Қазіргі таңда смартфонсыз өмір сүруді елестету қиын. Таңертең ұйқыдан тұрған сәттен бастап ұйықтағанға дейін қолымыздан түспейтін телефон жұмыс та, байланыс та, ойын-сауық та, ақпарат көзі де болып кетті. Алайда үнемі экранға телміріп отыру миға салмақ түсіреді, жүйке жүйесін әлсіретеді, ұйқы сапасын бұзады. Сондықтан смартфоннан уақытша демалып тұру қажет, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Смартфоннан демалудың маңызы
Цифрлы әлемде ақпарат легі толастамайды. Әлеуметтік желілерден хабарлама, жаңалық, хат, жарнама толассыз келіп тұрады. Ми үнемі жаңа мәлімет қабылдап, талдаумен айналысады. Мұндай жағдайда адам тез шаршайды, көңілі тез бөлініп, ашушаңдық пайда болады. Кейде осының бәрін байқамаймыз, бірақ дәл осы ақпараттық шамадан тыс жүктеме біздің психикалық тепе-теңдігімізге әсер етеді.
Кешке дейін экран алдында отыру көзді шаршатады, ал экраннан бөлінетін көк жарық ұйқы гормонының бөлінуін тежеп, ағзаның тынығу ырғағын бұзады. Таңертең шаршаңқы тұрып, көңілсіздік пен әлсіздік сезіледі. Демек, смартфоннан үзіліс алу – өзіңізге тыныштық пен күш-қуат сыйлаудың ең оңайтайлы жолы болып отыр.
Пайдалы кеңестер
Телефоннан демалу – шағын әдеттерден басталады. Мысалы, күніне экран алдында өткізетін уақытты азайтып көріңіз. Көптеген смартфондарда экран уақытын есептейтін арнайы функция бар, сол арқылы өз уақытыңызды бақылауға болады. Әлеуметтік желілерге нақты шектеу қойыңыз: күніне бір сағаттан артық емес. Уақыт өте бұл әдетке айналып, сіз өзіңізді жеңіл сезінесіз.
Кешке жатар алдында телефонды пайдаланбау – тағы бір пайдалы әдіс. Ұйықтардан екі сағат бұрын телефонды сөндіріп, жылы шай ішіп, кітап оқыңыз немесе тыныш әуен тыңдаңыз. Бұл ұйқы сапасын жақсартып, келесі күнге сергек оянуға көмектеседі.
Аптасына бір рет «цифрлы демалыс күнін» белгілеу де сіз үшін пайдалы болмақ. Сол күні әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге кірмей, өзіңізге және жақындарыңызға уақыт бөліңіз. Табиғатқа шығып серуендеп, достарыңызбен жүзбе-жүз сөйлесіп, отбасымен бірге уақыт өткізіңіз.
Кейде телефонды басқа нәрсемен алмастыру да жақсы нәтиже береді. Мысалы, сурет салыңыз, тәтті пісіріңіз, спортпен айналысыңыз немесе ескі фотоальбомдарды қарап шығу секілді қарапайым әрекеттер де миды тынықтырады. Ал егер көңіл-күйіңізге әсер ететін жаңалықтар немесе мазасыз контент жиі кездессе, ондай парақшалардан бас тартуға қорықпаңыз. Ақпаратты сүзгіден өткізудің де маңызы зор.
Цифрлы әлем мен шынайы өмір арасындағы тепе-теңдік
Бүгінгі күні смартфоннан толықтай бас тарту мүмкін емес. Ол – күнделікті өміріміздің бір бөлігі. Дегенмен оның шекарасын белгілеу, уақытты реттеу және өзіңізге экрансыз сәттер арнау – бұл саналы өмір сүрудің белгісі. Телефонды жұмыс құралы ретінде пайдаланып, демалыс кезінде шынайы өмірге көбірек көңіл бөлген дұрыс.
Кейде бір сәтке экранды сөндіріп, айналаға қарау жеткілікті: аспанның түсі, желдің дыбысы, шайдың иісі – мұның бәрі өмірдің шынайы ләззаты. Смартфоннан уақытша алыстау арқылы сіз өзіңізді, ойыңызды және көңіліңізді реттей аласыз. Демек, демалыс – тек денеге емес, санаға да қажет.

