El.kz/Арман МҰХАТОВ

Сингапурда ер адам 52 грамм есірткі үшін өлім жазасына кесілді

11.10.2025 01:36

Сингапурда 38 жастағы Малайзия азаматына шығарылған өлім жазасы орындалды. Елдің Есірткіге қарсы орталық бюросының хабарлауынша, Паннир Селвам Прантаман есімді ер адам елге 51,84 грамм есірткі әкелгені үшін айыпталып, ең ауыр жазаға тартылған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Тергеу деректеріне сәйкес, 2014 жылдың 3 қыркүйегінде Паннир мотоциклмен Сингапур мен Малайзия арасындағы Вудлендс бақылау-өткізу бекетінен өтіп бара жатқан кезде тоқтатылған. Тексеру барысында мотоциклдің артқы жолаушы орындығындағы багаж бөлімінен есірткіге ұқсас ұнтақ салынған бір пакет табылған. Кейін ер адамның пах аймағынан тағы үш пакет есірткі тәркіленген.

Сингапурдың Есірткіні теріс пайдалану туралы заңы (MDA) бойынша, егер елге әкелінген есірткі көлемі 15 грамнан асса, айыпталушы өлім жазасына кесіледі.

Есірткі бюросының мәліметінше, тәркіленген 51,84 грамм диаморфин (есірткінің таза түрі) — 620 нашақордың апталық есірткі қажеттілігін өтеуге жететін мөлшер.

Паннир Селвам Прантаман бірнеше рет апелляция беріп, жазасын жеңілдетуге тырысқан. Алайда оның президент атына жазған алты өтініші де қабылданбаған.

Елдің Есірткіге қарсы орталық бюросы өз мәлімдемесінде:

Сингапурда өлім жазасы тек ең ауыр қылмыстарға — есірткі тасымалы мен заңсыз айналымының аса ірі көлеміне қолданылады. Мұндай әрекеттер жеке адамдарға ғана емес, олардың отбасылары мен бүкіл қоғамға орасан зиян келтіреді, — деп атап өтті.