Жаңалықтар

Әскери оқу орындарға қалай қабылдануға болады?

Қазақстанда қанша әскери оқу орыны бар?
16.06.2016 03:59 9422

Қаншама жеткіншек арманына қанат байлап, жаңа өмірге қадам басады. Ресми деректерге сәйкес биыл түлектердің 70 пайызынан астамы ұлттық бірыңғай тестілеуден өтті. Мектеп бітірушілер үшін нағыз сындарлы сәт енді басталады. Әртүрлі сала маманы атануды көздеген жастарымыз құжаттарын арқалап, «еліміздің қай жоғары оқу орынын таңдасам екен, қай мамандықты меңгерсем» екен деп толғанып жүр. Түлектердің арасында әскери мамандық меңгеруге құлықты жастар да бар екенін ескеріп, Қазақстанда әскери білім беретін қанша ЖОО бар, әскери білім мекемесіне қалай оқуға қабылдануға болады деген сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Әскери оқу орындарға қалай қабылдануға болады?

Әскери оқу орындарға қалай қабылдануға болады?

Алдымен Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери институттарға тоқталып өтейік. Бүгінгі таңда қорғаныс саласына қажетті әскери мамандарды оқытатын үш негізгі әскери институт бар. Олар: Құрлық әскерлерінің әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Я.Бегельдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институты.

Құрлық әскерлерінің Әскери институты

Әскери оқу орындарға қалай қабылдануға болады?

Еліміздегі әскери мамандар даярлау ісінде нағыз ұстахана саналатын Құрлық әскерлерінің Әскери институты офицерлік кадрларды 11 мамандық  бойынша дайындайды:

Мотоатқыш әскерлерінің командалық-тактикалық даярлығы;

Әуе-десанттық әскерлерінің және әскери барлаудың командалық-тактикалық даярлығы;

Танк әскерлерінің командалық-тактикалық даярлығы;

Артиллерияның командалық-тактикалық даярлығы; 

Автокөлік әскерлерінің ккомандалық-тактикалық даярлығы;

Азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша командалық-тактикалық даярлық;

Киім-кешекпен қамтамасыз ету бойынша командалық-тактикалық даярлық; Жанар-жағар маймен қамтамасыз ету бойынша командалық-тактикалық даярлық;

Бронетанктық қару-жарақ және техника;

Инженерлік әскерлердің командалық-тактикалық даярлығы;

Әскерлерді ракета-артиллериялық қамтамасыз ету бойынша командалық-тактикалық даярлық;

Әскери аударма ісі.

Құрлық әскерлерінің Әскери институты келесі мекенжай бойынша орналасқан: Алматы қаласы, Красногорская көш. 35, тел: 8 (7272) 90-18-20, 90-12-42

Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты

Әскери оқу орындарға қалай қабылдануға болады?

ЖОО-ның негізгі міндеті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскерлері мен қаруланудың зенитті ракеталық, радиотехникалық әскерлерінің, байланыс бөлімдерінің, авиацияны радиотехникалық қамтамасыз етудің, автоматтандырылған басқару жүйелерінің кәсіби офицерлерін дайындау болып саналады.

Білім мекемесінде болашақ офицерлер 5 мамандық бойынша оқытылады:

Радиобайланыс пен көздеу;

Радиобайланыс пен зенитті ракеталық әскерлердің қондырғыларын жөндеу;

Зенитті ракеталық әскерлердің бөлімдері мен бөлімшелерінің радиотехникасы;

Радиотехникалық әскерлердің бөлімдері мен бөлімшелерінің радиотехникасы;

ҚР ҚК автоматты басқару жүйелерінің инженері.

Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Я.Бегельдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институты

Әскери оқу орындарға қалай қабылдануға болады?

Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты деп аты айтып тұрғандай еліміздегі әскери ұшқыш, әскери инженер мамандарды әзірлейтін жалғыз білім ордасы. Институттың негізгі міндеттері – әскери авиацияға  офицерлік кадрларды дайындау, әскери теорияны дамыту, қоғамдық ғылымдардың әскери, қару-жарақ, авиациялық әскери техниканың мәселелеріне  бағытталған ғылыми зерттеулер жүргізу, әскерлердің қауіпсіздігі және жауынгерлік дайындығын арттыру болып табылады.

Институт болашақ мамандарды 8 мамандық бойынша даярлайды:

Ұшқыш аппараттарын пайдалану, фронттық авиацияның командалық тактикасы;

Ұшқыш аппараттарын пайдалану, армия авиациясының командалық тактикасы;

Штурмандық авияцияның тактикасы;

Авиациямен жауынгерлік басқарудың командалық тактикасы;

Ұшқыш аппараттардың және оталғыштардың техникалық пайдалануы; Авиациялық радиоэлектронды құрал-жабдық;

Авияциялық электрофикациялық және ұшқыштық-көздеуіш радиоэлектронды құрал-жабдықтың техникалық пайдалануы;

Авиациялық қару-жарақтану.

Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институты Ақтөбе қаласы, Молдағұлова көшесі 16 мекенжайында орналасқан. Тел: 8 (7132) 52-28-45; 52-16-88.

Төменде көрсетілген оқуға қабылдау ережесі үш әскери институтқа да бірей қатысы бар.

Оқуға қабылдау ережелері

Ал, енді осы жоғарыда аталған әскери білім мекемесіне оқуға барам деуші түлектер не істеуі керек? Қандай құжаттарды қайда өткізеді?

1) Әскери мамандықты таңдаған түлек 25 шілдеге дейін тегін, атын және әкесінің атын, туған күнін, білім деңгейін, әскери оқу орнының және ол бойынша оқуға ниет білдірген мамандықтың атауын көрсете отырып, жергілікті әскери басқару органдарына өтініш жолдайды;

2) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери білім және ғылым департаменті жыл сайын 20 маусымға дейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен қабылдау және апелляциялық комиссиялардың құрамдарын, олардың міндеттерін, қабылдау комиссиясының жұмыс жоспарын, сондай-ақ ҰБТ-дан өту балын бекітеді.

3) Жоғары әскери оқу орындарына қабылдау 1-25 тамыз аралығында өтеді. Әскери білім мекемесін таңдаған түлек ең әуелі ҰБТ қорытындысын апарады. Әскери институттардың талабы – тестілеудің балы жоғары болуы тиіс.   

4) Келесі кезекте ҰБТ балы жеткілікті деп шешілген соң, түлектер дене даярлығы бойынша нормативтер тапсырады;

5) Медициналық тексерістен өтеді;

6) Психологиялық тест тапсырады.

Бүгінгі таңда білекке емес, білімге сенетін заман. Уақыт өзгерген сайын, заман түрленіп, талап та күшейді. Әскери салаға барамын деуші түлек үшін, білім және дене даярлығының жоғары көрсеткіші маңызды мәселе болып табылады. Спортта дәрежелі болып, халықаралық жарыстардың жеңімпазы болса тіпті жақсы. Бір орынға бірдей ұпаймен талас туған жағдайда, спорттық жетістіктер мен олимпиададағы жетістіктер ескеріледі. Одан кейін талапкердің интеллектісі маңызды орын алады. Өйткені, ол жерде қатардағы сарбаз емес, берген тапсырманы орындай алатын, мәселені шешуге келгенде таптырмайтын маман – болашақ офицерлер даярланады.

 

Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің Көкшетау техникалық институты

Әскери оқу орындарға қалай қабылдануға болады?

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің Көкшетау техникалық институтында күндізгі және сырттай оқу түрлері бойынша мамандар әзірленеді. Оқуды бітірген соң күндізгі оқу түрінің түлектеріне әскери іс және қауіпсіздік бакалавры академиялық дәрежесі мен «өртке қарсы қызмет лейтенанты» арнайы атағы беріледі.

Мамандықтар:

«Өрт қауіпсіздігі»;

«Төтенше жағдайларда қорғау»;

«Азаматтық қорғаныстың командалық-тактикалық күші»

Аталмыш мамандықтарды меңгерген мамандар оқу орнын бітірген соң, Қазақстан Республикасы ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің бөлімшелерінде жұмысқа тұрғызылады.

Оқуға қабылдау шарттары:

Азаматтарды институтқа қабылдау төрт кезең бойынша өтеді:

Бірінші кезеңде Институттың мемлекеттік қабылдау комиссиясы ҰБТ немесе ТКТ (қазақ немесе орыс тілдері, Қазақстан тарихы, математика және төртінші пән - физика, бейінді пән – математика) сертификатындағы балдарға сәйкес іріктеуді өткізіп, оқуға үміткерлерді қалыптастырады;

Екінші кезеңде медициналық және психофизиологиялық көрсеткіштер бойынша іріктеу өтеді;

Үшінші кезеңде дене шынықтыру көрсеткіштері бойынша іріктеу жүргізіледі  Төртінші кезеңде - мандаттық комиссия курсанттар қатарына қабылдайды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Әскери институты

Әскери оқу орындарға қалай қабылдануға болады?

Институт Ұлттық ұланға командалық, тәрбие және әлеуметтік-құқықтық, тылдық, автомобильдік, инженерлік-техникалық, ракета-артиллериялық қамтамасыз етуге тактикалық басшылық ету мамандықтары бойынша офицерлер даярлап, «лейтенант» әскери атағын және мамандығына сәйкес біліктілігін қоса береді. Оқыту бағдарламасында курсанттардың ЭЕМ операторлары және «ВС» санатты жүргізуші мамандықтарын меңгеруі қарастырылған. Курсанттарды оқыту 7 кафедрада жүргізіледі.

Ұлттық ұланның Әскери институтында білім алуды арман еткен талапкерлер қатаң талап сүзгісінен өтеді. Денсаулығына, күш-қуатына ерекше мән беріледі. Дене шынықтыру дайындығынан нормативтер, әскери-кәсіптік бағыттағы психологиялық тест, бірнеше пәннен кешенді сынақ тапсырады.

ҚР Ішкі Істер Министрлігінің  Алматы Академиясы

Әскери оқу орындарға қалай қабылдануға болады?

ҚР ІІМ Алматы Академиясы келесідей мамандықтар бойынша оқытады:

Тергеу-криминалистика қызметі;

Жедел іздестіру қызметі;

Жедел-криминалистика қызметі;

Әкімшілік-құқықтық қызметі

Ережеге сәйкес Академияға кәсіптік-техникалық және жалпы орта білімі бар, ішкі істер органдары қызметкерлеріне қойылатын талаптарға жауап беретін, оқуға және әскери қызметке денсаулығы жарамды, 16 жасқа толған және 25 жастан аспайтын Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады. Кешендік тестілеу азаматтардың қалауы бойынша қазақ немесе орыс тілдерінде және негізгі пән (дүниежүзі тарихы) бойынша көрсетілген мамандықтар тізіміне сәйкес жүргізіледі.

Мекенжайы: Алматы қаласы, Өтепов көшесі, 29.

Тел: 8(727) 337-81-11, Факс: 8(727) 337-80-88. Интернет пошта: Akademy_mvd@mail.ru сайт

ҚР ІІМ Қарағанды заң институты

Әскери оқу орындарға қалай қабылдануға болады?

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 2001 жылы ҚР ІІМ Қарағанды заң институтына Б.С.Бейсеновтің есімі беріліп, 2005 жылдың 5 мамырында ғұлама тұлғаға арнап, ЖОО-ның аумағында ескерткіш орнатылды.

Институт төмендегі мамандықтар бойынша кадрлар даярлайды:

Қылмыстық құқық, криминология және қылмыстық-атқару құқығы;

Қылмыстық іс жүргізу;

Криминалистика және сот сараптамасы;

Жедел-іздестіру қызметі.

ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе Заң университеті

Әскери оқу орындарға қалай қабылдануға болады?

Ақтөбе Заң университеті «құқыққорғау ісі» мамандығы бойынша әскери кадраларды оқытады. Білім ордасы биылғы түлектерді оқу жүйесіне енгізілген жаңа өзгерімтер бойынша қабылдайтынын айта кеткеніміз жөн. Қысқартылған бағдарламаға сай түлектер 2 жыл білім алып, заңгер мамандығын меңгеруіне мүмкіндік беріліп отыр. Ішкі істер министрлігі ведомоствосы басшыларының айтуынша, 2016 жылдан бастап Ақтөбе Заң институтын кәсіби қайта даярлықтан өту үшін біліктілікті көтеру және кадрлардың біліктілігін арттыру институтына айналдыру жоспарланып отыр.

Институттың мекен-жайы: Ақтөбе қаласы, 41-жол айрығы, Курсанттар тас жолы 1, 8(7132)41-43-15, 41-43-21, 98-80-37.

Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД кадрлық бөлімшелері Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің оқу орындарын жабдықтау жұмыстарын бастады.

Медициналық комиссия, сонымен қатар, арнайы тексерулерді өткізуге байланысты ІІМ жүйесінің білім мекемелері талапкерлерді таңдауды уақытынан бұрын қолға алады. Полицияның оқу орындарына қабылдау екі кезең бойынша жүзеге асырылады: бірінші кезең – медициналық, физикалық және психологиялық көрсеткіштерді қамтыса, екіншісінде қабылдау комиссиясы үміткерлерді тыңдаушылар қатарына қабылдай бастайды. ҚР ІІМ оқу орындарына түсуге құжаттарды әзірлеу барысында қойылатын басты талаптар – орта және орта жоғары білім, сонымен қатар, жас мөлшері 25-тен аспауы тиіс.

ІІМ оқу орындарына түсуге үміткерлердің физикалық даярлығына және медициналық көрсеткіштеріне ерекше көңіл бөлінеді. Кәсіп мықты денсаулықты қажет ететіндіктен, әскери-дәрігерлік комиссия тексерісті екі айналым бойынша өткізеді.

ҰҚК Шекара қызметінің академиясы

Әскери оқу орындарға қалай қабылдануға болады?

Академияда оқу мерзімі 4 жыл. 5 мамандық бойынша кадрлар даярланады:

Командалық-тактикалық;

Жедел-барлау қызметі;

Шекаралық бақылау;

Кинология;

Қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетті моральдық-психологиялық қамтамасыз ету.

Мекен-жайы: Алматы қаласы, Достық даңғылы 103, тел/факс: 8 (727) 264 65 29, e-mail: viknbrk@mail.ru

Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің институты

Әскери оқу орындарға қалай қабылдануға болады?

Институттың негізгі міндеті – басшылық буынның офицер кадрларын дайындау, сондай-ақ ҚР КК-нің шекара әскерлері үшін офицер құрамын қайта дайындау мен біліктілігін арттыру, әскери ғылыми-педагогикалық мамандарын дайындау.

Мұнда қабылдау комиссиясы қараша айынан бастап жұмыс істейді. Талапкер 10 ай бұрын өтініш беріп қоюы қажет. Алдымен жергілікті жердегі  ҰҚК-нің (ауылдық жерде болса аудан орталығына барып) кадрлар бөлімінен не істеу керек екенін сұрайды. Олар арнайы тексеруден өткізгеннен кейін, құзырлы орган академияға тапсыруыңызға ұсыныс береді. Медициналық комиссиядан өтіп, мектептің аттестатын «құшақтап», аймақтық ҰҚК-нің басқармасындағы қабылдау комиссиясы мен мандатты комиссияның қарауына барады. Одан өткеннен кейін ҰБТ-нің нәтижесімен институтқа тіке тартуға болады.

Ал, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің институты мен академиясының айырмасын ажырата алмай жүргендер болса, жауап мынандай: Академияны тәмамдаған түлек ҰҚК органдарына жұмысқа қабылдана береді, ал институт тәмамдағандар шекарашы қызметіне кетеді. Академияға тапсырғысы келгендер ағылшын пәнін, институтқа түскісі келгендер география пәнін таңдауы керек.

Қадірменді түлектер, жоғарыда аталған әскери мамандықтар бойынша кадрлар әзірлейтін жоғары оқу орындарында білім алу мемлекет тарапынан тегін екенін қайталап айтқым келеді. Жолыңыз болып, оқуға қабылданған жағдайда 4 жыл тегін жатын орын, киім-кешек, тамақ сондай-ақ шәкіртақымен қамтамасыз етілетін боласыздар!!! 

P.S. Әскери саланы таңдаған түлектер, біз тізбектеп өткен оқу орындары Отан қорғау, құқық, тәртіп секілді ұғымдарға негізделгендіктен, бұл салада әлсіздік, шыдамсыздық секілді қасиеттерге орын жоқ екенін ескергендеріңіз абзал. Болашақ әскери маман иесі – болашақ Отан қорғаушы маман. Баршаңызға сәттілік тілейміз!


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға