Жаңалықтар

Сыр оқушылары жасаған ақылды құрылғылар

Тілсіз жаудың алдын алатын роботтар
Сыр оқушылары жасаған ақылды құрылғылар
Фото: Сурет автордікі 05.04.2017 11:29 12696

Робот немесе құлтемір. Осы сөздерді ести қалсақ, көз алдымызға шетел киноларындағы «темір адамдардың» бейнесі келеді. Өздігінен жүретін, сөйлейтін, берілген тапсырманы мүлтіксіз орындайтын құлтемірлердің бүгінде сан түрі шығарылып жатыр. «Ақылды» құрылғыларды құрастыруды Сыр елінің жастары да қолға алыпты. Жас дарындардың жұмыстарымен танысу үшін Қызылорда қаласындағы Оқушылар үйінің робототехника үйірмесіне барып қайтқан едік.

Робототехника үйірмесі 2015 жылы облыс басшысы Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың ұсынысымен ашылған. Оқушыларға робот жасауды осы саланың қыр-сырын зерттеп жүрген мамандар – Сағиев Раушанбек Әбілтайұлы және Ералиев Серікбол Мұратұлы үйретеді. Құрылғанына 2 жыл ғана болған үйірме аптаның алты күні бойы жұмыс істейді. Алғыр оқушылардан 6 топ құралған. Әр топта 15 оқушы бар.  Әрбір сабақ 2 сағаттан жүргізіледі. Бұл үйірмеге оқушылар 2-сыныптан бастап қабылданады.

Үйірме жұмысымен танысу кезінде бірнеше робот түрін байқадық. Arduino құрылғысы арқылы жасалған роботтар ауадағы қышқыл мөлшерін, таза ауаны, пропанды, жағымсыз иістерді анықтай алады екен. Мұндай робот арқылы апатты жайттардың алдын алуға болады. Тіпті, адамдар беттей алмайтын өрт кезінде осындай роботтардың көмегіне жүгінуге болады. Одан бөлек жылыжайларды адамның басқаруынсыз-ақ суаратын құрылғы да бар. Яғни, құралға орнатылған бағдарлама бойынша ол қажетті суды жұмсап, өз уақытында тоқтайды.

– Үйірме жұмысының басты мақсаты – жастарға бағдарламалау ісінің жеңіл жолдарын үйрету. Көпшілігіміз компьютерлік бағдарламалауды күрделі деп ойлаймыз. Ал робот құрастыру арқылы қиын деген істі оңай етуге болады. Мәселен, робот жасау кезінде балалар бағдарламамен де жұмыс істеп үйренеді. Өйткені, роботтар арнайы бір бағдарлама арқылы іске қосылады. Бүгінгі күні біздің үйірме LEGO деп аталатын құрылғылармен жұмыс істеп жатыр. Arduino (UNO, NANO, MO сериялары бойынша) құралдарымен де робот құрастыруды қолға алдық. Құрастырылуы күрделілеу болып келетін мұндай құрылғылар балалардың тереңірек ойлануына септігін тигізеді. Ал LEGO арқылы робот жасауды біздің оқушыларымыз жақсы меңгеріп алды. Олар үшін мұндай роботтарды құрастыру бүгінде ойыншық жасағанмен бірдей. Жаңа дүниелер құрастыру үшін ескі заттардың (көне теледидар, тоңазытқыш, жарамсыз болып қалған магнитофондар, т.б.) бөлшектерін іске асырамыз, - дейді Серікбол Мұратұлы.

Робототехника үйірмесінің оқушылары облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі байқауларда бақ сынап жүр. Мәселен, «Эрудит» интеллектуалды білім порталы мен «Ізденіс жолы» қоғамдық қоры  ұйымдастырған «Orda-Junior-2016» сайысында үйірме оқушысы Хамза Темірлан ерекше қабілетімен көзге түсіп, оның жұмысы байқауға қатысқан 300 жобаның ішінде І орынға  лайық деп танылды.  Астана қаласында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «KazRoboSport-2016», «KazRoboProject-2016» байқауларында да дарынды балалар білімдерін сынап қайтқан.

Үйірме ашылған күннен бері осында білім алатын қабілетті оқушылардың бірі Бейбарыс Раушанбек «болашақта қалаларды роботтар басқарады» дейді. Оның айтуынша, мұндай роботтардың мүмкіндігі шектеулі жандарға тигізер көмегі көп болады екен. Қазір ол LEGO құрылғылары арқылы жаңа робот жасап жатқан көрінеді. Бұған дейін 14 жастағы Бейбарыс «EXPO-2017» – балалар көзімен» атты байқауға қатысқан.

– Робототехника саласы бойынша полигон, сумо, кегельринг, сызық бойымен жарысу сияқты сайыстар өтеді. Уақыт бойынша жүргізілетін жобаларға қатысу жоспарымызда бар. Жарыстардың іріктеу кезеңдері Назарбаев зияткерлік мектептерінде, одан әрі ақтық сайыс Астана қаласында ұйымдастырылады. Былтырғы іріктеу кезеңінде қоқысты қайта өңдеп, өнім жасап шығару бойынша тапсырма берілген болатын. Үздік робот құрастырушылар шетелдерде өнер көрсетуге жолдама алады, - дейді Серікбол Ералиев.

Алдағы уақытта Қызылорда қаласындағы робототехника үйірмесі аймақтық байқау өткізуді жоспарлап отыр. Үйірме жетекшісі Раушанбек Әбілтайұлы бұл шараның дарынды балалар үшін маңызы зор екендігін айтады. Ол «Қазақстандық білім беру және спорттық робототехника «Қазроботикс» федерациясы» РҚБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі. Ізденімпаз ұстаздар қазақ тіліндегі әдістемелік кешендер шығаруды да қолға алған. 

– Өйткені, робототехника саласы бойынша ана тіліміздегі кітаптар жоқтың қасы, ғаламтор беттерінің де біздің тіліміздегі мәліметтерді ұсынуы екіталай. Сондықтан, робот құрастыруды тәжірибемен қатар, теориялық тұрғыда да қамтамасыз еткен жөн, - дейді Серікбол Мұратұлы.

Үйірме ұстаздары 2-3 ай сайын тәжірибе бөлісу мақсатында қалалық, аудандық мектептердің мұғалімдері арасында семинар өткізіп тұрады. Қаладағы педагогикалық колледж студенттері де өз қалауларымен үйірмеге келіп, құрылғылармен танысып жатады. Жетекші мамандардың өздері де Алматы, Астана қалаларына барып тәжірибе жинақтауды дағдыға айналдырған. Алдағы уақытта балалармен бірге адамға ұқсас робот жасауды көздеп отыр. Ал мұндай роботты жасап шығару үшін миллиондаған ақпарат, алгоритм, жоғары интеллект сынды дүниелер қажет.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға