Жаңалықтар

Сырбай Мәуленов – публицист-журналист

Майдангер жазушы, публицист
Сырбай Мәуленов – публицист-журналист
27.09.2017 15:08 8953

Сырбай Мәуленов – жастайынан тағдыр тауқыметін тартып, сұрапыл сәттермен бетпе-бет келіп өсті. Оның шабытын қамшылаған да осы өмір шындығы. Өз естеліктерінде автор балалық шағы халықтың аштықтан қырылып, аман қалғаны саяси қуғынға ұшыраған ең қиын-қыстау сәтпен тұспа-тұс келгенін күйінішпен жазады. Он жасында көзімен көрген сол бір қасіретті күндердің қорқынышты көрінісі бала жүрегіне мәңгілік жара салғаны анық. «Сол бір күйінішті» жылдарда атты очеркінде Сырбай Мәуленов бұл туралы ашына жазған.

Саналы ғұмырында Сырбай Мәуленов Ұлы Отан соғысына қатысып, ел қорғады. Абай атындағы Алматы Мемлекеттік Ұлттық университетінде білім алып, болашақ үшін білікті маман болуға талпынды. 1943-1950 жж. Қостанай облыстық радиокомитетінде редактор, "Большевиктік жол" газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, 1951-1955 жж. Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында редакция меңгерушісі, 1957-1961 жж. Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, "Қазақ әдебиеті" газетінде бас редактордың орынбасары, 1964-1971 жж. "Жұлдыз" журналының, 1955-1957, 1971-1977 жж. "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы болды.Қысқаша шолу жасай отырып, бүгінгі зерттеуіміздің негізігі өзегіне ойысамыз. Яғни, Сырбай Мәуленовтің публицистикасына жан-жақты талдау жасап, тың жаңалықтармен бөлісеміз.

Сырбай Мәуленов жайлы сөз қозғағанда көпшілік оның ақындық қырына ғана мән береді. Әдебиетіміздегі тау тұлғаларымыздың бірі десек, ешкім дау тудыра қоймас. Алайда, қазақ баспасөзінің қысылтаяң сәтінде санаулылардың бірі болып Сырбай Мәуленовтің мерзімді басылымдарда аянбай еңбек еткенін жоққа шығара алмаспыз. Жарияланымдарының басым көпшілігі естеліктер мен өлеңдер, очерктер екені рас. Шығармаларына «әдеби» деген баға берсек те, олардың тұнып тұрған  публицистка екенін де оқыған адам бірден таниды. Әрбірінің өзіндік қоғамдық мәні бар. Ал қоғамдық мәні бар тақырыптарға арналған туындыларды қай жағдайда да публицистикаға жатқызуға болады. Н. Кольцов бұл жөнінде былай дейді: «Публицистика – ең бір жағымды мағынадағы әдеми-қоғамдық жанр, ол публицистің өзі тапқан немес алғаш рет мәлім ететін деректерін қорытады. Бұл ретте, жаңаша қорыта алатын және көрсете алатын мақала ғана нағыз публицистика болса керек».

Қай мақаласын, очеркін алып қарасаң да шынайы, батыл, көркем тілмен жазылған. Ақиқатпен бетпе-бет келу оңай болмаса да, көзіңмен көргеніңді жазу ол әлдеқайда артық. Сырбайды публицист қылған да осы – өмір мектебі. Ол көзімен көргенін қағазға түсірмейінше байыз таппайтын оперативті маман болған. Оған дәлел бірнеше естеліктері бар. Алғашында, күнделікті шығатын газетте жұмыс істегендіктен оперативтілікке әбден төселгеніне таңқалудың қажеті жоқ. Ол «Большевиктің жол» газетінен болашаққа жол тартты.

1938 жылы облыстық «Лениншіл жол», Теміржол бөлімшесінің «Большевиктік жол» газеттеріне қоса, Сырдария аудандық газеті шығып тұрған.

Сырбайдың бірге өскен досы, Еламан Жүнісбаев «Дос туралы» сыр деген естелігінде: «1938 жылы Сырбайдың «Комсомолка құрбыма» деген өлеңі Сырдария аудандық «Сырдария» газетінде жарық көрді. Сырбайдың баспасөз бетін тұңғыш көрген туындысы да сол болатын»[4.298],–деп жазды. Бұл әрине жас Сырбайдың тырнақ алды туындысы. Ал оның журналистік қызметі 1943 жылдан басталды. Он сегіз жасында соғысқа аттанып, майданда ауыр жараланып, елге оралған кезінде «Большевиктік жол» газетінде меншікті  тілші болып қызмет атқарады. Бұл уақытқа дейін ол өзінің өмірбаяндық очеркінде көрсеткендей анда-санда өлең,әдеби мақала жазғаны болмаса, редакцияның қара жұмысынан хабарсыз болды. Сырбай Мәуленов өзінің газеттегі алғашқы еңбек жолы туралы «Шыңдалу мектебі» деген очерк жазды.

С.Мәуленов алғашқы журналистік жолын заметка, мақала, суреттеме, корреспонденциялар жазудан бастады. Ал журналистика теориясы методологиялық негізі зерттеуші орыс ғалымы М.С. Черепахов: «Публицистика-жанрына мыналар жатады: заметка, репортаж,сұхбат, есеп, корреспонденция, мақала, хат, рецензия, шолу, баспасөзге шолу»,–дейді. 

Қазіргі таңда басы дауға қалып жүретін қауымның бірі – журналистер. «Төртінші билік» деген атағы болған соң, халықтың журналистерден көп нәрсе күтетіні жасырын емес. Қоғамның көлеңкелі тұстарына жарық түсіруды талап етеді.Журналистің сөйлеген сөзі, жұрт алдында өзі-өзі ұстауы үнемі ел назарында болады. Осы бір қиындығы мен қызығы көп мамандықтың жілігін шағып, майын ішкен майталман Сырбай Мәуленов тілшілерге мынадай анықтама береді:

«Тішлі – қоғамның құлағы көзі, дауысы. Оған ел қайраткер деп қарайды. Сондықтан да сорақыға соққы беруге қатынаспай,  шеттен  қарап, қалыс қалсаң, сенің  арыңа дақ түседі. Соны ойлайсың да, жаның шыдамай, дауға түсесің. Үстіңнене жүріп жатқан өсек жүгін де көресің. Қаншама уақытты, жүйкеңді шындық жолына сарп етесің».

«Сырбай Мәуленовтің өзі кәсіби тілші ретінде жазған алғашқы заметкасы «Кемшіліктер іс үстінде жойылатын болсын» деген тақырыппен жарыққа шықты. Бұл заметкада Федоров ауданына қарасты Буденный атындағы колхоздың егін орағын баяу жүргізіп отырғаны,оның басты себебі, колхозда бар  11 лобогрейканың екеуі ғана жұмыс істеп жүргені айтылады». Дәл осы іспеттес «Пішкен жинау» қарқыны нашар дегенмақаласы жарық көріпті. Онда Пешков ауданында шөп машиналарының дер кезінде жөнделмеуі салдарынан және еңбек тәртібі дұрыс жолға қойылмауы себепті, шөп шабу науқанының өте баяу жүргізіліп отырғаны айтылады. Аудандық жер бөлімі бастығының пішен дайындауға салғырт қарап, колхоздарды араламағанын жасырмай, атын атап тұрып көрсеткен.«План жақсы, іс нашар», «Мал басы алынған міндеттемелерге сай өсірілуде», «Пешковтың клубы, аузында тұр құлыбы», «Қарқын әлі нашар» сынды дербес мақалалары оның журналистік тәжірибесінің бастауы ғана. Осыған қарап отырып, журналистік қызметін аудандағы меншікті тілші ретінде бастауының өзі дұрыс шешім болғанына көзіміз  жетеді.

Сырбай Мәуленов, әсіресе, 1943-1945 жылдар аралығында Қостанай облыстық «Большевиктік жол», «Сталиндік жол» газеттерінде қарқынды түрде жазып тұрған. Осы жалдар аралығындағы соғыс тақырыбына арналған мақалаларын баспасөз беттерінде көп жариялады. Автор публицистика жанрларының барлығын қамти білген . Соғыс тақырыбында жарияланымдарын көбінесе очерк түрінде жазған. Қысқа көлемге барынша үлкен мағына сыйдыра білген. Суреттеу тәсілін шебер пайдаланып, өз очерктерінде  дәйектерді  суреттеу ақылы көрсете білген. «С. Мәуленов очерктерінде фактінің астарына үңіліп бара алады, оның қандай жетістік екенін кәдімгі соқырға таяқ ұстатқандай талдайды», – дейді Н.Омашев

Тілші үшін қоғам игілігінен биік ешнәрсе жоқ. Журналист этика мен мәдениет шеңберінен шығып кетпей, заңға қайшы келмейтін кез келген жолмен ақпарат алуға құқығы бар екенін жақсы білеміз. Кей кезде тәуекелге бел буып, талай қауіп - қатермен бетпе-бет келетін, ұйқы-тамақтан бас тартатын  сәттер де жиі болады. Сырбай Мәуленов те өзінің қызметіне адал берілген еңбекқор мамандардың қатарына жатады.

«Күнделікті шығатын газеттің жемсауын толтыру қиын. Жергілікті жерден түскен хаттардың маңызы мардымды емес. Факті жетпейді, факті жетсе, тіл жетпейді. Мақаланы ептеп айшықты тілмен ажарлайын десең, таптаурын жолдан таймайтын Арзымбет ырыққа жібермейді. Редактор командировкада. Газетке Арзымбет қол қояды. Ерінбейді. Көбіне редакцияға түнеп жүреді. Ұйқысы қанбағандықтан, көзі қып-қызыл от шашады. Обыстық партия комитетінен бастап, ол кезде түнде де жұмыс жүріп жатады. Ештеңені өндіріп, қопарып тастамасаң да, таң атқанша орныңнан қозғалмайсың.

Мен «Қостанай» астық совхозынан аудан орталығына талай жаяу барып жүрдім.Ол екі орта кемінде қырық шақырым жер. Ымырт үйіріліп, қараңғылық түссе ботинкаңды иығыңа салып алып, жалаң аяқ зырлап жүгіресің. Ол кезде байланыс шамалы. Көп жерде телефон жоқ. Ал редакцияға қалай да материалды үлгертіп, жеткізуім керек. Қарталы, Тройцк, Тоғызақ секілді станцияларға барғада материал жөнелту үшін, Қостанайға жүретін поездарды тосамын».

Сырбай Мәуленовтің «Большевиктік жол» газетінде жүргенде жазған алғашқы очерктерінің бірі «Менің замандастарым»:

«Демалыс күні еді. Сақтаулы жатқан хаттармен сырласуға ойландым. Алдымда бір шумақ хат жатыр. Бұл хаттар – замандастарымның жан сыры, көңіл күйі. Олардың адам жүрегінің жалынды сөздерін, достық сезімінің майда лебін менің сақтамасқа қақым жоқ.

Қолыма алдымен Айтастың хаты ілікті. Хат сонау сұрапыл шайқас, қанды ұрыс күндері Шығыс Пруссиядан жазылған: «Достым, аспанда жаумен айқасып, дұшпанды дүрліктіре Берлинге  атой салып, шеру тартып барамыз», –депті. Бұл Отанын жанындай сүйген жас ұшқыштың сөзі. Ол жау ордасын жайратып, жеңіспен елге оралып, Сырдария бойында жемісті еңбек етіп жүр.

Мынау хат қандай қызық! Қаншама тамаша сыр жатыр бұл хатта. Хат иесі Жұбатқан көз алдымда күлімсіреп тұрғандай».

Сырбайдың майдандас достарының жан дүниесін бәрінен артық түсінгендігіне ешкім шүбә келтіре қоймас. Себебі, ол өзі де қаңғырған оқтың ортасында от кешіп, Отан үшін күрескен азаматтардың бірі.

Өз естеліктерінде С. Мәуленов Қостанай облыстық «Большевиктік жол» газетінде тілші, бөлім бастығы, редактордың орынбасары болып жеті жылға жуық қызмет атқарғанын айта келіп:

«Бас мақаладан бастап, хабарға дейін жаздым.Газет қызметкерінің шеберлігі хабар жазудан басталады деп ойлаймын. Жарты беттік хабардың өзін жанды суретпен, жарқын оймен, тосын түйінмен оқушы жұтып жіберетіндей етіп жұтындырып жазуға болады. Газет мақаласының үлкен-кішісі жоқ. Оның барлығын да құлай беріле, жан-тәнімен жазу қажет» – деп ой түйеді.

Сырбай Мәуленовтің қаламы төселген кезіне елдегі елеулі оқиғалардың бірі тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңі сәйкес келді. Арада өткен он шақты жыл ішінде Сырбай Мәуленов мақалаларының көркемдік сапасы  жақсара түскені бірден білінеді. Тың және тыңайған жерлерді игеруде маңызды аймақтардың бірі болған Қостанай өлкесінде жұмыс қызып жатқанда, Сырбай Мәуленов те небір очерктерді жазып үлгерді. Ол өз очерктерімен елді еңбекке шақырды.  

«Қостанай даласында – астық алқаптарында түндер бойы алтын оттар ойнайды. Бұл оттар – даланы жаңғырықтырып басына көтерген алып комбайндардың оттары.Олардығ жүрген іздеріне алтын таулар орнап жатыр. Қостанайдығ мол егінінің тағыдыры – комбайыншылардың қолдарында. Бітік егіннің иесі де солар. Егіннің ысырапсыз жиналуы, мемлекетке дер кезінде тапсырылуы комбайыншыларға байланысты.Сондықтан да бүкіл облыс болып комбайыншылардың қимылына құлақ түріп отыр». Егіншілердің еңбегі жайлы айтылатын мақаласы бұл ғана емес. «Тіршілік тірегі», «Ел ішінде», «Алтын таулар» сынды т.б мақалалары бар.

Сырбай Мәуленов «Большевиктік жол» газетінде тілші боп жүрген кезеңде үлкен ізденіс үстінде болғанын оның мақалаларына қарап-ақ аңғарамыз.Жалынды публицистің жазбаларынан өткірлік байқалады. Тілішілік қызметін «Ә!» деп бастағаннан-ақ тақырып таңдау талғамының биіктігін былай қойғанда, сол тақырыпты жан-жақты аша білген. Байқап қарасақ, облыстық газеттің қатардағы тілшісі болып жүріп-ақ «Опасыздық, арсыздық», «Сыбайластардың сыры», «Жаңбыршиннің жарлығы, Сәлменовтің салдығы» сияқты проблемалық тақырыптарды жаздуан тартынбаған. Ескере кетейік, публицист үшін мақала тақырыбы маңызды рөл ойнайды. Жақсы тақырып – жарты мақала.

«Тақырып таңдалынып алған соң, журналистің зердесіне өзінің ойлағанындай болып қалыптасуы, автордың өмір тәжірибесінің молдығына байланысты. Тақырыпты дұрыс таңдай білу – дәл кезеңінде қалың бұқараның назарын аударып, өмірдің өткір фактісі туралы әңгімелесе, белгілі бір проблеманы көтере білу деген сөз».

С.Мәуленов мақалаларының тақырыбы да, мазмұны да саналуан. Қоғамда болып жатқан өзгерістерді назарынан тыс қалдырмауға тырысқан қырағы журналист үшін жазатын тақырып үнемі табылатын сияқты. Алайда, ақпаратты халыққа жеткізудің өзі де үлкен шеберлікті талап етеді. 

С.Мәуленов публицистикалық шығармаларына төл тақырып қоюға шебер.Абай туралы жазған мақаласын «Абай асуы» деп атаса, ондай Абай асуының биіктігі, одан өзінен басқа ешкімнен аса бермейтіні көрініс табады. Мұхтар Әуезов жөніндегі мақаласына Абай сөзімен «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл» деген тақырып қойыпты. Жыр алыбы – Жамбыл Жабаев жайындағы портрет-очеркін «Жамбыл – тау аты» деп атауының өзінде үлкен мән бар. Ілияс Жансүгіров туралы зерттеу мақаласын «Қазақ өлеңінің құлагері»  деп атаса, Жамбыл тауының биік, Құлагердің жүйрік екенін білетін оқушы онда не айтылатынын болжайды.

С.Мәуленов жазған әрбір мақаласында мол ақпарат қамти білген. Сандарды сөйлетіп, нақты деректермен толықтырған. Кез келген ақпараттық мақаласын алып қарасаңыз барлығы да фактілермен байытылған. Ал ақпараттың дұрыстығы мен толыққанды болуы үшін фактілердің маңызды рөл ойнайтындығы айтпаса да түсінікті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға