Жаңалықтар

Әскери ұшқыштар «Авиадартс-2016» байқауына дайындық үстінде

Әскери ұшқыштар
14.05.2016 05:56 6273

«Қызылағаш» және «Қазақстан» авиациялық полигондарында «Авиадартс-2016» ұшу экипаждарының халықаралық байқауына қатысу үшін Қазақстан Әскери-әуе күштерінің ұшқыштары арасында іріктеу кезеңі жалғасуда.

Әскери ұшқыштар «Авиадартс-2016» байқауына дайындық үстінде

Биыл байқау 2016 жылдың 26 шілде мен 12 тамыз аралығында Ресей Федерациясында өтетін болады. Қазақстанның Әскери-әуе күштері атынан халықаралық сайысқа Су-27 және МиГ-29 жойғыштарының, Су-25 шабуылдағыштарының, сондай-ақ Ми-8 және Ми-17 көліктік-жауынгерлік тікұшақтарының экипаждары қатысады. Ұшу құрамы байқауға белсенді даярлық үстінде.

Әскери ұшқыштар «Авиадартс-2016» байқауына дайындық үстінде

Әуеайлақтарда инженерлік-техникалық құрам және жер үсті ұшуларын қамтамасыз ететін мамандар толық даярлықтан өтті. Айта кетейік, Халықаралық Армия ойындары аясында өтетін бұл дүбірлі додаға Григорий Кондратюк, Әділ Искаков, Владимир Железнов сынды капитандар екінші мәрте қатысады. «Мұндай халықаралық деңгейдегі сайыста біздің еліміздің атынан өнер көрсету – біз үшін үлкен құрмет. Байқауда, әрине мықты қарсылас болары анық. Алайда, менің ойымша біздің ұшқыштардың да қарқыны күшті, тәжірибесі жетерлік және ең бастысы жеңіске деген құлшынысы басым», – дейді капитан  Григорий Кондратюк.

Әскери ұшқыштар «Авиадартс-2016» байқауына дайындық үстінде

Капитан Азат Абдуллин 2007 жылдан бері Су-25 ұшағымен ұшып келеді. Ол байқауға Су-25 ұшағын басқарушы ретінде екінші рет қатыспақ. Алғашқы халықаралық байқауда жетекші рөлде болған еді. Ол үшін мұндай жоғары деңгейдегі конкурста Қазақстанның Әскери-әуе күштерінің атынан өнер көрсету жоғары мәртебе. Капитан күн сайын өзінің қызметтестерімен бірге алдағы сайысқа белсенді түрде дайындалып, ұшу шеберлігін шындауда. Байқауда ұшақтар мен тікұшақ экипажы үшін ұшуды басқару техникасы, навигация мен визуалды әуе барлауын жүргізу бағыты, сондай-ақ жер-үсті ұшу мақсатында жауынгерлік қолдану бойынша ұшу тапсырмалары беріледі. Барлық ұшу түрлері қарапайым  метеорологиялық жағдайда өткізіледі. Байқаудың соңында төзімділік пен жылдамдығын анықтау мақсатында  дене даярлығынан жарысқа түседі.  

Әскери ұшқыштар «Авиадартс-2016» байқауына дайындық үстінде

«Ұшу және инженерлік-техникалық құрам үшін бұл байқау тиімді тәжірибе болды. Біріншіден, сайыс жауынгерлік жағдайда өтті. Екіншіден, қарсыластарына өздерінің дайындық деңгейін көрсетіп, тәжірибе алмасады. Үшіншіден, шара Қазақстан Қарулы Күштері мен Әскери әуе күштерінің беделін көтеруге мүмкіндік береді. Өткен жылы біздің экипаж достастық елдері арасында жалпы командалық есепте екінші орынды иеленді. Байқауға лайықты қарсыластар қатысты. Сонымен қатар, жекелеген номинациялар бойынша біздің ұшқыштар: Ми-8 тікұшағының экипаж командирлері капитан Алексей Кейль және аға лейтенант Ақжан Айтбаев, МиГ-29 жойғыш ұшағының ұшқыштары капитан Нұрбек Әбдішүкір және аға лейтенант Владимир Бурковский жүлделі орындарға ие болды.

Әскери ұшқыштар «Авиадартс-2016» байқауына дайындық үстінде

Биылғы жылы біздің ұшу және инженерлік-техникалық құрам жоғары нәтиже көрсетеді деп сенемін» - деп атап өтті ҚР ҚК ӘҚК Әскери әуе күштерінің қолбасшысы авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов. Айта кетейік, іріктеу кезеңі 2016 жылдың 5 шілдесінде аяқталады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға