Жаңалықтар

Сламхат Сейтқамзаұлы: Жетпісінші жылдардан кейін Қытайдағы қазақ қаламгерлері үш жүзден астам роман жазды

Сламхат Сейтқамзаұлы: Жетпісінші жылдардан кейін Қытайдағы қазақ қаламгерлері үш жүзден астам роман жазды
Фото: Суретті түсірген автор 13.05.2023 13:15 4171

Қазақстанның Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі, ТҮРКСОЙ Алтын медалі мен Түркі әлемі Жазушылар Одағының «Тұран тұлпары» медалінің иегері, ақын, ұстаз Сламхат Сейтқамзаұлы El.kz ақпараттық агенттігіне арнайы берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз. 

El.kz: Сламхат аға, бүгінгі сұхбатымызды шеттен келген қандастардың қазақ өнеріне қосқан үлесі жайлы әңгімеге арнасақ.

Сламхат Сейтқамзаұлы: Шеттен келген қазақтар дегенімізбен бәрі бүтін бір қазақ қой. Осы шетелден келген қазақтарды әлі бір атауға, бір пікірге келе алмай жатыр. Басында «оралман» деді, одан ол болмайды екен «қандас» деп атайық деді. Қазір қандас мәртебесін бердік деп жүр даурығып, меніңше олай дұрыс емес. Кезінде тағдырдың тауқыметімен шашырап, шет асып кеткен қазақ өз еліне, өз бауырына оралып жатыр. Мұны Қазақ бауырлас дейді. Адам өлгенде қазақ «ой-бауырымдап» жылап келіп, жоқтау айтқан. Бауыр денедегі қанды қорытып, реттеп отыратын бір мүше. Қасіретке тап болғанда, жалғызы қайтыс болғанда «бауыры езіліп, күйігі ішіне түсіп кетіпті» деген түсінік содан қалған. Сондықтан да «бауырым» деген сөздің айтылуы тегін емес. Дегенмен де шеттен келгендерге бір ат қойып, соған тоқтаған жөн деп ойлаймын.

Сламхат Сейтқамзаұлы: Жетпісінші жылдардан кейін Қытайдағы қазақ қаламгерлері үш жүзден астам роман жазды

Көбінің ата-бабасының жері осында, Қазақстанда. Мысалы мен 1931-33 жылдар аралығында Марқакөлден Қытайдың Қаба ауданына өтіп кеткен қазақтың ұрпағымын. Ал сол Марқакөл менің ата қонысым. Қытайда туылсам да, менің ата-бабаларымның, былайша айтқанда жеті атамның сүйегі осы Марқакөлдің ар жағындағы Теректі деген жерде жатыр. Алтай тауында Шабақ жайлауы деген жер бар. Аталарымыз бай болған, сол жайлауды жайлаған екен, әлі күнге дейін Шабақ жайлауы деп айтылады. Көрдіңіз бе, «ерді елі ұмытса да жері ұмытпайды» деген қазақтың сөзі бекер айтылмаған. Сол ата-бабалардың рухына арнап 2014-15 жылдары бес жүздей адамның басын қосып, құран-қатым түсірдік.

El.kz: Сіздер елге қай жылдары келдіңіздер?

Сламхат Сейтқамзаұлы: Біз, алғаш Тәуелсіздік жарияланған кезде 1991 жылдары келдік. Қазіргі мәліметтерге қарағанда елге жалпы шеттегі қазақтардан 1 млн. астам қазақ келді. Қытайдың өзінен екі жүз мыңнан астам қазақ келді дейді, егер бұл сан шын болса, бұл керемет көрсеткіш. Себебі 200000 санмен мемлекет болып отырған елдер бар. Бұл көштің бүгінде діл, дін, тіл жағынан елімізге үлкен өзгеріс әкелгенін көріп, сезініп отырмыз. Бұл үрдіс енді қарап тұрсаңыз, ұлтқа, елге үлкен пайда әкелді.

Мұнда келіп сауда-саттық, аспаздық жағында біраз нәрселерді үйретті. Балалар өсіп жатыр, оқып жатыр. Біз 90-жылдардың басында келгенде Алматыдағы асханаларды білетінбіз қандай екенін. Қазір қандай? Бұл ел мен ел қосылып жатқаннан кейін болып жатқан жақсы жаңалықтар.

Ал Қытайда біреулер 3 млн. кейбіреулер тіпті 5 млн қазақ бар дейді. Болсын, айтқаны жақсы, бірақ сезімге берілудің, өтірік айтудың қажеті жоқ. Нақты айтатын болсақ, 1,5 млн. қазақ бар, одан аспайды. Бұл сан жалпы Қытайды алғанда. Оның ішінде миллионер қазақтар да бар. Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында (СУАР), Алтайда, Үрімшінің өзінде. Содан кейін Құлжада ауқатты қазақтар көп.

El.kz: Құлжада 24 сағат қазақ тілінде хабар тарататын телевидение бар деп естідім, сол рас па?

Сламхат Сейтқамзаұлы: Иә, жалпы Қытайда таза қазақ тілінде хабар тарататын бірнеше телевидение бар. Ішінде ең ірісі Іле-Қазақ автономиялы облысы, оның орталығы Құлжа қаласында 24 сағат, яғни күндіз-түні таза қазақша бағдарламалар тарататын жергілікті телевидениесі бар. Бейжіңдегі қазақ радиосы да 24 сағат қазақ тілінде сөйлейді. Шыңжаң телерадиокешені бар, олар да қазақ тілінде хабар таратады. Іледе, Тарбағатайда, Алтайда да бар.

El.kz: Бұл нені білдіреді. Қытайдағы қазақтың діңінің мықтылығы ма? Миллиардтаған қытайдың арасында отырып қазақша хабар таратып отырғаны...

Сламхат Сейтқамзаұлы: Бұл сөзсіз қазақтың мықтылығы. Егер қазақ мықты болмаса «саған телеарна ашып берейік» деп айтпайды ғой олар. Билікте отырған қазақтан шыққан кадрлардың мықтылығы. Қазір айтады ол жақтағы биліктегілер сатқын деп. Олар сатқын емес. Сол елде қызмет еткені үшін сатқын бола ма?

Сламхат Сейтқамзаұлы: Жетпісінші жылдардан кейін Қытайдағы қазақ қаламгерлері үш жүзден астам роман жазды

Мысалы мен Құлжа қаласында Іле-Қазақ автономиялы облыстық білім беру мекемесінің басқарма бастығы болып біраз жыл қызмет еттім. Мен сол үшін сатқын боламын ба? Өкінішке орай осындай одағай сөздерге көптеген қазақ ереді. Оппозиция дегенді бір атақ ретінде көріп алды. Кім айқайлап, надандық сөзді неғұрлым көп сөйлесе бұл батыр деп есептейтін болды. Соңғы бес-алты жылда осындай істерді бастан кештік. Бір есептен ойлаймын мұндай да болуы керек шығар. Біз бұдан сабақ алуымыз керек. Қазақтың бірігетін дәуірі келді деп ойлаймын.

Саясат дегенді ақырын, баппен жүргізу керек. Кейбіреулер бірден биліктегілер неге жалтақ, орыстарды, басқаларды неге қуып шықпайды деген сияқты сөздер айтады. Оның көптеген тарихи себептері бар ғой, қуып шығу қисынға да келмейді. Құдайға шүкір, біздің мемлекетіміз дүниежүзі танитын, кей жағынан тіпті санасатын мемлекетке айналып келе жатыр. Осы біздің қуанышымыз болуы керек те, әрбір отаншыл, мемлекетшіл, ұлтын, жерін сүйетін азаматтар осыған өз үлесін қосуы керек деп білемін.

El.kz: Аға, енді өзіңіз жайлы, шығармашылығыңыздан сыр тарқатсаңыз. «Ақындық Тәңірден берілген тәтті сый» деп жатады, Сіз әдебиетке, жалпы өнерге қалай келдіңіз?

Сламхат Сейтқамзаұлы: Мен 1952 жылы туып, ер жеттім. Кейін 60-жылдардың ортасында Алтайдағы Сарысүмбе деген қалада оқыдық. Алтай аймағының орталығы - Сарысүмбе тарихи қала. Ол кезде Алтайдың мәдениет жағынан дамуы өте күшті, зиялылары өте мықты болды. Бұл қалаға 31-жылдары Абайдың туыс-туғандары 11 адам барып, газет шығаруға тікелей араласқан. Әбдікәрім болыс деген Қаратайдың болысы барған. Оның Шабдал, Мәнап деген ұлдары, зиялылар бар, барлығы сол жерде атсалысқан. Осы жақтан баспа мәшинелерін апарған. Ал енді Тәкежанды білесіз, соның ұлы Әзімбай, оның ұлы Бердеш сонда болған. Ол 31-жылдары барып, 55-жылдары ғана кері қайтқан екен.

Мұнда Кеңес өкіметі орнап, күшейген соң, оқымысты-зиялыларды тұншықтырып, жаншып, қысым күшейген соң, қазақ зиялыларының Алтай жаққа ауып баруы, оның мәдениетінің өркендеуіне үлкен әсерін тигізді. Ал олардың жүзін көріп, солардан оқығандар сол жерде мол білімге ие болды. Үлкен әдеби орта қалыптасты. Мен 1966 жылы Алтай орта мекебіне оқуға бардым. Кейін Құлжада, жоғары оқу орнында оқыдым. Одан кейін үш жыл аспирантурада оқыдым. Бірақ, сол кездегі мұғалімдердей сапалы мұғалімдерді мен жоғары оқу орнынан да кезіктірген жоқпын.

Ол жақтағылар мұндағы қазақ ақын-жазушыларына өте қатты еліктеді.

Қараңғы қазақ көгіне,

Өрмелеп шығып күн болам.

Қараңғылықтың төріне,

Күн болмай енді кім болам?- деген Сұлтанмахмұт Торайғырдың өлеңдері ол жақта

керемет оқылды. Сұлтанмахұттың ықпалы ерекше болды. Көбі соған еліктеп өлең жазды. Өйткені ол кезде Алаштың ақындары Тәуелсіздік тақырыбына көп жазды ғой. Алаштың «қызылдың қақпанынан» сау қалғандары сол жаққа қашып барды. Соларды көргендер оларға қатты еліктеп, азаттықты аңсап өлең жазды.

El.kz: Сіздер де соларға қосылдыңыздар ма?

Сламхат Сейтқамзаұлы: Біз де кейіннен солардың буыны болып, солардың соңына қосылып кеттік. Мысалы, Баянды Сапиұлы деген ақын болды:

Кеудемді кере күрсініп,

Шығардым қайғы жалынын.

Үмітсіз, ойсыз тіршілік,

Жабырқау неткен жарығың.

Қайда-қайда адуын жас адамдар,

Тақымында бұлқынған қашағандар.

Таң алдынан шүйілген түн бүркітін,

Қарсы алдынан сұп-сұлу тосады аңғар.

Қызырбек Оралұлы деген ақын болды:

Жаратқан тағдыр ерек айласымен

О, аспан сен әлемнің айнасы ма ең?

Дүние кіп-кішкене тарыдай-ақ

Мен енді қайда барам, қайда сіңем?!

Ғарыпхан дейтін ақын болды:

Басында заңғар таудың ала шатыр

Қатады бұлақтары балаша тым.

Тау қанша заңғар-биік болғаны мен

Ол менің талабымнан аласа тұр.

Сәдан Әнуар деген ақын болды:

Қара жартас, ақ жолақ қыран ұшқан

Хабарлап ұяларын тұр алыстан.

Түпкірінде болашақ бүркіт жатыр

Жаралғандай қомағай қызғаныштан.

Осы секілді өлеңдердің барлығы, әрине мен мысал үшін айтып отырмын ғой, сол біздің жас санамызға, бала идеямызға ерекше әсер етті.

El.kz: Яғни, Қытай қазақтарының төл ақындық сарыны қалыптасқан болып тұр ғой?

Сламхат Сейтқамзаұлы: Әрине, қалыптасқан өзіндік ақындық сарыны бар. Қазақ әдебиетінің үлкен бір бұтағы. Бірақ жеке жаратылыс емес. Қазір кейбіреулер айтады Моңғолия қазақтарының әдебиеті, мақал-мәтелдері, Қытай қазақтарының әдебиеті, мақал-мәтелдері дейді. Олай болуы мүмкін емес. Мен ұлтты бөлуге үзілді-кесілді қарсымын. Біз бір қазақпыз, бір халықпыз. Біздің тілімізде күні бүгінге дейін диалект жоқ. Бұлар Алаш идеясын жалғастыруда жазылған өлеңдердің мұрагері. Мен де сол ағалардың өлеңінен кейін, соларға еліктеп «Тұғырдағы бүркіт» дейтін өлең жаздым.

Тас түлек жылжи алмай тұғырынан

Шеңберлеп ұстап отыр, қу томардан.

Қор болып, қомданады қос қанатын

Құса боп қарай алмай томағадан.

Қомағай қанталаған мас көздері

Тұмантып көрер емес басқа-өзгені

Күлмеңдеп кеудесінде құзғын отыр

Жем қылып жазығы жоқ жас пендені.

Осылардың барлығында, жаңа оқыған бір-бір шумақ өлеңдерде саяси түс, саяси астар бар. Ақындар тіке айтпады. Оқушыға ойланатын мүмкіндік қалдырып кетті. Біздің кезімізде өлеңді ұзақ жазу болмады. Ұзын өлең 5-10 шумақ болмады. Кейін ғой, неғұрлым ұзын болса соғырлым жақсы шығар деп, метр-метр, құлаш-құлаш етіп жазады. Менің ойымша Алаш ақындары Міржақыптардың, Сұлтанмахмұттардың, солар қалыптастырған әдебиеттің сарқыны сол жаққа ағып барды. Сол идеяны жалғастырды. Мен соны жалғастырған ағаларыма рахмет айтқым келеді осы күні.

El.kz: Қазір Қазақстанда мынадай түсінік бар, орысша қоспай таза қазақша сөйлесең, «Сен Қытайдан келгенсің ба?» дейді. Жоқ, неге олай дедің десең, «Сіз таза қазақша сөйлеп тұрсыз ғой» дейді. Яғни айтқым келгені, қытайдағы қазақтарда тілдік қорымыз сол күйінде саф алтындай сақталып қалған сияқты...

Сламхат Сейтқамзаұлы: Иә, ол жақта тіл жақсы сақталды. Өте жақсы болатын. Бірақ қазір ол жақта да өзгере бастады, қазір аударма тіл кіріп кетті. Бұрынғы кездегі кітаптарды оқысаң, мысалы Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Міржақып Дулатұлы, олардан бір аударма, бөтен сөз таба алмайсың ғой.

El.kz: Қытайдағы қазіргі қазақтың ішінде елімізге танылмай жатқан әдебиет пен өнердің сом тұлғалары бар ма, бар болса бір-екеуіне тоқталып өтесіз бе?

- Жалпы қазаққа танылмай жатқан ақындар көп қой. Қытайда 70-жылдардан кейін бір кең заман, керемет жайлы дәуір болды. Сол кезде 300-ден астам роман шыққан екен, баспадан! Қытай қазақтарының өзінен. Ол аз дүние емес қой. Оның мүмкін сапасызы да бар шығар, бірақ дегенмен де саннан сапа шығады ғой. Сан болуы керек, саннан кейін сапаға өтеді. Сандық басымдық алмай ешкім ешқандай жетістікке жете алмайды.

El.kz: Нақты кімдер бар? Осы Сіздің сұхбатыңызды оқып, кейін жас ізденуші-ғалымдар ізденер деп сұрап отырғаным ғой.

Сламхат Сейтқамзаұлы: Ондай ақын-жазушылар көп. Мәселен Шәміш Құмар деген жазушы бар, Шәкен Оңалбай деген атаң бар, сексеннің ішіне келді. Жақып Мырзахан деген бар. Одан бөлек осы жаққа келген мықты адамдар бар. Олар көп. Мағас Сүлеймен деген бар. Асылбек Сақыш деген болды, қайтыс болып кетті. 40-тан астам повест жазған.

Елге келген Сапан Найман деген, өзін С. Найманғазы деп атайды. Сол адам қытайша-қазақша бес сөздік жасады. Қазақтың көне сөздерінен бір сөздік жасады. Ол ғажап жан енді, оның «көк сөздігі» деген бүкіл қазақты суарды. Қазір осында, жасы 83-ке таяды, Ұзынағашта тұрады. Жақында өмірбаяндық роман жазып шығыпты.

Сәди Садуақас деген кісі бар, жасы 81-ге кетті. Ол кісі ұзақ жыл Шыңжаң Жазушылар одағындағы «Шұғыла» деген журналды 40 жыл басқарды. Қазір осында, жай ғана қарапайым адам, ешкім іздеп жатқан жоқ.

Жұмабай Біләл деген жазушы бар, Қытайда қытай тілінде 8 том, қазақша 10 томдығы жарық көрген. Мына Қаскелеңде тұрады. Қазақстан Жазушылар одағында мүшелікте де жоқ. Ахметолла Қали деген болды, қайтыс болып кетті. «Арда Алтай» деген роман және 5-6 повест жазған.

Жақсылық Сәбитұлын білетін шығарсың, «Аласапыран», «Қаһарлы Алтай», «Ақ сәуле», «Ақ білек» деген повестері бар. «Аласапыран» кітабы түрік тіліне аударылған. Қажығұмар Шабданұлын білесің «Қылмыс» романын жазып қалдырған.

El.kz: Қазір елімізге Моңғолиядан, Өзбекстаннан, Ауғанстаннан да қандастарымыз келіп жатыр ғой. Жалпы солармен байланысыңыз бар ма? Өнерімен, оның ішінде ақындық өнермен танылғандарға тоқтала кетсеңіз, кімдерді атап өтер едіңіз?

Сламхат Сейтқамзаұлы: Менің олармен көп байланысым жоқ, моңғолиядан келген Бақытбек Бәміш деген ақын бар, журалист Есенгүл Кәпқызының күйеуі. Осы кісінің өлеңдерін оқимын. Жақсы жазады. Одан бөлек Өзбекстаннан, Қарақалпақстаннан келген бір қазақ әдебиеттаншуы ғалым бар екен, мен оны өзім көрмегенмін. Есімін ұмытып отырмын. Ол өлең оқығанды, жұрттың кітабын оқығанды ұнатады екен. Бір кітабым қолына түскен екен. Менің өлеңдерім патриоттық бағытта ғой. Ол да шеттің қазағы ғой, қайткенменен. Содан ол менің өлеңдерімді көп оқып насихаттап жүр екен. Қазір Таразда тұрады. Рахмет айтамын.

El.kz: Қытайда алған біліміңіз бен тәжірибеңіз Қазақстанда кәдеге жарады ма? Сұрағым келіп отырғаны Сіз кезінде «арғы бетте» ұстаздықпен де, журналистикамен де айналысыпсыз, осылар жайында айта отырсаңыз.

Сламхат Сейтқамзаұлы: Иә, мен ол жақта ұстаздықпен де, журналистикамен де айналыстым. Тіпті «Іле ағарту» журналының бас редакторы болып қызмет еттім. Мен алғаш Қазақстанға келгенде 1998 жылы Абай атындағы Педагогикалық университеттің аспиратурасында оқыдым. Жәди Шәкенұлы, Болат Бопай бар барлығымыз бірге оқып бітірдік. Осы күнге жеткенім сол жақта алған білімімнің жемісі ғой. Сол жақта бастап жазған өлеңдерім «Дала дабылы», «Алтай аясында», «Бәйшешек» атты ұжымдық поэтикалық жинақтарға енді. Сондай-ақ «Ақ жайқын» деген және жақында ғана «Ақ найза» деген атаумен жыр жинақтарым жарық көрді.

El.kz: Шабытты қайдан немесе неден аласыз?

Сламхат Сейтқамзаұлы: Шабыт деген әркімде әртүрлі ғой. Кейде құйылып, төгіліп, ауызға бір сөз келсе, соның айналасына сөздер жиналып, бірнеше шумақ болып кеп қалады. Сол сәтте жазып ала қоюға тырысамын. Көбіне жазып ала алмай қаласың. Ұмытылып қалады. Бірақ мен ананы көріп, мынаны көріп шабыттанып кетемін деп айта алмаймын.

Ата-бабаның қанынан шығар, ақындық қасиет, біздің тегімізде де болған. Шешем марқұм айтыс ақыны болған, Шөкек Бөрікбайқызы деген. Бейсен деген нағашым болды, 100-ге таяп қайтыс болды. Ол кісі де ақын еді.

Ақынның өлеңі өзінің идеясымен құнды. Менің өлеңдерімнің көбі патриоттық тақырыпта. Отаншылдық, Отанды сүю, Тәуелсіздікті аңсау тақырыбында. Қытайдан келген бетте отбасы, бала-шаға қамымен жүрдім. Біреуге сұғынып, жалпақтап жүретін адам емеспін. Осы жаққа келген соң, ешбір газетті іземедім. Ешкімге алақан жаймадым. Сондан бір күні «Үш қоңыр» деген газет бар екен, соның редакторы Болат деген жігіт үйдегі жеңгеңе «маған хабарлассын» деп телефонын қалдырыпты. Оған арғы беттен келген Әлімжан Әшім деген журналист: «Сләмхат деген аға жақсы ақын еді. Сол кісі шеттеп қалды» деп. «Өй, онда ол кісінің өлеңдерін басып шығарайық» деген екен. Содан хабарласып, бардым. Менің бірнеше өлеңдерімді басты. Содан кейін кітабыңызды неге бермейсіз дейді. Мен айттым, менікі түгел төте жазумен жазылған деп. Редакцияда Гүлжанат Шонабай деген қыз бар екен, сол қыз айтты «Аға, мен Сізге көмектесіп, көшіріп, басып берейін» деді. Шынымен көшіріп берді, «Ақ жайқын» деген кітабымды. Сол арада мен Қытайға барғанмын, ал үйдегі жеңгең кітапты қалай да шығарамыз деп бүкіл алтын әшекей бұйымдарын сатып жіберіпті. Осылай үйдегі кісінің демеушілігімен «Ақ жайқын» кітабым жарық көрді (күледі).

Байқағаным, қазір роман жазатын дәуір емес екен. Қысқа жазудың дәуірі. Романшылдықтан көрі өмірбаяндық жазба өтімді. Естеліктер жазу керек екен.

El.kz: Бала-шаға, немере-шөбере бар шығар? Бос уақытта немен шұғылданасыз?

Сламхат Сейтқамзаұлы: Менің төрт қызым бар. Біреуі мұғалім, біреуі журналист, Бауыржан Жақыптың шәкірті. Бос уақытымда тарихқа қатысты кітаптар оқимын. Бірақ тарихи романдарды тарих деп қабылдамаймын. Онда қоспа нәрселер көп қой.

Бізге өткенге жабыса берудің қажеті жоқ, біз енді осы заманның нәрсесін жазуымыз керек. Біз қазақты ұйыстыруға жұмыс істеуіміз керек.

El.kz: Марапат, сыйлықтарға көзқарасыңыз қалай? Оны да қазір біреулер бизнеске айналдырып алды...

Сламхат Сейтқамзаұлы: Мен сыйлық алған ақыннан сыйлық алмаған өнер адамдарын, ақын-жазушыларды шынайы деп ойлаймын. Қоғамның әр саласындағы мамандарға да сондай көзқарастамын. Себебі Кеңес кезіндегі Лениндік сыйлық, Қызыл ту секілді ордендер қазір далада жатыр, балалар да ойнамайды. Ана жылы «Арыстан» базарында орыс кемпір «Қызыл Ту», «Ленин» ордендерін сатып отыр екен, құны 5000 теңге. Құны осыншалықты дәрежеге түсіп кетті. Мысалы Мұқағали Мақатаев бір рет те марапатталамаған ақын ғой. Сол Мұқағалидан артық кісімсіп, содан артықпын деп жүргендер қазір не болды. Біреуі елдің есінде жоқ. Ал Мұқағали шын мәнінде халықтың жүрегінде қалды.

Қазіргі Абай атындағы Әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықты беру механизмдерін әлі де жетілдіру қажет деп білемін. Оны жоғары жақ белгілемеуі керек. Оны әдебиет жөніндегі коллегия белгілеуі тиіс. Оның құрамы жылда өзгеріп отыруы қажет. Мысалы Қытайда Мемлекеттік сыйлық деген жоқ, бірақ соның деңгейіндегі Мао Дунь сыйлығы беріледі. Мао Дунь деген жазушы болған. Сол өзі қалдырып кеткен қоры ұйымдастырады. Нобель сыйлығы сияқты. Сол Қордың сыйлық табыстау алқасының құрамына әр өлкенің жазушыларынан өкілдер қатысып отырады. Құрамы жыл сайын өзгеріп тұрады. Онда тамыр-таныстық, жемқорлық деген болмайды.

El.kz: Алдағы уақытқа қандай жоспарларыңыз бар? Елге айтар тілегіңіз бар болса, жеткізейік!

Сламхат Сейтқамзаұлы: Менің көп қолжазбаларым бар, алда соларды реттеп жинақтасам деймін. Еліміз аман болсын. Алла Тағала халқымызға еңбекшіл рух берсін. Қазір қазақтың саны 70% асты ғой, тіліміз дами берсін. Алда бар жақсылықтар болады деп ойлаймын.

El.kz: Салиқалы сұхбатыңыз үшін көп рахмет. Аман болыңыз.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға