Жаңалықтар

Әскери терминолгияда нені ескеру керек?

Терминжасам ісін қолға алу керек
15.10.2015 03:40 8911

Қазақ және өзге тілдің когнитивтік, псхолингвистикалық, әлеуметтік, лингвомәдениеттік мазмұндарын терең зерделеу арқылы терминжасам ісін қолға алу қажет.

Терминжасаушы әскери мазмұнды оның ішінде өзі атқаратын қызметтегі инженерлік-техниканың тетігі мен оның функциясын игерген маман болуы көзделеді. Өйткені терминнің негізгі лингвистикалық мазмұны ұғымды нақты мағынамен беруінде жатыр.Терминнің тілде орнықты орын алуы-танымдық қырының нақты танылуында.

Тілде бір ғана терминнің бірнеше ғылым салаларында қолданыс табуы бар. Кейде ғалымдар бұл жайға басқаша қарауды айтады. Тілдегі мұндай терминдік мазмұндардың болуы кейде екі ғылыми саладағы аргументтердің ұқсастығына байланысты немесе бір терминнің екінші бір ғылыми салада басқаша ұғымды түзуімен байланысты болар. Дегенменде ол терминнің ұғымды нақты беру мазмұны көзделеді.

Әскери терминологияның мемлкеттік тілдегі аясын кеңейту үшін алдымен осындай лингвистикалық ұстаным-талаптардан туындайтын терминжасамның негізгі әдіс-тәсілдеріне тоқталуымыз керек. Одан соң ең бастысы жалпы тіл қағидаларындағы салыстырмалы әдістерге де барып, ол арқылы өзге тілдердегі терминжасалымның табиғатына да көңіл аударуымыз қажет. Әлемдік іс-тәжірибедегі алдыңғы қатарлы озық технологияларды терминжасамға ендіру ғылыми тәжірибелерді оқып үйрену де алдымыздағы міндеттердің бірі. Әскери терминология нақтылықты, тілде ұғымдылықты, қолданыста коммуникативтілік тұрғыдан да прагматикалық қырынан да анықтылықты қажет етеді. Сондықтан термин сөздер оның ішінде әскери термин сөздердің қатары мен ұғымдық табиғатына үстіртін қарамай оны байыпты, әрі әскери саланың әртүрлі жүйе-құрылымына сай осы салаларда қызмет атқарып сол ұғымдармен етене жақын араласып жүрген әскери мамандар мен лингвист ғалымдар бірлесе отырып іске асыруы қажет.

Құрлық әскерлерінің құрылымдық салалары мен құрамдарында қолданыс тапқан терминдердің көпшілігі халықаралық терминдер ретінде қаралумен қатар көпшілігі шетел және орыс тілдерінен енген терминдер қатарын құрайды. Егерде мазмұны баршаға түсінікті болумен қатар оның қазақ тіліндегі баламасы әлі де болса терминком тарапынан бекімеген жағдайда қолданыс та жүрген бастапқы функционалдық қыры тілде сақтала береді.   

Терминология қай кезеңде де өзекті болуының өзі адамзат қоғамының өркениеттік даму қарқыны мен ақпараттық кеңістіктіктің күн озған сайын жаңа ұғым-түсініктерді тудыруынан болып отырғаны белгілі. Сондықтан жаңа технологиялар негізінде пайда болған әскери терминологияны іске асыру үшін алдымен бір тілдің тілдік құрылымдық жүйесі мен мазмұндық сипатындағы мүмкіншіліктерді барынша пайдалану немесе термин жасаудың өзге шет елдік әдіс-тәсілдерін де меңгеру – лингвистке күрделі лаборатоиялық міндеттерді шешуді алға тартады.

Құрылымдық жағынан терминдердің мынадай түрлері бар: түбір термин, туынды термин, күрделі термин, тіркесім арқылы жасалған термин, сондай-ақ номенклатуралық атаулар. Әскери терминологияның қатары да осындай құрылымы бар терминдер құрамынан тұрады. Соңғы кезде баспасөз сол сияқты әскери мазмұндағы іс-құжаттар мен әскери ресми тілде төмендегідей сөзжасамдық әдістермен жасалған терминдер қатарына тоқталғымыз келеді. Мәселе  әскери терминнің ұғымға сіңімділігі яғни ойға лайықтылығы көзделеді. Сондықтан қазір айтылатын әскери терминдерді әлі де болса тілдік мүмкіншілікке қарай сүзе білуіміз қажет сияқты. Мысалы: 

түбір сөдермен берілуі:

форма- нысан, түр, пішін,үлгі

резерв-қор, резерв

изоляция-оқшаулау

синтетикалық тәсіл арқылы жасалған әскери сөздер  мен аталымдар:

байырғы жұрнақтар арқылы әскери сөздердің жасалымы:

формальный-нысандылық,формальды түрде

стажировка – тағылымдама

разминирование - минасыздандыру

аналитикалық тәсіл арқылы жасалған әскери аталымдар:

тіркесім арқылы  жасалған аталымдар:

шеврон- жең белгі

управляемая мина- басқарылатын мина

самовольное отлучка- өз бетімен кетіп қалу

смена войск-әскерлерді алмастыру (аусым)

усиленная охрана – күшейтілген күзет

қосарлану арқылы:

Департамаент  организационно-мобилизационной

работы Министерство обороны-Қазақстан Республикасы Қорғаныс

минимстрлігінің ұйымдастыру-жұмылдыру департаменті

бірігу арқылы:

Аэромобильные войск Вооруженных Сил Республики Казахстан-Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Аэроұтқыр әскелері   

боеголовка- оқтұмсық

гильза – оқсауыт

Сондай-ақ қазіргі тілде атака, нападение, наступление сөздері бір ғана шабуыл сөзімен беріліп жүр. Бұл жөнінде  тілші-ғалым Ш.Құрманбаев «мұндай аталымдардың бұлай берілуі кемшілік» деп таниды. Терминологиядағы мұндай жайларды да қарастыру әскери мамандар мен лингвистердің міндетіне кіреді. Бұл жағдайда қазақ тілінің де семантикалық оның ішінде бір сөздің сөздік мағынасының кеңдігіне де қарау керек.

Екіншіден қазақ тіліндегі әскери мағына беретін сөздердің семантикалық компоненттеріне ондағы мағыналық белгілерге барынша мән беріп, қазақ тілінің семасиологиялық, психолингвистикалық, лингвомәдени сондай-ақ когнитивтік табиғатына тереңірек бойлау арқылы жол табу қажет сияқты.  Термин жасау  оны тілде қолдану  тіл мәдениетінің ең басты мәселесі. Сондықтан бүгінгі  ортаға салар мәселеміз бір сөзді термин етіп шығару емес, әскери термин жасаудың жоғарыда айтқан лингвистикалық методологиясына енетін ұсыныстардың тігісін жазып көрсету.


Биғат Тамаева

Құрлық әскерлері әскери институты

Мемлекеттік тіл кафедрасының меңгерушісі 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға