Жаңалықтар

Сингапур Қазақстанның ұлтаралық келісімді нығайту тәжірибесіне қызығушылық танытып отыр

Сингапур Қазақстанның ұлтаралық келісімді нығайту тәжірибесіне қызығушылық танытып отыр
28.10.2018 11:15 2497

Еліміздің этносаралық және дінаралық келісімді сақтап, оны әрі қарай нығайту тәжірибесіне Сингапур елі қызығушылық танытуда.

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрінің орынбасары Берік Арынмен Сингапурдың Қазақстандағы Елшісі Зулкифли бин Бахарудиннің кездесуіне айтылды.

Кездесу барысында екі ел арасындағы дін және этносаралық келісімнің, сондай-ақ азаматтық қоғамды дамытудың, жастар саясаты және басқа да салалардағы ынтымақтастықты орнату жолдары талқыланды.   

Сингапур дипломаты Зулкифли бин Бахарудин, көпұлтты елдің бейбіт және тұрақты дамуын қамтамасыз етіп отырған Қазақстанның ішкі саясатына жоғары баға берді. Оның айтуынша, Қазақстан мен Сингапурдың мемлекеттік модельдері өте ұқсас. Біздің ел оларда экономикалық дамуын үлгі ретінде пайдаланғысы келсе, Сингапур үшін біздің еліміздің алуан түрлі ұлттардың басын қосып, олардың татулығын, бірлігін қамтамасыз ете білу тәжірибесі аса қажет көрінеді.

Елші Қазақстанның тәжірибесін зерделеуге қызығушылық танытты және осы салада тұрақты тәжірибе алмасу және ақпарат алмасу мақсатында тығыз байланыс орнатуды ұсынды, соның ішінде Сингапурдың Қазақстандағы Құрметті консулдығы арқылы, екі жақты ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған қатынастары атап көрсетілген.

Айта кеткен жөн, қазіргі таңда Сингапур елінде бірнеше ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тұрып жатыр. Оларды шартты түрде үш топқа бөлуге болады: қытайлар, малайлықтар және үнділер. Әрбір топқа бірнеше ұлттардың өкілдерін жатқызады. Барлығын есепке алсақ, Сингапурді ресми түрде шамамен жиырма шақты ұлттардың өкілдері мекен еткен.

Алайда, бұл мемлекет өткен ғасырдың ортасына дейін Ұлыбританияның колониясы болғанын ескерсек, онда бүкіл әлемнен адамдар ағылды деуге негіз бар. Сингапурда кеңінен таралған діндер бірден бес конфессияны қамтиды: ел халқының 33%-дан астамы буддизмді ұстанады, христиан дінін ұстанушылар саны 18%-дан асып жығылады. Ислам сәл ғана артта қалған. Оны ұстанатындар 14 %-дан артық. Сингапур халқының 11 %-ға жуықы даосизм дініне берілген. Тағы 5%-ы индуизм дінін ұстанушылар. Демек, конфессияаралық келісім мәселесі бұл мемлекет үшін де өте өзекті. Бұл орайда Қазақстанның тәжірибесі бірегей.           

Республикамыздың осы бағыттағы табысты тәжірибесімен сингапурлық дипломатты еліміздің Қоғамдық даму министрінің орынбасары Берік Арын таныстырды. Ол сонымен қатар ведомство қызметінің негізгі бағыттарымен, атап айтқанда, түрлі этникалық топтар мен діндердің өкілдері арасындағы бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етудегі міндеттер туралы әңгімелеп берді.

Осыған байланысты вице-министр Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясын құру арқылы бірлік пен келісімнің бірегей моделін қалыптастыру жөніндегі бастамалары туралы, сондай-ақ жуырда Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі туралы  айтып берді. Бұл съездің де орны ерекше екенін естен шығармаған жөн. Биыл оның шақырылғанына 15 жыл толып отыр.

Өткізіліп келе жатқан жылдар ішінде Астана әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі барлық діндердің міндеті қазіргі заманда көбінесе ортақ екенін айқын көрсетіп берді. Бұл – рухани  бос қуысты және адамзаттың моральдық-адамгершілік құндылықтары дағдарысының қатерін еңсеру. Бұл – кез келген қоғамның еңбексүйгіштік, адалдық және әділеттілік құндылықтары іспеттес жасампаздық бастауларын нығайту қажеттілігі. Мұнымен қоса, діннің бітімгершілік күші кез келген қоғамдағы жанжал-қақтығыстардың, төзімсіздік пен радикализмнің алдын алуға мүмкіндік жасауда болып отыр.

Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын мен Сингапурдың Қазақстандағы Елшісі Зулкифли бин Бахарудин кездесуінің қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы мен Сингапурдың «Halal Quality» орталығымен арасында бекітілген Меморандум шеңберінде «халал» индустриясын дамыту, жастардың арасында волонтерлік қызметті дамыту және өзектендіру,  азаматтық қоғам институттарын тартуға жәрдемдесу, тұрақты даму мақсаттарын қамтамасыз ету, сондай-ақ діни экстремизм көріністерін болдырмау сияқты салаларда ынтымақтастық орнатуға мүдделілік танытты.

 

Асан ҚАЛИАХМЕТ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға