Жаңалықтар

Сирек кітаптар ұлттық орталығының қорына 40 көне қолжазба тапсырылды

Сирек кітаптар ұлттық орталығының қорына 40 көне қолжазба тапсырылды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 04.05.2024 15:00 577

ҚР қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қорына 40 көне қолжазба мен кітап тапсырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығының қызметкерлеріне Жамбыл облысындағы ғылыми экспедиция барысында араб, парсы, шағатай тілдеріндегі 40-қа жуық көне қолжазба мен сирек кітаптар табысталды.

Көне кітаптардың ішінде XVIII ғ. ортасында өмір сүрген Аллаяр Сопының өлеңдері жазылған қолжазба, Пайғамбарлар өмірбаяны өлең түрінде  жазылған қолжазба, Қазанда басылған Қасиетті Құран Кәрімнің бірнеше данасы, түрік-осман авторы Мухаммад Челебидің 1894 ж. Қазанда басылған «Мухаммадия» кітабының бірнеше данасы, «Мәуліт» кітабы, Физули өлеңдері, Ханафи мазһабы бойынша іргелі еңбектердің бірі «Шарх әл-Викая», 1893 жылы Стамбулда басылған «Шарх әл-Кафия ли-Исфаханди» бар. Сондай-ақ Қожа Хафиз Ширазидің парсы тіліндегі ғазалдары, Мухаммад Саляхтың 1902 ж. Қазанда басылған «Тарджама Мухтасар әл-Викая» еңбегі, сондай ақ Ислам тарихына қатысты, араб, түркі грамматикасына қатысты кітаптар мен мұсылман күнтізбесі де құнды мұралар қатарын толықтырды.

Сонымен қатар, қолжазбалар орталығының қызметкерлеріне кітаптар сақталған құнды жәдігер қара былғарымен қапталған сандықша қоса берілді.

Ғылыми-зерттеу экспедиция барысында орталық қызметкерлері Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы мен  Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі және «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында болған қызметкерлер бірнеше құнды кітаптардың көшірмесін алды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға