Жаңалықтар

Сырға толы Саура көлі

Маңғыстау ғажайыбы
Сырға толы Саура көлі
25.07.2017 15:34 11932

Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданына бара жатқан жолда Саура шатқалы бар. Табиғаты тамаша шатқалдың ішінде суы мөп-мөлдір, мұнтаздай таза көлді кезіктіресіз. Халық арасында осы орын жайлы көптеген аңыз-әңгімелер тараған. Ол әңгімелердің көбінде Бекет ата есімі аталады. Осыдан-ақ, бұл маңның қасиетті екенін аңғарамыз.

Бағы тайған әйелдің көз-жасы

Осы маңдағы ауылдардың бірінде бақытсыз әйел өмір сүріпті. Оның бақытсыз болуының себебі, өзі сүйген ері балалы болатындарын естіп, теріс айналған екен. Күн шығысынан батысына дейін байғұс әйел Саура көліне келіп, көз-жасын төгетін болыпты. Осыдан көлдің су кермек тартыпты-мыс. Ақыры, қайғы-мұңды еңсере алмаған әйел биік жартастан құлап, о дүниеге аттанып кетеді. Кей адамдардың айтуынша, оның сүйегі көлге жақын орналасқан теңізден табылыпты. Бұдан Саура көлі мен жақын жатқан көк теңіздің арасында бір байланыс бар деген тұжырым шығады.

Жетім баланың келешегін көрсеткен көл

Баяғы заманда бір керуен қожайынының жетім құлы болыпты. Ол байғұс не тамаққа жарымай, не киімге жарымай, қор болып жүреді екен. Жетім бала ішіндегі зарын тірі жанға айта алмай Саура көліне келіп ақтарып тұрған деседі. Бір күні көл жағасына еңсесін езген қайғысымен бөлісуге келсе, су бетінен өз бейнесімен қатар бір ақсақал бейнесін көреді. Үңіліп қарағанда, өзінің қартайғандағы бейнесі екенін ұғады. 

Осы оқиғадан соң көп ұзамай қожайыны алыс сапарға шығып, жолда бір керуенге жолығады. Екі керуен бір мәмілеге келе алмай, қожайыны өтем ретінде әлгі жетім баланы тастап кететін болып келіседі.

Қарсы кезіккен керуен арасында жүрген Пір Бекет жетім баланы ойланбастан алып қалады. Осыдан бастап баланың өмірінде үлкен өзгерістер орын алған екен. Кейін бұл баладан философ, астролог, ғалым шығыпты, оның есімі – Ұлықбек ғұлама.

Күмәнді жұтатын көл

Бір күні бірнеше елдердің ғұламаларының арасында кімнің әруағы мықты деген сұрақ туындапты. Сонда Пір Бекет «Саура шатқалына кім бірінші болып жетсе, соның әруағы мықты болғаны» деген ұсыныс айтыпты. Сөйтіп ғұламалар ертеңіне маямен, тұлпармен көл маңына жетіп келсе, мұнда алаңсыз Бекет ата отыр дейді. Ал көл бетінде аппақ жеті аққу жүзіп жүреді. Ғұламалар Пірден қалайша бәрінен бұрын келгенін сұрайды.

Ол болса, күмәндарыңның қара қуларына мініп, ұшып жеткенін айтады. «Сенімсіздіктеріңнің кесіренен қулар қап-қара болған еді, көлге келгенде олар бірден ағарып кетті» дейді. Саура көлінің мұнтаздай мөлдірлігі, тұнықтығы кез келген күмәнді сейілтіп, тазартады деседі білетін жұрт. Пір Бекеттің құдіреттіне осылайша ешкім қарсы келе алмапты-мыс.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға