Жаңалықтар

СІМ орынбасары Чехия, Словакия мен Аустрияғa барады

Бұл туралы ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров айтты
СІМ орынбасары Чехия, Словакия мен Аустрияғa барады
Фото: 24.kz 03.10.2022 16:58 913

Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Чехия, Словакия мен Аустрияға жұмыс сапарымен барады. Бұл туралы ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды El.kz

«Осы жылдың 2-6 қазаны аралығында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Чехия, Словакия және Аустрияға жұмыс сапарымен барады. Прага қаласына өтетін сапар аясында Сыртқы істер министрінің орынбасары «Қазақстанның әлеуметтік реформалары және Шығыс Еуропа елдерінің тәжірибесі» атты халықаралық конференцияға қатысады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Чех Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігі арасында Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою мақсатында Чехияның Қоршаған ортаны қорғау Вице-министрі Томаш Тесаржбен кездесу өткізеді», - деді ол министрлікте өткен апталық брифинг барысында. 

Оның дерегінше, Роман Василенко Братислава қаласында Словак Республикасының қоғамдық-саяси топтарының өкілдерімен «Заманауи Қазақстан: Реформалар және даму перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел және Словакияның Сыртқы және еуропалық істер министрлігінің басшылығымен кездесу өткізеді.

«Вена қаласында қазақстандық дипломаттың Қазақстан-Аустрия үкіметаралық комиссиясының тең төрағасымен, сондай-ақ Федералдық Президенттің Халықаралық істер жөніндегі кеңесшісі Герда Фогль мен Еуропалық және халықаралық істер федералдық министрлігінің басшылығымен кездесулері көзделіп отыр», - деді Айбек Смадияров.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға