелерін жаңғырту, сумен қамтамасыз ету жобаларын іске асыру және экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі шаралар қаралды. 

Үкімет басшысы облыс экономикасын әртараптандыруға басымдық беру керектігін атап өтті. 

«Бұл минералды-шикізат базасын кеңейтуге ғана емес, сонымен қатар өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталуға тиіс. Бұл тұрғыда инвестиция тарту – ең маңызды мәселе», — деді Әлихан Смайылов. 

Ол өткен жылдың қорытындысына сәйкес Ұлытау облысы осы көрсеткіш бойынша аутсайдерлер қатарында болғанын және әкімдіктен жаңа жобаларды іске асыру есебінен олқылықтың орнын толтыруды талап етті. 

Сонымен қатар Премьер-Министр халықтың табысын арттыру бағаның өсуімен тікелей байланысты екеніне тоқталды. Бүгінгі таңда өңірде әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түліктің тек үшеуі ғана өндіріледі. 

«Соның салдарынан облыстағы азық-түлік тауарларының басым бөлігінің бағасы Астана мен Алматы қалаларына қарағанда жоғары. Бағаны тұрақтандыру бойынша жұмысты реттеу және бақылау шараларын қолдана отырып, кешенді түрде жүзеге асыру қажет. Облыстың ішкі нарығын толықтыру бойынша шаралар қабылдау маңызды. Мұны әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндіруге және сақтауға баса назар аудара отырып, агроөнеркәсіп кешені саласындағы жобаларды іске асыру арқылы жасауға болады», — деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысының айтуынша, жеріміздің тарихи кіндігінде орналасқан өңірді дамытудың перспективалы бағыттарының бірі – логистика.  Осы орайда ол өңірдегі көліктік шектеулерді алып тастауға мүмкіндік беретін Жезқазған – Қызылорда және Жезқазған – Қарағанды ​​автожолдарын қайта жаңғыртуды жеделдету қажеттігін айтты. 

Әлихан Смайылов атап өткендей, жергілікті халықты толғандыратын өзекті мәселелердің бірі, әсіресе, Жезқазған мен Сәтбаев қалаларын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Осы мәселені шешу үшін былтыр Үйтас-Айдос жер асты сулары кен орнының сорғы стансасын реконструкциялау басталды. Жоба 2024 жылы аяқталады деп жоспарланған. Сонымен қатар биыл көптен бері бітпей келе жатқан – Есқұла су құбырының құрылысы аяқталады. 

Сондай-ақ ол өңірде 72 ауылдың тек 38-і ғана ауыз сумен қамтамасыз етілгенін айтты. 

«Осыған байланысты әкімдік жергілікті бюджеттен 30 ауылды кешенді блок-модульдермен жабдықтауға қаражат қарастыруы қажет. Ал қалғандары бойынша кейіннен республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді жеделдету керек», - деп тапсырды Премьер-Министр. 

Әлихан Смайылов өткен жылыту кезеңінің күрделі болғанын, сондай-ақ Жезқазғанның даму перспективаларын ескере отырып,  жылумен қамту нысандары мен желілерін кезең-кезеңімен жаңғырту қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты әкімдік бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелендіруі тиіс.  

«Жоғарыда аталған іс-шараларды қаржыландыру үшін осы жылдың басынан бастап, 3 жыл ішінде «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифтік саясаты кезең-кезеңімен енгізілетін болады. Сондықтан, белсенді түрде тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, халықтың осал топтарын қолдау үшін нақты шаралар қабылдау қажет», - деді ол. 

Өңірдегі әлеуметтік мәселелерге тоқталған Үкімет басшысы жаңа ұлттық жобалар аясында өңірде 7 жайлы мектеп салынып, 17 ауылдық медициналық мекеме стандарттарға сәйкестендірілетінін айтты. Сонымен қатар облыста заманауи перинаталды орталық, онкологиялық диспансер және психикалық денсаулық орталығын салу мәселелері пысықталады.

Кеңес қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов инвестициялық тартымдылықты және өңірдің экономикалық белсенділігін арттыру бойынша жұмыстарды күшейтіп, облысты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында – мұнай өңдеу зауытын салу жөніндегі жобаны іске асыруды жеделдетуді, сондай-ақ 2020-2021 жылдары басталған Жезқазғандағы және Жаңаарқа ауданындағы білім беру нысандарының құрылысын аяқтауды тапсырды. 

Сонымен қатар Премьер-Министр өңірде халықаралық мемлекеттік техникалық университет ашу, мемлекеттік сатып алулардың тиімділігін арттыру және Жезқазған мен Шымкент арасында әуе қатынасын ұйымдастыру мәселелерін пысықтау қажеттігін атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға