Смартфоныңыз сіз туралы не біледі және жеке мәліметтерді қалай қорғауға болады?
Мөлдір Қайнар тілші
Бүгінгі таңда смартфондар пайдаланушылар туралы көптеген жеке деректерді жинайды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл ақпараттар көбіне жарнаманы жекелендіру немесе қосымша әзірлеушілер үшін пайдалы аналитика мақсатында қолданылады. Сонымен, жеке мәліметтерді жинау қалай жүзеге асады?
Смартфон қандай деректерді жинайды?
- Орналасқан жеріңіз және қозғалыс бағытыңыз;
- Қоңыраулар, хабарламалар және байланыс кітапшасындағы контактілер;
- Қолданбалардағы әрекеттер (мысалы, қандай сайт ашасыз, қанша уақыт отырасыз);
- Микрофон арқылы дыбыстар мен дауыстар;
- Камера арқылы алынған суреттер мен бейнелер;
- Интернеттегі аккаунттар мен іздеу тарихы.
Кім және не үшін жинайды?
Негізінен, бұл ақпараттар:
- Қолданбалар әзірлеушілері үшін;
- Жарнама агенттіктері (мысалы, Google Ads);
- Әлеуметтік желілер мен маркетингтік компаниялар үшін керек.
Мақсаты — сізге қызықты болуы мүмкін жарнамаларды көрсету және тұтынушы әдеттерін зерттеу.
Android және iOS жүйесінде деректерді қорғау жолдары
Android жүйесінде:
1. Рұқсаттарды реттеңіз:
Параметрлер → Құпиялылық → Рұқсаттар. Артық рұқсаттарды өшіріңіз (мысалы, геолокация, микрофон, камера).
2. Қосымша рұқсаттарды шектеңіз:
«Қосымша құпиялылық рұқсаттары» бөлімінде қоңыраулар журналы, SMS, күнтізбе секілді деректерге қолжетімділікті өшіріңіз.
3. Жарнама идентификаторын басқару:
Параметрлер → Google → Жарнама → «Жекелендірілген жарнамадан бас тарту» қосыңыз.
4. Тарихты тазалау:
Google аккаунты → Деректер және құпиялылық → Белсенділік тарихын өшіріңіз.
5. Құпиясөз қауіпсіздігі:
Екі факторлы аутентификацияны қосыңыз, сенімсіз қосымшаларда автотолтыруды пайдаланбаңыз.
iOS (iPhone) жүйесінде:
1. Қадағалауды өшіріңіз:
Параметрлер → Құпиялылық және қауіпсіздік → Қадағалау → «Қосымшаларға қадағалауға рұқсат беру» функциясын өшіріңіз.
2. Қосымшалар рұқсаттарын реттеңіз:
Камера, микрофон, геолокация, фотогалерея және контактілерге рұқсатты қажет болған жағдайда ғана қосыңыз.
3. Аналитиканы өшіріңіз:
«iPhone аналитикасы» және «iCloud аналитикасы» функцияларын сөндіріңіз.
4. Apple ID қауіпсіздігі:
Құпиясөздер мен кілттер бөлімін тексеріп, сенімді менеджерлер пайдаланыңыз, екі факторлы аутентификация қосыңыз.
Қосымша кеңестер:
- Қосымшаларды тек ресми дүкендерден жүктеп алыңыз;
- Қажет емес қосымшаларды жойып отырыңыз;
- Күдікті сайттар мен сервистер үшін бөлек аккаунт қолданыңыз;
- Әлеуметтік желі арқылы тіркелгенде, артық рұқсат беруден сақ болыңыз.
Смартфон арқылы жеке өмір туралы көптеген ақпарат жиналады. Алайда, бірнеше қарапайым баптаулар жасау арқылы өз деректеріңізді қорғап, артық қадағалаудан сақтануға болады. Ең бастысы — құрылғыңыздағы құпиялылық параметрлерін уақтылы тексеріп, бақылауды өз қолыңызға алыңыз.

