Сирияда парламент сайлауынан кейін алты әйел депутаттық мандатқа ие болды
Сирияда Башар Асад биліктен кеткеннен кейінгі алғашқы парламент сайлауы өтті. Жаңа парламент елде тұрақты Конституция қабылданып, жалпыұлттық сайлау өткізілгенге дейін жұмыс істемек, деп жазады El.kz интернет порталы.
Жалпы 210 депутаттан тұратын парламенттің 140-ы сайлау арқылы, қалған 70-і уақытша президент Ахмед аш-Шарааның тағайындауымен бекітіледі. Алайда, сайланған 119 депутаттың ішінде небәрі алты әйел бар. "Бұл әйелдердің қоғамдағы рөліне сәйкес келмейді" деп мәлімдеді жергілікті сайлау комиссиясы. Сондай-ақ, парламентке екі христиан өкілі өткен.
Ресми мәлімет бойынша, діни және этникалық азшылықтардан небәрі 10 депутат орын алды. Олардың қатарында курдтар, христиандар және екі алавит бар. Сарапшылардың пікірінше, мұндай көрсеткіш халық құрамындағы азшылықтардың үлесін толық қамтымайды.
Қауіпсіздік пен саяси себептерге байланысты үш провинцияда, соның ішінде Ракка мен Хассекеде дауыс беру кейінге қалдырылды. Бұл жағдай барлық қауымдардың парламентте әділ өкілдік алуына кедергі келтірді деген сын айтылды.
Жаңа депутаттардың бірі, құқық қорғаушы Нур әл-Джандали парламенттің алдында үлкен жауапкершілік тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, басты міндет – бостандық пен әділдікке негізделген мемлекетті қалпына келтіру, ал бұл процеске әйелдер де белсенді араласуы тиіс.

