Жаңалықтар

Символистік жұмысымен халықаралық деңгейде танылған – мүсінші

Қазақстандық суретші және мүсінші Сембіғали Смағұловпен сұқбат
Символистік жұмысымен халықаралық деңгейде танылған – мүсінші
Фото: Жеке мұрағат 23.10.2022 17:58 4710

«Қазақ Елі» монументінің авторы, белгілі қазақстандық суретші және мүсінші Сембіғали Смағұлов «Үш арыс» мүсіндік композициясы үшін Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы 2022 жылғы мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.

Мүсінші 2013 жылы Қытай астанасы Бейжің қаласында өткен халықаралық суретшілер форумында «Күллі әлемдегі бейбітшіл суретші» құрметті атағын иеленді. Сембіғали Смағұловтың туындылары еліміздің жетекші мұражайларында сақтаулы. Біз мүсіншіден халықтың рухын, санасын көтеретін туындылары туралы сұрадық.

– Марапатыңыз құтты болсын, аға. Еңбегіңіздің еленіп жатқанына қуаныштымыз. Мемлекеттің мүсін өнеріне деген қамқорлығы жөнінде не айтасыз?

–­ Бір шетінен саясат та, қолдау да бар. Кешегі өмірден өткен қазақтың батырлары мен біртуар азаматтарына арналған ескерткіштер әр өңірде орнатылуда. Бұл біріншіден суретші мен мүсіншінің қаржылай материалдық жағдайының өзгеруіне үлкен әсер етеді. Бір жағынан кем тұстары да бар. Мүсін қоюда соған төселіп, бір сарынға түсіп кететін жайттар болады.

Балбал тастан ескерткіштер орнату түркі халықтарының соның ішінде, қазақ халқының еншісіне тән. Қарқынды түрде мүсін қою процесі бізден басқа түркі-тілдес елдерде жоқ. Тас, белгі қою сонау атам заманнан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан қанымызға сіңген өнер. Алайда, мүсін қоюда интеллекті білдіретін композициялық дүниелер азайып бара жатыр. Әр қалада шоқайтып-шоқайтып орната берсек, пантеонға ұқсап кетеді. Халықтың интеллектісін кеңістікте көрсететін қызықты мүсіндік туындылар керек. Қазір мұны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қолға алуда. 30 жыл осылай ескерткіш қоюмен айналыстық. Енді сюжеттік, күрделі туындыларға бет бұруымыз қажет. Мұндай бағытта жұмыс жасайтын мүсіншілер көп. Олардың да өнері халыққа паш етілсе деген ниеттемін.

–­ Суретші болуыңызға ерекше бір жағдай әсер еткен сияқты?  

–­ Мұндай өнер қаннан келген қасиет. Яғни, генетикалық құбылыстың да әсер еткені бар. Одан кейін табиғатта өсуім де септігін тигізді. Малшының баласы болғандықтан, кішкентайымнан қоршаған ортамен тығыз байланыста болдым. Ат үстінде мал жая жүріп, қолыма кітап алып, ақын-жазушылардың шығармаларын оқитынмын. Осы өнерге құлшынысымның артқан бір себебі де осы шығар. Немере әпкем суретшілердің үйіне тұрмысқа шықты. Сол кісілердің де ықпалы болды.

– Өзіңізді символистер қатарына жатқызасыз ба?

– Иә, кейбір суретшілер белгілі үрдісте жұмыс істейді. Яғни, пейзаж, адам портреттерін табиғат тұрғысынан еліктеп салады. Енді бірі табиғатқа өз көзқарасын, идеясын ұсынатын композиторлық дарыны барлар. Олар жоқ дүниені ұсынып, айналаға өз әлемін көрсетеді. Өзімді символистер қатарына жатқызамын. Символистік жұмысыммен халықаралық жоғары деңгейде рейтингтен көріндім.

Табиғатқа еліктеушілік сияқты мұндай үрдістердегі жұмыстармен биік рейтингке іліну мүмкін емес.

– Халықтың рухын, санасын көтеретін туындыларыңыз туралы айта кетсеңіз?

 – Халықтың рухын көтеретін туындым – «Қазақ Елі» монументі. Қанатын таранып, сыланған самұрық халқымыздың ертеңіне әсер етіп қоймай, ел болатынымызды көрсетеді. Алтын жұмыртқаны бейнелегенім «алып анадан туады» демекші, біздің рухани потенциалымызды бейнелейді. Монумент деген сөздің өзі халықтың рухын көтереді. Халықтың ертеңіне жұмыс жасап, қаланың сәнін келтіріп, тәуелсіздігіміздің бренді болып тұрған туынды. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі шараларда егемендігіміздің белгісі саналатын халық мойындаған еңбек. Күн өткен сайын дәрежесі мен құны арта түспек.

– Ұлттық идеология қандай жағдайда салтанат құрады?

– Әдебиет те, кино да әр салада индивидтер болады. Халық олардың деңгейі мен интеллектуалдық жаңалықтарын қабылдаған кезде олардың өнерін мойындай алады. Яғни, жазған кітаптар мен суретшілердің бояуы кеппей жатып туындыларына деген қызығушылық көбейіп, рухани сұраныс артқан жағдайда ұлттық идеология белең алады.

– Мәдени бағыттағы істелініп жатқан жұмыстарға көңіліңіз тола ма?

– Қазіргі мәдениет саласындағы министрдің аяқ алысы өте жақсы. Кеше ғана дастархандас болып, мемлекеттік сыйлық алған өнер адамдарымен кездесу болды. Біраз мәселелер талқыланды. Халықтың руханиятын ашатын бағдарламалар құрылып, ұлттық сыйлықтар тағайындалуда. Жаңа Қазақстаннан көп дүние күтеміз. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің іс-шаралары көңілден шығады.

– Тұщымды ойыңызды ортаға салғаныңыз үшін рақмет! Көзді қуантар туындыларыңыз көбейе берсін!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға