Жаңалықтар

Словакияда Наурыз мейрамына орай қазақтың киіз үйі тігілді

Словакияда Наурыз мейрамына орай қазақтың киіз үйі тігілді
Фото: ҚР СІМ 25.03.2023 20:55 1983

Қазақстан Елшілігі Словакия астанасында қала билігінің қолғабысымен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының құрметіне арналған мерекелік шаралар өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Братиславаның тарихи орталығында – қаланың бас алаңында қазақтардың дәстүрлі баспанасы, бейбітшілік, үйлесім мен келісім нышаны –12 қанатты киіз үй тігілді. Словакия астанасының тұрғындары мен қонақтары текемет, сырмақ, алашамен, тоқылған өрнекті баулармен, қазақтың музыкалық аспаптарымен және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарымен безендірілген киіз үйдің ішкі көрінісімен тұңғыш рет танысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, киіз үйдің ішінде қазақ ұлттық киімі үлгілері, тері паннолар, көшпенділердің сауыт-саймандары және дәстүрлі қазақ қамшысы көрініс тапты.

Этнокөрмеге келушілер ЮНЕСКО-ның Әлемдік материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген киіз үйдің мыңжылдық тарихымен және оны жасаудағы ерекше шеберлікпен таныса алды. Ақпараттық стендте киіз үйлердің алғаш рет көне грек тарихшысы Геродоттың әйгілі «Тарих» еңбегінде (б.з.б. 440 ж.) атап өтілгені жазылған. Киіз үйді ойлап табу көшпелілердің Еуразия даласының ұлан-байтақ кеңістігін игеруіне мүмкіндік берген ең үлкен жаңалықтарының бірі болғаны баса айтылған.

Көрмені ашқан Қазақстанның Елшісі Төлежан Барлыбаев қазақтарда туған ошақтың және ұрпақ жалғастығының нышаны шаңырақтың отбасылық жәдігер ретіндегі маңыздылығына тоқталды. Ол киіз үйдің Братиславада тігілгені ерекше мәнге ие екенін атап өтті, өйткені Словакия жері ежелден Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің жақындасу және өзара тоғысу жері болған. Қазақстандық дипломат орта ғасырларда императорлардың тәж кигізу рәсімдері мен ұлттық жиындар өткізілетін Братиславаның бас алаңында киіз үйді орнату үшін орын бөлгені үшін қала әкімдігіне алғысын білдірді.

Киіз үйдің ашылу салтанатында Орал фольклорлық «Арнау» ансамблі өз өнерін көрсетіп, қазақтың күйлері мен басқа да әуендерді орындады. «Československo má talent» ұлттық телешоуына қатысып, Словакияға танымал болған виртуоз күйші Есенғали Құмаровтың, жас домбырашы қыз Амина Маманованың өнері словакиялық көрермендерді тәмсандырды.

Сонымен қатар мәдени акция аясында Словакия астанасының бас алаңында «Ladon» Братислава өнер мектебі оқушыларының қатысуымен сурет салу мастер-классы өтті. Жас суретшілердің жұмыстары «Қазақстан словак балаларының көзімен» тұрақты экспозициясының негізі болады. «Қазақ киіз үйі» этнографиялық көрмесі биыл Словакияның бірқатар өңірінде көрсетілетін болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға